«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖИЕНДІК ДӘСТҮРІН ЖОҒАЛТПАЙЫҚ

Ата-анама еріп, нағашыларыма барғанда анамның төркіні жаны қалмай құрақ ұшып, құрмет көрсеткенін қаншама жылдар өтсе де, ұмытқан емеспін. Ал жолға жиналғанда нағашы әжемнің: “Жиендікке қалағаныңды ал”, – дегені есімде. Нағашыларымыз барған сайын қанжығамызды майлап, қуантып жіберуші еді. Сол кезде “жиендік” деген сөздің мағынасын түсінбеген шығармын, бірақ өсе келе осы дәстүр нағашы мен жиен арасындағы әдемі сыйластықтың алтын көпірі екенін көңіліме түйдім.

Кейін өзіміз де кішкентайларымызды ертіп, туған шаңыраққа барғанда ата-анамыздың төбесі көкке бір елі жетпей қалатын. Жиендеріне қорадағы малдың қоңдысын атап, қыздарының абыройын бір асырып тастайтын әке-шешеміз ешқашан жолдарынан жаңылып көрген емес. Атадан балаға мұра болған әдет-ғұрпымызды бүгінгі күннің нағашылары қаншалық сақтап жүргенін білу мақсатында бірнеше оқырманды сөзге тартқан едік.  

Машуда НҰРҒАЛИҚЫЗЫ,

“Балқадиша” әжелер ансамблінің жетекшісі:

– Үйдің тұңғышы едім, ата-анам өздерімен бірге нағашы жұртқа қонақ болып қайтуға мені де ерте шықты. Нағашыларымның асты-үстіме түсіп, ілтипат танытуы маған ұнап қалған болуы керек, “кетпеймін” деп қиғылықты салыппын. Кейін анам мұны әрдайым айтып отырушы еді. Содан нағашыларым жиендік бермек болған ғой. Бала болсам да, маған таңдағаныңды алып кет дегенде барын аузыма тосып, айтқанымды екі етпей жүрген нағашы апамды ерте кетемін дегенімді анам есіне алып отырушы еді. Соңында не керек, әйтеуір, мені алдап-сулап көндіріп, қорадағы қойларының бірін беріпті.

Туған жиендерім болмаса да, ағайын-туған қыздарымыз бала-шағасымен қонақ болып келгенде атадан қалған жоралғы ғой деп сый-сияпат жасап жатамын. Оларға да жиенге көрсетілетін құрметтің мән-маңызын білгенімше айтып жүремін.

Нағашылар үшін жиеннің орны әрқашан да бөлек қой. Тіпті, “Жиен мыңнан үлкен” деп ерекше ілтипат білдірген. Бірақ жиенді ешқашан немере деп есептемеген. Халқымызда жиенге байланысты түрлі ырым-жоралғылар да бар. “Жиенді ұрсаң, қолың қалтырайды”, – дейді. Бұл жиеннің бағасының жоғары екендігін аңғартады. Ал жиен болса нағашыларынан қалағанын алуға қақысы бар. Ат мінем, шапан кием десе де, оның қолынан қақпаған. Бұл жиендік деп аталатын ежелгі дәстүр екені менің замандастарыма жақсы мәлім. Ал қазіргі келіндер, жастар бұл әдет-ғұрыптан хабарсыз болса, бұған алдымен ана-әжелер кінәлі. Кейде той-домалақтарда қалыңдықтың құрбыларына гүл шоғын лақтыруы немесе ата-анаға торт жегізу секілді сырттан келген жол-жоралғыларды насихаттап жатады. Одан да сыйластыққа, бауырмалдыққа, адамгершілікке үндейтін әдет-ғұрыптарды қайта жаңғыртып, қыз-келіншектердің ортасында айтып жүрсек, нұр үстіне нұр болар еді.

Хабиболла ЖАҚСЫЛЫҚОВ,

еңбек ардагері:

– Жиендік дәстүрінің ұмытылып бара жатқанына бірнеше себеп бар. Себебі, қазір жиендердің біразы нағашыларын сағалап жүр. Жұптары жараспаған жастардың қатары көбейген, мұндайда ортадағы бала, әрине, анасымен қалады. Бұрын “Қайта шапқан жау жаман, қайта келген қыз жаман” дейтін. Ал бүгінгі күні, керсінше, “Үйлену оңай, үй болу қиын” екенін құлақтарына құйып, санасына шегелеп айтатын ата-аналар аз. Қызының баласын өсіріп-жеткізіп жатқан қаншама ата-әжелерді көріп жүрміз.

Тағы бір себебі – қыздарымыздың оң жақта отырып, балалы болуы. Тығырыққа тірелген ата-ана қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіргені аздай, енді одан туған баланы да далаға тастамайды. Сөйтіп, әлгі бала да нағашының “немересі” атанады.

Бұдан бөлек, жаңа үйленіп, үй болған жас отбасылар да баспананың жоқтығынан, күнкөрістің қиындығынан баласын нағашыларының тәрбиесіне беруге мәжбүр. Балабақша жасына жетпеген бүлдіршін осылайша нағашы ата-әжесіне немере атанып, жиенқұрық секілді дәстүріміз ұмытылып барады.

Жанар ӘБІЛОВА,

Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының мұғалімі:

– Нағашыларынан құрмет көрген жиеннің бірі менмін. Бірақ жиендікке не сұрағаным есімде жоқ. Халқымызда жиенін өз қолынан үйлендіріп, алдына мал салып беретін нағашылар да болған. Ол әркімнің тұрмыстық жағдайына байланысты ғой. Осындай сыйластық арқылы нағашы мен жиеннің жақындығын байқауға болады.

Ұлттық құндылықтарымыздың ішіндегі жиендік дәстүрі жойылып барады. Себебі, қыздан туған сәбилердің көбін нағашы жұрт жиен деп емес, немере деп атауға бейім тұрады. Осындайда Еуропа халықтарына ұқсап бара жатқандай көрінеміз. Олар қызды – ұлдан, ал немерені жиеннен жоғары қояды. Қартайғанда қыз-күйеудің қолынан ас ішеді. Бүгінгі күні ұлы мен келіннен гөрі қызына жанашырлық танытып, соларға тілектес ата-аналардың қатары көбейген. Сондықтан да жиенді немере деп жақын тартып, құрақ ұшып жататындарға ағайын-туған, жақындары ақылын айтып, жөнге салуы керек сияқты. Қыз жатжұрттық екенін естен шығармай, дүниеге келген жиендерге туған ата-әжесімен таласпай, халқымыздың ежелгі жолын сақтасақ, бұдан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.

Жиеннен туған бала – жиеншар, одан кейінгі – көгеншар, соңғысы дегеншар деп аталады екен.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp