Ертеректе нотариустар мемлекеттік болған кезде кейбір қызмет түрлері бойынша жеңілдіктер жасалатын. Қазір көбінесе жекеменшік нотариустар жұмыс істейді. Нотариустарда халықтың әлжуаз тобы үшін қандай жеңілдіктер қарастырылған?
Зағипа ҚОСМАНОВА,
Петропавл қаласының тұрғыны.
– Қазақстан Республикасының “Нотариат туралы” Заңына 2012 жылдың 16 қаңтарында енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты жекеменшік және мемлекеттік нотариат кеңселерінде көрсетілген қызмет үшін алатын ақы мөлшері теңестірілген. Сонымен бірге, мемлекеттік нотариустарда көзделген жеңілдіктер жекеменшік кеңселерде де сақталған.
Нотариат жұмысы үшін төленетін ақы қызметтің екі түрін қамтиды. Қазақстан Республикасының “Салықтар мен бюджетке түсетін басқа да міндетті төлемдер туралы” кодексінің 99-бабына сәйкес бұл төлемдер құқықтық қызмет көрсеткені және оны құжат түрінде рәсімдеп берген техникалық сипаттағы қызметі үшін алынады.
Нотариаттық қызметке ақы төлеуден толық босатылған адамдар қатары да заңмен анықталған. Олар – Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен оларға теңестірілгендер, туа мүгедек болғандардың ата-анасының біреуі, “Батыр ана” атағын алғандар немесе “Алтын алқаға”, “Күміс алқаға” ие болған көпбалалы аналар, барлық санаттағы мүгедектер. Қазақстан Республикасының “Нотариат туралы” Заңының 30-1-бабында көрсетілген бірінші және екінші топтағы мүгедектер жекеменшік нотариустарға ақы төлеуден босатылады деп жазылған. Бірақ осы баптың 2-тармағының 2-тармақшасында “Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 542-бабының 4), 8) және 9) тармақшаларында аталған тұлғалар да нотариат әрекеттерін жасағаны үшін мемлекеттік баж төлемінен босатылады” деп көрсетілген. Дәлірек айтқанда, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 542-бабының 4-тармағында басқа тұлғалармен қатар, мүгедектер де топтары көрсетілмей аталған. Демек, бұлар ақы төлеуден толық босатылған дегенді білдіреді.
Әрине, жеңілдік алушылар сол санатқа жататындықтарын тиісті құжатпен дәлелдеуі керек. Мысалы, жасы жетіп шыққандар зейнеткерлік куәлігін көрсетіп, дәлелдейді.
Бұрын нотариус адамның мүгедектер санатына жататынын білу үшін әлеуметтік-медицина сараптау комиссиясының (ӘМСК) арнайы анықтамасын көрсетуді талап ететін. Мүмкіндігі шектеулі жан жаңағы анықтаманы алу үшін тиісті әлеуметтік мекемелердің табалдырығын тоздыратын. Қазір олай емес. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің “Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн бюджет қаражаты есебiнен беру, сондай-ақ, уәкілетті ұйымнан төленетін зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы” 2015 жылғы 14 сәуірдегі бұйрығына №24-қосымша ретінде бекітілген зейнеткер куәлігі үлгісіне “мүгедектік тобы және себебі” деген екі жол қосылған. Міне, осы жолға тиісті жазу жазылып, адамның мүгедектігі мен тобы көрсетіледі. Осының арқасында жеңілдік алу үшін анықтама қажет емес.
Сонымен бірге, азаматтардың егер жеңілдік алуға құқылы адамның қатысуымен екіжақты немесе көпжақты нотариаттық әрекеттер жасалып, алайда, келесі тарапта жеңілдік алу құқығы болмаса, нотариус ақы төлеуден босатпауға құқылы екенін де білгені жөн.
Ардақ ТАЙШЫБАЕВ,
Солтүстік Қазақстан нотариаттық округі Петропавл қаласының нотариусы.