Биылдан бастап салық заңнамасының бұзылуы жөніндегі қылмыстық жауапкершіліктің қолданылу шегі мен айыппұл мөлшері өсіп, 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін артты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауында жария еткен бұл бастамасын бұлжытпай орындау және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жол бермеу мәселесіне облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент көп көңіл бөледі.
Жуырда Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Жібек Күлікова мекеме қызметкерлерімен кездесіп, мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасыларының мүліктері мен табыстары жөніндегі декларацияны ұсыну тәртібіне қатысты семинар өткізді. Ол мемлекеттің мүлік пен табысты декларациялау жүйесіне кезең-кезеңмен көшу саясаты 2020 жылдан бастап қолданысқа енетінін және барлық жеке тұлғаларға, тіпті, студенттер мен зейнеткерлерге де тиесілі болатынын айтты. Елімізде бұл жүйеге көшуге даярлық бұрыннан бері жүргізілуде.
Жазира ҚҰРМАНОВА, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің аға инспекторы, азаматтық қорғау майоры.