«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕР ИЕСІМЕН КӨРІКТІ

Қызылжар өңірі республика бойынша жерінің құнарлылығымен ерекшеленеді. Сол басты байлығымыздың қалай есепке алынып жатқандығы және қалай пайдаланылатындығы жөнінде білмек болып облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Есенгелді Кәрібаевты сөзге тартқан едік.

– Есенгелді Шәйкенұлы, Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығына жарамды қанша жер бар? Оларды түгендеу науқанының қорытындысы қандай?

– Облыс аумағындағы жер көлемі 9804,2 мың гектарды құрайды, оның 4914,9 мың гектары – егістік жер. Ол жеті санатқа бөлінеді. Барлық жер көлемінің ауыл шаруашылығына жарамдысы – 7228,5 мың гектар. Егістік алқаптардың 1514,3 мың гектарын (20,9%-ы) – шаруа қожалықтары мен фермерлік қожалықтар, 5661,4 мың гектарын (78,3 %-ы) жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен акционерлік қоғамдар пайдаланады.  

2012-2014 жылдары облыс аумағындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге түгендеу жүргізілді. Бұл үшжылдық науқан 7055,7 мың гектарды қамтыды. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде 278,1 мың гектар алқаптың, оның ішінде 174,3 мың гектар егістік жердің өз мақсатында пайдаланылмайтындығы анықталды.

– Соған байланысты қандай шаралар қолданылды?

– Үшжылдық түгендеудің нәтижесі бойынша өз мақсатына пайдаланылмайтын 216,2 мың гектар жер, оның 139,5 мың гектары егістік алқап, ауыл шаруашылығы айналымына алынды, 50,7 мың гектар жер (23,6 мың гектары егістік жер) мемлекет меншігіне қайтарылды. Қалған 11,2 мың гектар егістік алқапқа әкімшілік әрекет ету шарасы қолданылды (Салық кодексінің 387-бабына сәйкес жер салығы ставкасын 10 есе көбейтуді қолдану жайлы жер инспекциясының ұйғарымы берілді).

– Мемлекет меншігіне қайтарылған пайдаланылмайтын жерлер жайында айта кетсеңіз.

– Жер – біздің басты байлығымыз. Ол өз мақсатына пайдаланылуға тиіс. Соған орай үстіміздегі жылдың 5 қарашасында “СҚО жер қатынастары басқармасы” ММ-де аудандық жер қатынастары бөлімдері басшыларының және мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен жерді тиімді пайдалануға арналған кеңес өтті. Онда жерді тиімді пайдалану мәселесін жүйелі түрде шешу мақсатында Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне ел Үкіметі енгізген өзгерістерді қолдану шаралары қаралды. Мысалы, Салық кодексінің 387-бабына сәйкес жергілікті өкілетті органға жергілікті атқарушы органдардың ұсынысы негізінде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер салығы ставкасын 10 есеге дейін өсіруге құқық берілген.

Биыл аудандардың атқарушы органдары қолданған шаралардың арқасында 103,7 мың гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылды, оның 70,2 мың гектары – егістік алқаптар. Бұл алқаптардың 15,7 мың гектары – ерікті негізде, 88,0 мың гектары сот тәртібімен мемлекет меншігіне өтті. Нақтылап айтатын болсақ, “БогВИ” ЖШС-нің Ақжар ауданындағы 57672 гектар жері, Қызылжар ауданындағы 19855 гектар жері, “Баско” ЖШС-нің Уәлиханов ауданындағы 10459 гектар жері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Осының барлығы заңнама нормаларын бұзып, жер телімдерін пайдаланатын тұлғаларға нақты шаралар қолдануға және мақсатсыз жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тартуға мүмкіндік береді.

– Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер қандай жолмен беріледі?

– Қазіргі уақытта облысымызда 724,8 мың гектар басы артық бос жатқан жер бар. Олар конкурс арқылы жалға беріледі не сатылады. Биыл осындай санаттағы 60,3 мың гектар, ауыл шаруашылығы алқабына 15 конкурс өткізілді, оның 22,2 мың гектары – егістік, 36,8 мың гектары – жайылымдық жер. Конкурс арқылы жайылымдық жер берген кезде малдың нақты саны ескеріледі және сол қағида сақталады.

Бұдан басқа, 2015 жылдың соңына дейін Ақжар, Тимирязев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы 5,4 мың гектар жері бойынша 3 конкурс өткізу жоспарланған.

– Жердің кадастрлық құны жайында да сөз қозғай кетсеңіз.

– Үстіміздегі жылы Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік аумағындағы жер телімдеріне базалық төлем ставкасын түзету жөнінде жұмыс жүргізілді, сол үшін облыстық және жергілікті бюджеттен бөлінген сомасы 43,6 млн. теңгені құрайтын мақсатты ағымдағы трансферттер игерілді. Петропавл қаласындағы және облыстың елді мекендеріндегі базалық ставкаларды түзету жұмыстарын “Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы” РМК-нің облыстық филиалы жүргізді. Жер кодексінің 10-бабының 1-тармағына сәйкес өңірдің жергілікті атқарушы және өкілетті органдары бекіткеннен кейін, әділет органында тіркелген соң базалық ставка іс жүзінде қолданылатын болады.

– Есенгелді Шәйкенұлы, жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін беру қалай жүзеге асуда?

– 2005 жылдан бері жеке тұрғын үй құрылысына 4457 жер телімі берілді, оның ішінде биыл – 156. Бұл мәселе Петропавл қаласы және Қызылжар ауданы бойынша өткір күйінде қалып отыр. Нақтырақ айтар болсақ, Петропавл қаласында – 5117, ал Қызылжар ауданында 84 өтініш қанағаттандырылған жоқ. Бұл өтініштердің барлығы арнайы есепке алынды. Басқа аудандарда барлық өтініш қанағаттандырылды, оларда кезек деген мүлдем жоқ.

Сұхбаттасқан

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp