Елбасының тапсырмасына сәйкес облысымызда коммуналдық тарифтер бағасының негiзсiз өсуiне жол бермеу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Тарифтердің төмендеуі тұтынушыларға жылына 700 млн. теңге үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл туралы “СевКазЭнерго” АҚ-нда жүзеге асырылып жатқан жаңғырту жұмыстарының барысымен танысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов айтты.
Өңір басшысы алдымен қала шетінде орналасқан №2 жылу-электр орталығына ат басын тіреді. Өндіріс ошағының директоры Виктор Барминның айтуынша, кəсіпорында 12 қазандық, 7 турбоагрегат және 7 трансформатор бар. Олардың ақаусыз жұмыс істеуіне 5 машинист жауапты. Мұндағы мамандардың жұмысы 80 пайызға автоматтандырылған. Серіктестікте 2009-2016 жылдар аралығында “Тарифті инвестицияға алмастыру” мемлекеттік бағдарламасы аясында ауқымды жұмыс атқарылған.
– Бұл жылдары кәсіпорындағы жаңғырту жұмыстарына 45,3 млрд. теңгенің қаражаты жұмсалды. Оның 30 пайызы өз қаржымыз болса, қалғаны Еуропалық қайта құру және даму банкінің займы. “Нұрлы жол” инфрақұрылымдық даму бағдарламасы бойынша Ұлттық экономика министрлігінен бюджеттік демеуқаржы алынды.
Бұл қаржы орталықтағы қазандықтар мен турбоагрегаттарды ауыстыруға жұмсалуда. Бүгінгі күні орталықтың электр өндіру қуаттылығы 380 МВт-тан 541-ге дейін артты. Ал жылу қуаттылығы 304 Гкал-дан 713 Гкал-ға жетті. Бұл өз кезегінде 103 мың тонна көмірді үнемдеуге мүмкіндік берді, – деді Виктор Бармин.
Кәсіпорын 2016 жылмен салыстырғанда негізгі қорлардың ескіруін 62,5 пайыздан 59,7 пайызға дейін қысқартуға қол жеткізді.
– Жүргізілген жаңғырту жұмыстары облысымызды толыққанды жылу және электр энергиясымен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Нәтижесінде халықтың қалтасына салмақ түсірген коммуналдық төлемдердің бағасын төмендетеді. Атап айтқанда, электр энергиясының бағасы 9,3 пайызға арзандады. Судың бағасы – 9 пайызға, кәріз – 3, ал газ 1,6 пайызға төмендетілді. Сондай-ақ, лифт, пәтер иелері кооперативі және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметтерінің құны 5 пайызға кеміді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасуы қажет, – деді Құмар Іргебайұлы.
Бұдан соң өңір басшысы “СевКазЭнергосбыт” серіктестігінде болды. Мұнда да бірталай жаңашылдықтар орын алған. Бұл жөнінде бас директордың міндетін атқарушы Мағауия Сағындықов баяндады.
Мекеме облыс бойынша 150 мыңнан астам жеке, алты мыңнан астам заңды тұлғаға қызмет көрсетеді. Облыс орталығындағы бас кеңсесін күрделі жөндеуден өткізіп, қызмет көрсету құрал-жабдықтарын заманауи техникалармен жаңартқан мекеме тұтынушылардың төлемдерін қабылдау және өтініштерін қарау бойынша жұмыстарды жеңілдеткен. Екінші қабатта орналасқан “Байланыс орталығы” кеңсесінің мамандары монополиялық субъектінің көрсететін қызметтеріне қатысты тұтынушы көкейіндегі барлық сауалдарға жауап береді. Жыл басынан 15 мыңнан астам адам орталыққа қоңырау шалған.
Сондай-ақ, тұтынушылар “СевКазЭнерго” АҚ-ның ресми сайтындағы “Жеке кабинет” арқылы да қажетті ақпаратты алып, уақытын үнемдеуде. Қызмет тұтынушының жеке шотындағы берешекпен танысуға, төлемді және есептегіш құралдарының көрсеткіштерін бақылауға мүмкіндік береді.
Құмар Ақсақалов электронды түрде төлем жасау үрдісін дамыту қажеттігін ескертті.
– Ақпараттық технология дамыған заманда тұтынушылардың 45 пайызы әлі күнге дейін орталық арқылы есеп айырысады. Мұның салдарынан ұзын-сонар кезек орын алады. Алдағы уақытта электронды қызмет түріне жүгінушілер қатарын арттыруға назар аударған жөн. Жуырда коммуналдық төлемдерді онлайн төлеуге мүмкіндік беретін мобильді қосымша іске қосылады. Ендігі мақсат – көрсетілетін қызметтердің сапасын түсірмеу. Атқарылған жөндеу жұмыстарының арқасында “Береке” шағынауданында, Жұмысшы кенті мен темір жол вокзалы ауданында жылу беру жақсарды, – деді Құмар Іргебайұлы.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltustik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.