Жылдың басында қабылданған “Экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңы қолданысқа енген алғашқы күннен-ақ қоғам талқылауына түсті. Осы орайда еліміз бойынша құзырлы органдар жаңа заңның көп талқыланған талаптарын жан-жақты түсіндіру жұмыстарын белсене жүргізуде.
Қазақстан Республикасы “Халықтың көші-қоны туралы” Заңының 51-бабына сәйкес азаматтар тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелуге міндетті. Ел азаматтары тұрғылықты мекенжайы және уақытша тұратын жері бойынша тіркеліп, иесі бар тұрғын жайларда жеке басын куәландыратын құжаты жоқ және тіркелмеген Қазақстан Республикасы азаматтарының тұруына рұқсат бермей, мемлекет ішінде тіркелу ережесін сақтауға міндетті. Бұрынғы заңнамада азаматтың уақытша тұруға келген жері бойынша тіркелуі міндетті емес болатын.
Тұрғылықты мекенжайы болып табылмайтын тұрғын жайға 10 күннен астам мерзімге уақытша тұруға келген тұлға сол жердегі елді мекенге тіркеуге тұруға міндетті. Уақытша тіркелгеннен кейін ол жерде тұру мерзіміне шектеу қою қарастырылмаған.
Бір айдан астам мерзімге уақытша тұруға, қонаққа, іссапармен, жұмыс барысымен, оқуға, тәжірибеден өтуге, емделуге келген тұлға бұрынғы тұрған жерінде тіркеуден шығарылмай-ақ уақытша келген жері бойынша бір жылға дейін тіркеуге тұра алады.
Қызметтік міндеттерін орындау тұрақты тұратын жерінен тыс (растайтын құжат болған жағдайда) ұзақ тұрумен (бір жылдан астам) байланысты адамдар бұрынғы тіркелген жерінен шығарылмай міндеттерін орындау үшін қажетті бүкіл мерзімге есепке алынады.
Уақытша тұрғындарға бір айға дейін тұрып жатқан мекенжайы бойынша тіркелу міндетті емес. “Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңға сәйкес бұл тұрғындар үй иесі ақысыз тұруға рұқсат берген азаматтар, яғни оларға туыстары мен келген қонақтар жатады.
Бүгіндері Қазақстан Республикасының азаматтары облыстың халыққа қызмет көрсету орталықтарында тұрғылықты жері бойынша тіркеуге (тұрақты және уақытша) тұра алады. Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеуге үй иесінің келісімі және оның жеке куәлігі, тіркелушінің жеке куәлігі, тіркелу үшін 226,9 теңге баж салығын төленгені туралы түбіртек қажет.
Егер үй иесі Қазақстанның басқа қаласында (шетелде) болса немесе белгілі жағдайларға байланысты (сырқаттану, жұмыс және т.б) тіркеуге келе алмаса, бұл мәселені уәкілетінде қарастырылған әрекеттерді жүзеге асыру үшін сенімді тұлғаға нотариалды тұрғыда куәландырылған сенімхатты ресімдеу арқылы шешуге болады.
Петропавл қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығында тіркеу рәсімін жылдамдату мақсатында қосымша төрт жұмыс орны ашылды. Азаматтарды тіркеу 10 минуттың ішінде жүзеге асырылады.
Халыққа қызмет көрсету орталықтары түскі үзіліссіз таңғы сағат 8-ден кешкі сағат 20-ға дейін жұмыс істейді. Аталған заң қолданысқа енген күндер ішінде облыстың халыққа қызмет көрсету орталықтарына 4199 адам келіп, тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген. Ал Петропавл қаласы бойынша тіркеуге тұрғандардың саны – 2931.
Тіркеу ережесін бұзғандарды әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған. Тұрғылықты мекенжайында бір айдан астам уақыт тіркеусіз тұрғандарға (ҚР ӘК-нің 492-бабы бойынша) айыппұл салынады. Бүгінгі таңда айыппұлдың көлемі – 7 АЕК (15883 теңге). Заңды екінші мәрте бұзса – 10 АЕК (22690 теңге) көлемінде айыппұл салу қарастырылған.
Сонымен қатар, үй иелеріне қатысты айыппұл көлемі де ұлғайды. Яғни, оларда тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуге қойғандар 10 АЕК (22690 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Егер бұл қайталанатын болса 20 АЕК (45380 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 493-бабы бойынша жалға берушілерге қатысты жауапкершілік белгіленген. Яғни, жалға беруші жалға берілген баспанада тұрып жатқан азаматтарды тұрғылықты мекенжайы бойынша (уақытша және тұрақты) тіркеуге қоюға міндетті.
Еркетай ТҰТҚЫШЕВ,
облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының бастығы.