«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕРДІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ МАҢЫЗДЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған әрбір Жолдауы еліміз үшін маңызды мәселелерді тереңнен қозғап, республикамыздың бүгінгі тыныс-тіршілігін ғана емес, ертеңгі жарқын болашағын қалыптастыруға қажетті бағыттарды айқындайтын стратегиялық құжат. Елбасының “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауында да мемлекетті дамытудың басты бағдарлары көрсетілген.

Жер – мемлекеттің баға жетпес байлығы, атадан балаға мұра болып келе жатқан асыл қазына. Сондықтан Жер-Ананың қадірін ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Оны пайдаланған кезде белгіленген талаптардың орындалуы шарт. Жердің тиімді пайдаланылуын қадағалайтын мемлекеттік ведомстволар бар. Соның бірі – жер қатынастары мекемесі. Жерге қатысты мемлекеттің ұстанған стратегиясы жер ресурстары әлеуетін пайдаланудың барынша тиімділігін қамтамасыз ету болып табылады. Жер учаскелерін тиімді пайдалану дегенде біз зиянды жәндіктерге қарсы қорғауға бағытталған іс-шараларды жүргізуді, сондай-ақ, жердi құнарсызданудан, су және жел эрозиясынан, су басудан, батпақтанудан, қайталап сортаңданудан, құрғап кетуден, тапталудан, өндiрiс пен тұтыну қалдықтарымен, химиялық, биологиялық, радиоактивтi және басқа да зиянды заттармен ластанудан, өзге де бүлiну үдерістерінен қорғауды естен шығармауымыз керек. Ауыл шаруашылығы жерiн карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк ауруларын жұқтырудан, арамшөп, бұта мен шiлiк басып кетуден, жердiң жай-күйi нашарлауының өзге де түрлерiнен қорғауға, жердiң басқа да пайдалы қасиеттерiн қалпына келтiру мен оны шаруашылық айналымына уақтылы тарту да – жерді пайдаланушыларға жүктелетін міндет.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану ерекше қадағаланады. Уәлиханов ауданының жалпы жер аумағы 1,2 миллион гектарды құраса, сондағы ауыл шаруашылығы алқабы – 1,1 миллион гектар, егістік – 319, 4 мың гектар, жайылым – 737, 9 мың гектар.

Ауданда жермен жұмыс істейтін 150 шаруа қожалығы мен фермер бар. Олар өз иелігіндегі 146 965 гектар жердің ырысын көріп отыр. Ондағы 59 394 гектар жер егіншілік үшін пайдаланылса, 84 536 гектарға мал жайылады. Сондай-ақ, ірі шаруашылықтар да жерден табысын тауып отыр. Ауданда ондай 29 агроқұрылым бар. Олар иеленетін жердің жалпы аумағы 537 315 гектарды құрайды. Осы жерлердің мақсатты пайдаланылуы, жердің тозып кетуіне жол берілмеуін қадағалайтын ведомстволық мекемелер бар.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 14-1-бабында көрсетілгендей, уәкілетті органдардың пайдаланылмай және заңсыз пайдаланылып жатқан жерді анықтауға құзыры бар. Осы орайда “Уәлиханов ауданының жер қатынастары бөлімі” мемлекеттік мекемесі тексеріс жұмыстары кезінде облыстық жер инспекциясының басқармасына 15 өтініш жіберіп, тексеру барысында 13 шаруа қожалығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Уәлиханов аудандық мәслихаты ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер қолданыстағы заңнамаларға сәйкес пайдаланылмаған жағдайда жер салығының және бірыңғай жер салығының базалық ставкаларын он есеге ұлғайту туралы шешім шығарды.

Биылғы жылы жер пайдаланушыларға қатысты тексерістер жүргізген кезде уәкілетті органға тоғыз өтініш жіберілді, жеті шаруашылық заңға қайшы әрекеттері үшін әкімшілік жауапқа тартылса, үшеуіне тексеріс нәтижелері бойынша ұйғарым берілді, материалдар Уәлиханов ауданының мемлекеттік кірістер басқармасына жолданды.

Өткен жылы жер учаскелерін жалға алу шарттары өзгерді. Сол талаптарға сай қадағалау жұмыстарын жүргізген кезде 115 889 гектар жердің жалға алу төлемдері уақтылы төленбеген. Тексеру барысында үш жерді пайдаланушымен шарт бұзылды. Ал 2016 жылы жер пайдалану заңнамасы бұзылған жалпы көлемі 325 785 гектар жер учаскесін жалға беру шарты тоқтатылды.

Аудан әкімдігі Қазақстан Республикасының Жер кодексіне енгізілген түзетулерді, сондай-ақ, “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының маңызы мен мазмұнын терең түсіндіру мақсатын көздейтін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының белгіленген жоспары бар. Жер қатынастары бөлімі аудан тұрғындарымен кездесулер өткізеді. Осы тақырып бойынша аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында, аудан әкімдігінің және жер қатынастары бөлімінің сайттарында ақпараттар орналастырылады. Аудандағы агроқұрылым басшыларының қатысуымен кеңестер ұйымдастырылып, аудан әкімі ауылдық округтерге жұмыс сапарымен барған кезде маңызды мәселені күн тәртібінен түсірмейді. Бұл жер ресурстарын тиімді пайдалануға деген жауапкершілікті арттыра түседі.

Абай ИБРАИМОВ,

Уәлиханов аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp