«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

 

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Петропавл қаласы мен Бескөл ауылындағы бірнеше әлеуметтік нысан мен агроқұрылымның жұмысымен танысты. Өңір басшысы ең алдымен “Загот Интер” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бордақылау алаңында болды.

Қызылжар ауданының орталығында орналасқан серіктестіктің директоры Шуми Исаков кәсібін осыдан 7 жыл бұрын мал мен құс еттерін сатып алып, бөлшектеп, нарыққа шығарудан бастағанын айтты. Уақыт өте келе ісі өрге басқан серіктестік қызметін одан әрі кеңейту мақсатында “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банк арқылы мал сою алаңын құруға демеуқаржы алған. Барлық қаражат толық игеріліп, кешен өз жұмысын 2016 жылы бастаған. 10 адам еңбек ететін кәсіпорынның бордақылау алаңында айына 360 бас мал сойылады.

Өңір басшысы мал соятын цехтың жұмысымен танысты. Кәсіпкер 1 млн. АҚШ доллары көлемінде несие алып, Германиядан өндірістік қуаттылығы 160 тонналық “Bitzer” маркалы тоңазытқыш пен басқа да техника сатып алып, орнатқан. Шуми Рамбоевич өңір басшысына жыл соңына қарай шұжықтар және жартылай дайындалған ет өнімдерін шығаратын цехты пайдалануға беруді жоспарлап отырғанын жеткізді. Бүгінде ғимаратты жөндеу жұмыстары қолға алынып, қажетті құрал-жабдықтар жеткізу үшін келісім жүргізілуде.

Содан кейін Ерік Сұлтанов “Қызылжар су” серіктестігінде болып, сорғы стансаларын жаңғырту бағытында атқарылған жұмыстардың барысымен танысты. Соңғы жылдары өңірімізде тозығы жеткен құбырларды қайта жаңарту, сол сияқты, жаңа нысандар құрылысын жүргізу жұмыстары жүзеге асырылуда. Қала тұрғындарын тiршiлiк көзiмен қамтушы серіктестіктің бас инженері Сергей Визеров кәсіпорында жүргізілген іс-шаралар өткен жылы оң нәтижесін бергенін атап өтті. Бүгінде кәсіпорынның барлық су құбыры желісінің ұзындығы 313,4 шақырымды құраса, оның ішінде 104 шақырымы – магистралды құбырлар, 144,3 шақырымы – тарату желісі және 65,1 шақырымы – ішкі аулалық желілер.

Маманның айтуынша, бүгiнде қаладағы кәрiздiк желiлердің 70 пайыздан астамы тозған. Осыған орай, өткен жылы “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Еуропа қайта құру және даму банкінен алған 2,2 млрд. теңге несие қаржысын және “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджеттен қосымша бөлінген 1,65 млрд. теңгені облыс орталығының су құбырларын салу мен тозығы жеткен құбырларды қайта жаңғыртуға бағыттаған. Нәтижесінде қаланың 30 шақырым сумен жабдықтау және 10 шақырым су бұру желілерін салу және қайта жаңғырту көзделген. Мекеме мамандары №1 және №2 сорғы станциялары мен Петропавл қаласындағы 6 кәрiз станциясын жаңартты. Жаңғырту жұмыстары сәттi iске асқан жағдайда 2018 жылға дейін сумен жабдықтау желілерінің тозығы жеткен бөлігі – 62 пайызға, су бұру желілері 50 пайызға дейін төмендейтін болады.

Облыс әкімі арнайы барған “Петропавл жылу желілері” ЖШС-нің мамандары да облыс орталығының жылу жүйелерін жаңғырту жұмыстарын қолға алған. Бұл жұмыстарды жүргізуге бағытталған 9,3 млрд. теңгенің тең жартысы Еуропа қайта құру және даму банкінен болса, қалғаны – республикалық бюджет есебінен бөлінген қаржы. Алдағы бес жылдың ішінде шаһардың 24,6 шақырым жылу құбырлары жаңғыртылып, жылу есептегіш құралдары, блоктық жылу қосындары орнатылатын болады. Үстіміздегі жылы 3,2 шақырым жылу магистралін жаңғырту жұмысына 1,5 млрд. теңге бағытталды.

Жүргізіліп жатқан жұмыстардың жай-жапсарын кәсіпорынның бас инженері Алексей Захарян таныстырып өтті. Қазіргі уақытта №6 жылу торабында 150 метрлік жылу құбырын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. №2 сорғы стансасынан 1-ші және 10-шы жылу камераларына дейін созылатын №1 жылу торабының бұрынғы құбырлары диаметрі бір метрлік жаңа қаптамалы құбырларға ауыстырылды. Сондай-ақ, №5 және №2 жылу тораптарында жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp