
Жиында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жангүл Жолмұқанова өңірдегі “үшінші сектордың” даму барысына тоқталып, оларға Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау жайын әңгімеледі.
– Тәжірибе көрсеткендей, қоғамдағы күрделі тақырыптар мен басты түйткілдер – жұмыспен қамту, әлеуметтік әлсіз топтарды қорғау, қылмыстың алдын алу. Бұл мәселелерді шешуде үкіметтік емес ұйымдар белсенді де жанашыр азаматтардың басын қосуда. 2006 жылы азаматтық сектордың бастамаларын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен мемлекеттік тапсырыс негізінде 10 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінсе, үстіміздегі жылы оның мөлшері – 100 миллион теңгеге жетті. Биыл өңірімізде 109 миллион теңгеден астам қаржыға 109 әлеуметтік маңызы бар жобаны жүзеге асыру көзделген еді. Бүгінге дейін соның 78-і орындалды, – деді Жангүл Серікқызы.
Бұдан кейін “Ақ ниет” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Сәуле Оразова үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру туралы өз ойларымен бөлісті. Ол қайырымдылық жұмыстарын өрістетіп, отбасы мәселелерін шешуге белсене араласпақ. Жамбыл ауданынан келген “Аудандық іскер әйелдер қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Майра Оразбаеваның айтуына қарағанда, жыл сайын ұйым мүшелері әртүрлі қайырымдылық шараларын жасайтын көрінеді. Мәселен, биыл “Мектепке жол” акциясы аясында 40-қа жуық балаға материалдық көмек көрсетіліпті.
Сондай-ақ, жиын барысында “СҚО Азаматтық альянсы” қауымдастығының төрағасы Сергей Худяков осыдан үш жыл бұрын басталған “Үкіметтік емес ұйымдар арасындағы үздік жоба” облыстық байқауының қорытындысын жария етіп, жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттады. Байқауға 32 өтініш түсіп, соның 16-сы үздік деп танылған. Енді бұл ұйымдардың өкілдері Астана қаласында өтетін жетінші республикалық азаматтық форумға қатысады.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.