Барша қазақстандықтар сияқты мен үшін де егемендіктің мән-маңызы ерекше. Бүгінгі таңда қол жеткізген жетістіктерімнің барлығын мен тек тәуелсіздіктің арқасы деп білемін. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары еңбек жолымды кеңшарда қатардағы жұмысшыдан бастап, шаруашылық директорына дейін өстім. Өмірімнің қырық жылын ауыл шаруашылығы саласына арнаған екенмін. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз де бар.
Біздің шаруашылық бірден аяғынан нық тұрмағаны, айтпаса да түсінікті. Қиын жолдан өттік. Ол кезде бүгінгідей мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жоқ болатын. Тек өзімізге сеніп, өз күшімізбен ғана күн көруімізге тура келді. Маңдай теріміздің зая кеткен кездерін де бастан өткердік. Бірақ намысқа тырысып, қолға алған шаруаны дөңгелету үшін барымды салдым. Горький ауылының тұрғындары да бізге үлкен сенім артты. Инвесторларымыз әрбір бастамамызға үнемі қолдау көрсетіп отырды. Нәтижесінде бұрынғы кеңестік дәуірден қалған ескі техниканы жаңартып, дала жұмыстарын уақтылы жүргізу мүмкіндігіне ие болдық. Осындай бірлесе қимыл танытудың нәтижесінде біздің серіктестік аудандағы ірі астық өндіруші шаруашылықтардың біріне айналды.
Өткен жылы инвесторымыздың ауысуына байланысты кәсіпорын “Ақниет-Агро және К” ЖШС-і болып қайта құрылды. Қазір агроқұрылымда 19,5 мың гектар егістік жер бар. Өндіріс көлемін арттыру мақсатында техникалық қайта жарақтандыру, қор үнемдеу технологиясын енгізу, минералды тыңайтқыштарды және өсімдік қорғау заттарын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөле бастадық. Нәтижесінде былтыр егін шығымдылығын 20-25 центнерге дейін көтердік. Осынау зор табысқа мемлекеттік қолдаудың арқасында жеткеніміз сөзсіз.
Үстіміздегі жылы біз 10 мың гектарға дәнді дақыл, 400 гектарға майлы дақыл сіңірдік. Егістіктің құнарлығын арттыру бойынша кешенді шаралар жүргізілуде. Кейін ол жерлер де егіске пайдаланылатын болады. Күзгі жиын-терімнің солтүстікқазақстандық диқандар үшін сәтті болғаны сөзсіз. Біздің шаруашылықта да бидайдың орташа түсімі әр гектардан 15-20 центнерден айналды. Ала жаздай егіс танабын күтіп-баптайтын диқандардың еңбегі ақталса, еліміз де зор табысқа кенеледі. Доңыз жылы да жақсылықтарға толы болатынына сенімдімін.
Бүгінде техника паркін жаңартудамыз. Атап айтқанда, лизинг бойынша “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ы арқылы алынған екі “Kenichi” егіс кешені бар. Сондай-ақ, үш “Acros” және екі “John Deere” комбайны, басқа да қажетті техника сатып алынды. Осындай заманауи техникалардың көмегімен жұмыс күшін де арттыратын боламыз.
Ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамту мақсатында біз асылтұқымды етті мал өсіруді қолға алдық. Өткен жылы шетелден “Әулиекөл” тұқымды 400 бас ірі қара сатып алынды. Бүгінгі таңда қорадағы мал төлдеп, саны артуда. Шаруашылығымыздағы мал сою қосыны ауыл тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Бұл, әрине, мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан шаруалар. Егер сала өкілдеріне алаңсыз жұмыс істеулері үшін жағдай жасалмаса біздің ісіміз оңға басар ма еді? Бірақ мемлекетке сенім артып, қол қусырып отыруға болмайтынын жақсы түсінеміз. Қиын кезде тиісті көмек көрсетілді, енді тек ширақ қимылдап, қайтарыммен жұмыс істеу қажет.
Қазіргі уақытта серіктестікте бір жүзге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 95 мың теңгені құрайды. Елбасы тапсырмасына сәйкес биыл оны 130-135 мың теңгеге дейін өсіруді жоспарлап отырмыз. Оған, әрине, барлық мүмкіндігіміз бар.
Қат-қабат тіршіліктің жетегінде жүрсек те, зейнеткерлер мен тұрмысы төмен отбасыларды назардан тыс қалдырмаймыз. Агро-құрылымның күшімен ауылдағы әлеуметтік нысандар қалпына келтірілді. Әр жылдары елді мекендерде стадион мен қысқы хоккей қорапшасы, ауыл тұрғындары демалатын шағын саябақ пайдалануға берілді. Біздің округте екі білім ошағы бар. Биыл қос мектепке 650 тонна көмір жеткізіліп берілді. Алдағы уақытта мекеменің жылу қазандығын сыртқа шығаруды жоспарлап отырмыз. Қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығында жалғызбасты зейнеткерлер қысқы отын-шөппен қамтамасыз етілді. Осынау ел игілігі үшін атқарылып жатқан азды-көпті еңбегімізді бұлдамаймыз. Ендігі кезекте осындай еңбегімізді еселеуді көздеп отырмыз.
Біз азаттығымызды көзіміздің қарашығындай сақтап, ел игілігі жолында аянбай қызмет етуге тиіспіз. Серіктестік ел табысына қомақты үлес қосып жүргені – мен үшін зор мақтаныш.
Дәуіт ҚҰДИЯРОВ, “Ақниет-Агро және К” ЖШС-нің директоры.