«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕҢІСКЕ ҰМТЫЛҒАНДАР

Бүгінде жерлес спортшылар үстіміздегі жылы өтетін жарыстарға тыңғылықты дайындалуда. Солардың бірі әрі бірегейі – қаңтар айында Алматы қаласында өтетін XXVIII бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындары. Әлем назарын өзіне аударатын сайыста сегіз жерлесіміз облысымыздың және еліміздің намысын қорғайтын болады. Осыған орай оқырмандарымызды бәсекелі сынға қызу дайындық үстінде жүрген жерлес спортшыларымызбен таныстыруды жөн көрдік.

Роман Креч. Оның есімі республикамызға кеңінен танымал. Жаттығу барысында төккен терінің жемісін көрген жерлесіміз – әлем біріншіліктерінің алтын, күміс жүлдегері. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған Роман Сочи Олимпиадасында 500 метр қашықтықта жетінші орынды иемденіп, ұлттық рекордты жаңартқан болатын.

Жуырда өңірімізге белгілі спортшы Қытайдың Харбин қаласында өткен әлем кубогының бірінші кезеңін жеңіспен аяқтап, жанкүйерлер көңіліне зор үміт ұялатты. 500 метрлік қашықтықты 35,07 секундта бағындырған спортшы ресейлік Павел Кулижников пен голландтық Кай Фербайды кейін қалдырды. Сөйтіп, конькимен жүгіруші Роман 21 жыл бұрын Давоста өткен әлем кубогының кезеңінде жеңімпаз атанған Вадим Шақшақбаевтың жеңісті жолын жалғастырды.

Федор Андреев. Мамлют ауданының тумасы былтырғы спорт маусымында халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады. Былтыр Астана қаласында конькимен жүгіру спортынан өткен ел біріншілігінде сынға түскен Федор 60 айналымнан тұратын марафонда алтыннан алқа тағынса, 5000 метр қашықтықта үшінші болды. Сол жылы Уәлиханов ауданында өткен дәстүрлі “Солтүстік – 2015” қысқы ауыл спорты мерекесінде 1000 метрде үздік атанды.

Ринат Мухин. Есімі жергілікті спортсүйер қауымға жақсы таныс Ринат – солтүстікқазақстандық шаңғы спортының болашақ жұлдыздарының бірі. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың студенті – Қазақстан Республикасының жасөспірімдер біріншілігінің абсолютті жеңімпазы және ел чемпионатының жүлдегері, Щучинск қаласындағы жастар біріншілігінің жеңімпазы. 2013 жылы Риддерде жасөспірімдер арасында шаңғы жарысынан өткен ел біріншілігінде 15 шақырымдық қашықтықта бірінші келіп, спорт шебері нормативін орындаған. 2014 жылы Германияда өткен Еуропа чемпионатында 10 шақырым қашықтықта үшінші орынға ие болған.

Иван Аржанников. Астана қаласында конькимен сырғанау спортынан өткен ел біріншілігінде 500 және 1000 метр қашықтықта үздік атанды. 2012 жылғы ел кубогының жеңімпазы.

Татьяна Климчук (Сокирко). 2013 жылы Астана қаласында конькимен сырғанаудан ел біріншілігінде өңір намысын қорғаған “Қарасай” жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушісі 500, 1000 және 1500 метр қашықтықтарда бір қола және екі күміс медаль ұтып алды. 2014 жылғы студенттердің арасындағы әлем чемпионатынан жүлделі оралған Татьяна Климчуктың жетістігі атап айтуға тұрарлық. Ол осы сайыста күміс медальды жеңіп алды. Былтырғы ел біріншілігінде үш шақырымдық қашықтықта күміс медальға, ал 1500 метрлікте қола медальға қол жеткізді. Ал үстіміздегі жылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері Астана қаласында конькимен сырғанаудан өткен ел біріншілігінде әйелдер арасында қола медальға ие болды.

Светлана Мальцева. Аққайың ауданындағы Черкаское ауылының тумасы Светлана 2012 жылы Австрияның Инсбрук қаласында өткен жасөспірімдердің бірінші қысқы Олимпиада ойындарына қатысып, үздік жас конькишілерінің арасында ең қысқа қашықтық – 500 метрге конькимен сырғанауда алтыншы орынды олжалады. Осыдан екі жыл бұрын ел біріншілігінде 1000 метр қашықтықта үшінші болды. Ол Олег Гаврик пен Ольга Ихтендрис сияқты тәжірибелі бапкерлердің арқасында он бес жасында спорт шебері атағына қол жеткізген.

Дмитрий Гарагуль. Жерлесіміз 2013 жылы құрылған керлинг командасының құрамында ІІІ Қазақстан халқы спартакиадасына қатысып, жалпыкомандалық 6-орынға ие болған. 2014 жылы барлық қарсыластарынан басым түсіп, жеңістің биік сатысына көтерілсе, 2015 жылғы біріншілікте күміс медальға ие болды. Ал 2016 жылы Алматы қаласында керлингтен өткен оныншы ел біріншілігінде алты ойынның бесеуінде жеңіске жетіп, ел чемпионы атанған. Жуырда Дмитрий Оңтүстік Корея елінде өткен спорттық-жаттығу жиындарына қатысты.

Мария Громова. Облыс орталығындағы Олимпиада резервiн даярлау орталығында жаттығып жүрген Мария конькимен сырғанау спортының өкілі. Өткен маусымда жерлесіміз әріптестері Вячеслав Зарецкий мен Дастан Дельдешпен бірге Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен екінші жасөспiрiмдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарына жолдама үшiн сайысқа түсiп, нәтижесінде жаһандық жарысқа өте алған болатын. Бiрақ оның сонда көрсеткен нәтижесi өзiнiң жеке рекордына жете алмады.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының хабарлауынша, қазір жерлес спортшыларымыз Қытайда соңғы оқу-жаттығу жиындарында жүр. Олардың жарыс алды дайындықтары үшін облыстық бюджеттен 21 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Жеңіске ұмтылған жерлестерімізге Алатау баурайындағы сайыстарда сәттілік тілейміз.

Анна ПЕНЬКОВА,

облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp