«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕРЛЕСТЕРІНЕ СЫЙЛЫ ЖАН

Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылында жаңадан пайдалануға берілген фельдшерлік-акушерлік пункттің аға дәрігері Нұржан Партизан – жерлестері арасында сыйлы жан.

– Мен 2010 жылы ата-бабамның қаны тамған тарихи Отаныма көшіп келіп едім. Бұған дейін отбасыммен бірге Моңғолияда тұрдым. Көшіп келер алдында “Қазақстанға барғаннан кейін жағдайым қалай болар екен, бұл жақта да абыройсыз емеспін, үй-жайым, туысқандарым, дос-жарандарым бар, ол жақта мені кім таниды, деген ойдың маза бермегені рас. Бірақ туған жерге деген сағыныш ештеңеге қаратпады, – деп бастады ол әңгімесін.

– Мемлекетіміздің “Нұрлы көш” бағдарламасын жүзеге асыру аясында салынған Бәйтерек ауылына көшіп келгеннен кейін ол ойдың аз уақыттың ішінде санадан шығып кеткенін де байқамай қалдым. Бірден жұмысқа орналастық. Мектеп жасындағы балаларым осында жаңа достарын тапты. Ал өзім ауылдастарыммен бірден тіл табысып, бауыр, ағайындай болып кеттім.

Орта мектепті бітіргеннен кейін бойжеткен Моңғолияның астанасы Улан-Батордағы мемлекеттік медициналық академиясына оқуға түсіп, арманына қол жеткізіпті. Қолына дипломын алған соң жас маман жергілікті денсаулық сақтау мекемесіне жұмысқа қабылданып, үш жыл табысты еңбек еткен. Ал елімізге қоныс аударғаннан кейін ақхалатты абзал жан Бәйтерек ауылындағы медициналық пунктте бес жыл жұмыс істеп, әріптестерімен бірге көрші маңайдағы жеті ауылдың үш мыңға жуық тұрғынына қажетті ем-дом шараларын жүргізіп келген екен.

Басшылық тарапынан еңбегі жоғары бағаланған ол жақында ауыл ортасында ашылған заманауи фельдшерлік-акушерлік пункттің аға дәрігері болып тағайындалды. Денсаулық сақтау нысанына төрт миллион теңгенің медициналық құрал-жабдықтары сатып алынды. Енді фельдшер, акушер, санитар сияқты жергілікті кәсіби мамандар кең әрі жарық кабинеттерде бір жарым мыңға жуық тұрғыны бар ауылға медициналық қызмет көрсететін болады. Нұржан Партизан бастаған білікті мамандар өз істеріне асқан жауапкершілікпен қарап, көмек сұрай келгендердің жанына араша болу үшін қолдан келген көмекті аямайды.

Бүгінде білікті маман, аяулы жар, асыл ана Құдай қосқан қосағы Бекболат Мұратқанұлымен бірге екі бала тәрбиелеп отыр. Еңбегі еленіп, ел ризашылығына бөленген ол еліміздің медицина саласының дамуына өзіндік үлес қосып жүргенін мақтан тұтады.

– Тарихи Отаныма оралғаныма биыл бес жыл болған екен. Осы уақытішінде облыс, аудан басшылары көп көмек көрсетті. Отбасылық жағдайым жақсарып, балаларымның болашағына алаңдамайтын болған соң күнделікті жұмысыма асығып келіп, көтеріңкі көңіл-күймен үйіме жетемін. Бұл сезім жүрек қалауымен таңдап алған мамандығыма деген сүйіспеншіліктің белгісі деп білемін, – дейді ол.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp