Мамлют ауданындағы Воскресеновка ауылдық округіне қарайтын Искра елді мекені осындай атауға лайық болып отыр. Оған ақ қайыңдар аралында орналасқан табиғаты әсем, 42 отбасы ғана түтін түтетіп жатқан шағын ауылда болған кезімізде көз жеткіздік.
Осыдан төрт жыл бұрын жергілікті мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, екі жоғары педагогикалық білімі бар Алеся Бондаревич аудандық “Искра” лагеріне жаз айларында тынығуға келетін облыстық балалар үйлерінің тәрбиеленушілерімен танысып, олардың ата-ана қамқорлығына қаншалықты мұқтаж екендігін жан-тәнімен сезінген болатын. Бәрінен бұрын олардың өмірге деген құштарлықтары, отбасылық жағдайды қасиет тұтатындықтары, көздерінен сезілетін ерекше сезімдері ұлағатты ұстазды сан түрлі ойға жетелеген. Алеся Викторовнаның бір шешімге келуіне облыс орталығындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың мектеп-интернатына, Полудино мен Соколовка ауылдарындағы балалар үйлеріне шефтік көмек жасап жүрген кездерінде ерекше әсер етті. Үйдегі құдай қосқан қосағы Дмитриймен ақылдаса келіп, патронаттық тәрбиеге бала асырып алуға бел буған. Сөйтіп, балалар мекемелерінің екі қызы Бондаревичтердің отбасымен танысып, белді бір мүшесіне айналды. Бүгінгі күні 15 жастағы София жергілікті мектепте, ал биыл кәмелеттік жасқа толатын Камиля Воскресеновка орта мектебінде оқиды. Тұлымшағы желбіреген қыздар отбасындағы 5 жасар Артеммен бірге алаңсыз өсіп келеді.
Сол жылы Алеся Бондаревичтің бастамасын осы білім беру мекемесіндегі тәрбиеші, ұстаздар Татьяна Лукьянченко, Светлана Морозова, Ирина Шурупова, өзінің 5 баласы бар Алесяның анасы, тарих пәнінің мұғалімі Надежда Быкова, екі баланың анасы Наталья Вавильченко қолдап, патронаттық тәрбиеге 1-2 баладан алған, сөйтіп қамқорлыққа бөленген жетім балалардың санын 9-ға жеткізген.
Аудандық оқу бөлімінің мәліметіне қарағанда, патронаттық тәрбиеге, қамқорлыққа берілген балалардың үшеуі осы кезеңде біржола асырап алынған көрінеді.
– Патронаттық тәрбиеге алынған ұл-қыздардың барлығы да білім ошағының белсенділері, қоғамдық іс-шараларға үнемі атсалысып жүреді. Оқу үлгерімдері де жақсы. Араларында спортшылар да бар, – дейді Искра орталау мектебінің директоры Талғат Ілиясов.
Аталмыш ауыл биыл тағы бір мемлекеттік маңызы бар игілікті істің бастамашысы болып отыр.
– Кез келген интернат пен балалар үйі отбасында берілетін тәрбиені алмастыра алмайды. Әрбір адам отбасын құруды, үй шаруашылығымен айналысуды, өз балаларын шынайы қамқорлықта тәрбиелеуді армандайды. Әсіресе, тұл жетім балалар ата-ана қамқорлығына, аялы алақанға мұқтаж. Мемлекет басшысы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, мемлекеттік мекемелерде тәрбиеленетін балаларды әлеуметтендіру мақсатында балалар үйлері тәрбиеленушілері санын азайту жөнінде тапсырма берген болатын. Қазіргі кезде осы топтағы балаларды отбасылық үлгіде тәрбиелеу тәжірибесі кеңінен қолданылуда. Сол сияқты Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы “Неке және отбасы туралы” Кодексіне заңдық тұрғыда өзгертулер енгізіліп, балама ретінде “Бала қабылдайтын отбасы” бағдарламасын жүзеге асыру ұсынылды. Бұл өзгерту биыл 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Бағдарлама бойынша қазақстандық отбасылар 4-тен 10-ға дейін бала асырап ала алады. Сонымен бірге үшжақты келісімге орай жеткіншектердің әрқайсысына 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы, ал жаңа әке-шешелердің әрқайсысына қосымша қаражат төленеді. Облысымызда алғашқылардың бірі болып осы бағдарламаның тұсауы үстіміздегі жылы 2 наурыз күні өзімізге белгілі Искра ауылында кесілді, – дейді Мамлют аудандық оқу бөлімінің қамқорлық және қамқорлыққа алу жөніндегі әдіскері Галина Якушевская.
Искра ауылындағы Михаил мен Любовь Кустовтар облыс орталығындағы отбасылық үлгідегі балалар үйінен ағалы-қарындасты Владимир мен Викторияны және Иван мен Артурды, ерлі-зайыпты Сергей мен Наталья Эсмурзиев-Марочкина әулеті Полудино ауылы мен Петропавл қаласындағы балалар үйлерінен Даниил, Ирина, Алена және Юрий есімді жеткіншектерді тәрбиесіне алып, солтүстікқазақстандықтарға үлгі көрсетті.
Жеткіншектер санын бірден төрт оқушыға көбейткен Любовь Кустованың өзі – балалар үйінің түлегі. Отағасы Сергей екеуі – үш баланың ата-анасы. Үлкен қызы Юля – тұрмыста болса, Екатерина – 14, Ярослав – 5 жаста.
Сергей Эсмурзиев та жетім қалуына байланысты әжесі Лидияның қолында тәрбиеленген. Сонымен “Бала қабылдайтын отбасы” бағдарламасына іс жүзінде үн қосқан ерлі-зайыптылар жетімдіктің не екендігін жақсы біледі. Сондықтан олар осындай игілікті мемлекеттік маңызы бар қадамға саналы түрде барып отыр.
– Осы бағдарламаның жүзеге асырылуына орай өткізілген шараға арнайы қатысқан Мамлют ауданының әкімі Ерболат Бекшенов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпаш Қалғожина, әртүрлі деңгейдегі балалар үйлерінің директорлары Арыстан Әкімжанов, Юрий Ляпин, Ризабек Кәкпенов искралықтардың бастамасына ризашылықтарын білдіріп, 8 баланы тәрбиесіне алған екі отбасыға ынтымақ тілеген еді. Біз де оларды назардан тыс қалдырмаймыз, – дейді Воскресеновка ауылдық округінің әкімі Нұрлан Құсайынов.
Сонымен, Қызылжар өңірінде “Бала қабылдайтын отбасы” бағдарламасы қанат қақты. Осының өзі – “жетімін жылатпайтын ел” екенімізді танытарлықтай-ақ бастама. Тек басқаларға жұғысты болғай деп тілейік.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.