Елімізде зұлмат соғыстың зардабын тартпаған әулет кемде-кем шығар. Бірін баласынан, енді бірін бауырынан, сүйікті жарынан айырған 1941-1945 жылдардағы қанды қырғын талай жүрекке жара салды. Ал Отан қорғауға аттанған азаматтардың санында шек жоқ. Солардың қатарында менің әкем Хамзе Хасенов те болған еді.
Әкем 1919 жылы Ақжар ауданындағы Кузбас ауылында туған. Әке-шешесінен тоғыз жасында айырылып, жетімдіктің дәмін ерте татты. Әмина апасының арқасында арабша және орысша білім алды. Ұжымдастыру жылдары елмен бірге Омбы облысының Назыбай ауданындағы Бәйімбет ауылына қоныс аударды. Заманның ағымына қарай Қошан есімді досы екеуі жаңа қоғамның белсенділері атанады.
1937 жылы Сатыбалды есімді молданың қызымен қол ұстасып, шаңырақ көтереді. Алайда, жас отаудың бақыты ұзаққа созылмады. Зайыбы баладан қайтыс болады. Әкем қайғы жұтып жүргенде, яғни 1938 жылы қарулы күштер қатарына шақырылады. Сол кеткеннен мол кетеді. Дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысы басталады да, Ленинград қаласын қорғап, шаһар қоршауын бұзуға қатысады. Ол жауға қарсы топқа тойтарыс берген ержүрек жауынгердің бірі болғанын мақтан етемін. Фашистің талай танкісі мен өзге де техникасын істен шығарған екен. Майдандағы шешуші шайқастардың бірі – Курск иініндегі қақтығыс Кеңес әскеріне оңай болған жоқ. Майдангерлердің қатарында менің әкем де болған, кейін Украина мен Беларуссияны, Шығыс Пруссияны жаудан азат етіп, одан әрі Померанск операциясына қатысты. Ұлы Жеңісті Берлиннің іргесінде қарсы алды. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін “Қызыл жұлдыз”, 1 және 2 дәрежелі “Ұлы Отан соғысы”, КСРО Қарулы күштерінің “Отанға қызмет”, “Құрмет белгісі” ордендерімен, “Ерлігі үшін”, “Әскери қызметі үшін” және тағы басқа медальдарымен марапатталған.
Хамзе Хасенов 1948 жылға дейін Венгрияда әскери борышын өтеді. Сол жылы елге оралып, мектепке мұғалім болып орналасты. Оқушыларға блокададағы ленинградтықтардың бастан кешкен оқиғаларын айтып, шәкірттеріне бір үзім нанды қадірлеп, Отанға құрмет ету қандай болуы тиіс екенін ұзақ әңгімелейтін. Соғыстан кейінгі өмірін ұрпақ тәрбиелеуге арнаған әкем Гүлғиза Жағыпарқызымен көңіл қосып, отбасын құрды.
Анам 1928 жылы бұрынғы Ленинград ауданының Томан ауылында дүниеге келген. Барлық саналы ғұмырын білім саласына арнады. Он екі құрсақ көтеріп, батыр ана атанды. Біздерді ержеткізу оларға оңай болған жоқ. Балаларын қатарға қосу үшін жұмыстан қолдары босамады. Әкем сауда-саттық жасап, пошта саласында да еңбек етіп көрді. Өкінішке қарай, елімізде азаттық таңы атқанын көре алмай бұ дүниемен қоштасты.
Осындай өмірі өнегелі майдангер әкенің ұрпағы болғанымды мақтан етемін. Оны мәңгі үлгі тұтамын. Менің әкем сияқты соғыстың қасіретін тартқан аға ұрпаққа біз әрқашан қарыздармыз. “Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін” деп Ғафу Қайырбеков айтқандай, әке үшін сәби болып қала береміз, оған деген сағыныш та жыл өткен сайын ұлғая бермек. Бүгінде әрқайсымыз бір-бір үйдің иесі атансақ та, ата-анамыздың құшағы мен жылуын іздейміз. 9 мамыр – Жеңіс күні отбасымыз үшін қастерлі мейрам. Сондықтан жыл сайын осы күні ата-анамыздың басына барып, Құран бағыштаймыз.
Ғарифолла ХАСЕНОВ,
Зеленый Гай ауылының тұрғыны.
Тайынша ауданы.