Ислам діні адамзат баласын екі дүниеде де бақытқа жеткізетін тура жолды белгілеп қойған. Ақ пен қара, дұрыс пен бұрыс, халал мен харамды ажыратып көрсетті. Халал дегеніміз Алланың рұқсат еткендері, ал харам – тыйым салынғандар. Бір нәрсені халал, не харам қылу Алланың шариғатымен яғни заңымен нақтыланады. Әлдебіреу өз қалауымен тура жолдан тайып, Алла тағаланың халал қылғанын харам десе немесе керісінше істесе, ол адам Жаратқанға серік қосқанмен бірдей күнәға батады.
Халал тек қана ішіп жеуді ғана емес, өміріміздің барлық саласын қамтиды. Алла таза, пәк, пайдалы, хош нәрселерді халал қылған. Керсінше, адамға зиянды, жиіркенішті, лас нәрселерді харам еткен. Адам баласы жаратқанның рұқсат еткен халал жолымен жүрсе, өзінің дінін, денсаулығын, арын, намысын, малын сақтайды. Құрандағы Маида сүресінің 4 аятында: “Олар сенен ненің халал екенін сұрайды. Оларға “сендерге таза әрі денсаулыққа зиянсыз азық атаулының бәрі адал етілді” және Ароф сүресінің 157 аятында: “Оларға таза һәм пайдалы нәрселерді адал етіп, лас һәм зиянды нәрселерді харам қылады” делінген. Ал пайғамбарымыз Мұхаммед: “Халал дегеніміз – Алланың Құранда адал еткені, ал харам – Алланың Құранда харам еткені. Алла тағала бірқатар нәрселерді харам етті, олардан сақ болыңдар. Алла белгілеген шектен шықпаңдар”, – деген. Алланың елшісі де адал мен харамның шекараларын белгілеуде Құраннан аттамай, харам мен халалдың ара жігін ажыратуда Алладан басқа ешкім асып кете алмайтынын білдіруде.
Адам адал ас жесе, адал кисе Алла тағалаға жақын болады. Имам Ғаззали: “Біз тек адал ас қана жейтінбіз. Сол себепті жүрегіміз тек туралықты қалап тұрады, жанымыз жайлы күйде болады, сонымен қатар періштелер әлемінен хабардар болып, ақирет әлемін көре білеміз”, – деген. Ал харам жеген Алланың құлының дұғасы қабыл болмайтынын пайғамбарымыз былай жеткізген: “Ұзақ жолдан шаршаған, шашы ұйпа-тұйпа, үсті басы шаң, топырақ кісі қолын көкке көтеріп: “Уа, Раббым! Уа, Раббым! деген жолаушының жағдайын былай түсіндіреді: “Бұл жолаушының жегені харам, ішкені харам, кигені харам және хараммен қоректенген. Мұндай адамның дұғасы қалай қабыл болсын”. Демек, бұл харамға жақын адамның тілегі қабыл болмайтынын білдіреді.
Ибн Масғудтан жеткізілген хадисте пайғамбарымыз: “Кімде-кім бір кесек харам ас жесе, Алла тағала оның қырық түнгі намазын, қырық таңғы дұғасын қабыл етпейді. Харам аспен қоректенген әрбір ағзаға ең лайықты орын – тозақ болмақ. Расында, бір кесек харам ас денедегі етті ұлғайтады”, – деп харамнан сақтануды қатаң ескертіп тұр. Алла тағала өзінің елшілеріне нені жеуге бұйырса, пенделеріне де соны бұйырған. Муминун сүресінің 51 аятында: “Уа, пайғамбарлар қауымы! Адал, таза һәм пайдалы ас-судан жеп-ішіңдер, әркез игі істер істеңдер”, – деген. Бақара сүресінің 172 аятында: “Уа, иман келтіргендер! Өздеріңе ризық етіп бергеніміздің жақсы, таза һәм денсаулыққа пайдалы болғанынан жеңдер”, – дейді. Сол себепті кейбір халал мен харамға байланысты мәселе Құранда келмесе, пайғамбарымыз Мұхаммедтің хадистеріне қараймыз. Мысалға жылқы еті адал, ал үй есегінің еті харам екенін хадистерден білеміз. Жабир ибн Абдолладан жеткен хадисте: “Нәби Хайбар күні есек етін жеуге тыйым салды, ал жылқы етін жеуге рұқсат етті”.
Қазіргі заманда харамнан сақтану қиын. Дұрыс өңделген халал өнімдерді табу оңай емес. Бухариден келген хадисте пайғамбарымыз: “Сондай бір заман келеді, адамдар алған нәрсесінің халал не харам екендігіне мән бермейді”, – деген. Адам атамыздың ең әуелгі жасаған күнәсі осы харамға баруы емес пе? Құранда Бақара сүресінің 35 аятында: “Бұл ағашқа жақындамаңдар! Залымдардан боласыңдар”, – деген аятта харамды пайдану былай тұрсын, оған жақындаудың өзі үлкен күнә екенін білдіруде. Адам атамыздың жаннаттан шығуына себепші болған нәрсе, харам жеуінен еді. Саһл ибн ат Тустари: “Кімде-кім харам ас жейтін болса, оның ағзалары да құдайға қарсы әрекет жасайтын болады. Ол қаласа да, қаламаса да осылай болады. Мұны өзі білмеуі де, білуі де мүмкін”, – деген.
Маида сүресінің 3 аятында: “Сендерге арам өлген мал, доңыз еті және Алладан басқаның атына сойылған малдың еті харам қылынды. Сондай-ақ жаны шықпай жатып (шариғатқа сай) бауыздап үлгергенді қоспағанда, буынып, соққы жеп, биіктен құлап, сүзіліп немесе жыртқыш аңға таланып өлген малдың еті һәм пұттардың алдында сойылған және жебемен (яки басқа нәрселермен) бал ашып немесе құмар ойындарын ойнап тапқан малдың еті (мен басқа да азық түрлері) харам қылынды. Міне, осыларды жеу Аллаға бағынбауды білдіреді”, – деген. Пұттарға арнап сойылған мал харам болған сияқты, әулие-ән-биелердің атына сойылған малдың еті де харам. Али ибн Әби Тәліп Алла елшісі былай деп айтқанын жеткізеді: “Алладан өзгенің атына мал сойған адамға Алла лағынет етсін”, – деген. Үлкен жиын алдында өзгенің атын ұлықтамай, Алланың аты айтылып сойылса, онда оның еті харам болмайды.
Малды сояда “Бисмилләні” айтпаса, онда ол мал да харам қатарына кіріп кетеді. Фиқһ кітаптарында ұмытып айтпаса, онда ол мал халал болады деген. Кейбір адамдар: “Сенде жазық жоқ, бізде азық жоқ” деп бисмилләні айтпай сойса, сойған мал, құс халал болмайды. Малды сойып жатқан адам пышақты тартқанда “Бисмилләһи Аллаһу акбар” не “Бисмилләһи” десе малы адал болып есептеледі. Қарап тұрсақ харам қылған нәрселер аз, керсінше, халал нәрселер көп. Мысалға арақ-шарап харам болса, қымыз, айран, шұбат, сүт, су, шәй, харам араласпаған әртүрлі сусындар жетерлік емес пе!? Доңыз, есек еті харам болса, қой, жылқы, түйе, қара мал, қаз, тауық, үйрек сияқты халал мал мен құс еті өте көп. Жүрегінде Құдайы бар әрбір адам халал ризық іздеуі қажет.
Абылай ҚҰРМАШҰЛЫ,
“Мухсин” мешітінің бас имамы.