«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

Татарстанның Қазан қаласында муайтайдан өткен әлем кубогының жеңімпазы Руслан Заякин елге оралды. Әлем біріншілігінде жұлдызы жарқыраған саңлақты теміржол вокзалында Петропавл қаласы тұрғындары мен спорт саласы өкілдері қошеметпен қарсы алды.

Жиырмадан астам мемлекеттің 300-ге жуық спортшысы қатысқан додада Қазақстанның намысын ересектер санаты бойынша – 5 спортшы, 16-17 жас аралығында 7 спортшы қорғады. Жерлестеріміздің нәтижесі де қуантарлық. Ел құрамасының қоржынына екі алтын, екі күміс және үш қола медаль түсті.

Жасөспірімдер арасында 63,5 киограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз жартылай финалда Чехия республикасының спортшысымен кездескен. Тартысты шайқас нәтижесінде ол шаршы алаңда қарсыласын соққыға жығып, 3 раундты таза жеңіспен аяқтаған.

– Финалда Тәжікстан елінің спортшысымен күш сынастым. Өзі мықты. Бұрындары екеуміз бірнеше рет рингте кездескенбіз. Бангокта өткен әлем біріншілігінде жеңіп кеткенмін. Биыл да басымдық таныттым. Қуанышымда шек жоқ. Бұл жеңісімді мен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаймын, – деді Руслан Заякин.

– Жарысқа бір жылдан астам уақыт дайындалдық. Таиландқа да барып, жаттықтық. Алдын ала қарсыластардың кездесулерін қарап, арнайы тактикамызды құрдық. Еңбегіміздің жемісін, міне, көріп отырмыз. Русланды мен жеті жылдан бері жаттықтырып келемін. Бұл уақыт аралығында екеуміз көптеген жетістікке жеттік. Ең бастысы, жаттығулар барысында тер төккен тәрбиеленушім артқан сенімді ақтады, – дейді бапкері Руслан Молдыбаев.

Айту керек, еліміздің муайтайдан сегіз дүркін жеңімпазы Руслан Заякин енді алдағы жылы Польшада жастар арасында өтетін Бүкіләлемдік жарысқа дайындығын бастайды. Ол әрдайым қолдау көрсететін жерлестері мен бапкерлеріне ризашылығын білдірді.

Айгерім ЕРЖАНОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp