Алматы және Астана қалаларында әйелдер арасында волейболдан жоғары лига ойындарының бірінші туры аяқталды. Аталмыш сайыста жерлес волейболшыларымыз жүлделі орынға ие болды.
“А” жоғары лигасының бірінші турында “Алматиночка” құрамасы бірінші орынды иеленді, олар мүмкін болған 15 ұпайдың 14-ін жинады. Екінші орынға еншісінде 11 ұпайы бар “Қостанай”, ал үшінші орынға дәл осындай ұпай жинаған, алайда қосымша көрсеткіштер бойынша қостанайлықтарға жол берген солтүстікқазақстандық “Қуаныш және К” командасы тұрақтады. Жерлес құрама команда ақтық ойында павлодарлықтармен 5 партиялық ойын өткізіп, қарсыласты 3:2 есебімен тізе бүктірді.
Сондай-ақ, бұл күндері “Қуаныш және К” волейбол клубының өкілдері Теміртау, Қызылорда, Екібастұз және Павлодар қалаларында “Волейбол фестивалі” аясында жасөспірімдер мен қыздар арасында Қазақстан Республикасының күзгі біріншілігіне қатысты. Нәтижесінде солтүстікқазақстандық волейболшы қыздарымыз 1998-1999 жылдары туғандар арасында жеңістің бірінші сатысына көтерілсе, ал 2000-2001 және 2002-2003 жылдары туған жасөспірімдер тобында күміс медальға ие болды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.