«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖИЕНДІК ТАНЫТҚАНДАРҒА — ҚОМАҚТЫ АЙЫППҰЛ

Жыл басынан бері 11 солтүстікқазақстандық зияткерлік меншік құқығын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға 500 мың теңгеден астам айыппұл салыныпты. Ал келесі жылдан зияткерлік меншік туралы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілетінін ескерсек, айыппұл көлемі де бүгінгіден біршама артатын болады. Осы және жеке сот орындаушыларының жұмысы жайлы облыстық әділет департаментінде өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды.

АҚШ, Франция, Жапония, Германия және Швейцария сынды өркениетті елдердің тәжірибесі негізінде Жаңа жылдан бастап елімізде зияткерлік меншік заңнамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізілмек. Олар 12 нормативтік-құқықтық актіні қамтитын болады. Оның ішінде Азаматтық, Салық, Кәсіпкерлік кодекстері де бар.

Облыстық әділет департаментінің бөлім басшысы Бейбіт Қазбековтің айтуына қарағанда, заңға енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың негізгі мақсаты – зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, сонымен қатар әкімшілік кедергілер тудыратын нормаларды алып тастау. Осы орайда бір деңгейлі жүйе құру көзделіп отыр. Ол кезде тауар таңбасын тіркеудің, өнеркәсіптік меншік нысанына патент берудің барлық рәсімі өтінім берген сәттен тіркеуге дейін сараптама ұйымында жүзеге асырылады. Аталған түзету зияткерлік меншік нысанына өтінімді қарау және тіркеу мерзімін азайтуға мүмкіндік береді. Заң жобасы тауар таңбасын тіркеуге түскен өтінімдер туралы ақпаратты сараптама ұйымына берген сәттен бастап жариялау туралы қағиданы қамтиды. Сондай-ақ, тауар таңбасын заңсыз пайдаланғаны үшін шығын төлеу туралы қолданыстағы норма номиналды болып отыр. Себебі, құқық иеленушісіне шығын сомасын немесе жіберіп алған пайда мөлшерін дәлелдеу өте қиын. Осы орайда, заңда тауар таңбасына құқықты бұзғаны үшін өтемақы төлеу ұсынылған. Мұндай кезде құқық иеленуші шығынды дәлелдеуден босатылады. Бір сөзбен айтқанда, тауар таңбасын заңсыз пайдаланып, жиендік танытқандар төлейтін айыппұл көлемі 500 айлық есептік көрсеткіштен 10 мың айлық есептік көрсеткішке дейін артпақ.

Мұнан бөлек, бірқатар елдердің тәжірибесін ескере отырып, Әділет министрлігінің апелляциялық кеңесіне тауар таңбалары мен фирмалық атаулардың ұқсастығына қатысты, сонымен қатар тауар таңбаларын агенттің атына тіркеу бойынша дауларды қарау жөніндегі қосымша өкілеттік бере отырып, тауар таңбаларын тіркеу дауларын сотқа дейінгі реттеу мүмкіндігін кеңейту қарастырылған.

Баспасөз мәслихаты барысында жеке сот орындаушыларының жұмысы туралы да айтылды. Үстіміздегі жылы жеке сот орындаушыларына 64 мыңнан астам атқарушы құжат түскен. Ал мемлекеттік сот орындаушыларға түскен құжаттардың саны 38 мыңнан асып жығылды. Алғашқыларына өндіріп алынған сомадан белгілі бір пайыз тиесілі болғандықтан, олар істі тезірек аяқтауға ниет танытады. Жеке сот орындаушылары мемлекеттік сот орындаушыларына жүктелген міндетті толық орындай алғанымен, олар әкімшілік хаттамалар толтыра алмайды.

Жалпы бүгінгі таңда өңірімізде 46 жеке сот орындаушысы бар. Олардың 26-сы облыс орталығында жұмыс істейді. Ал мемлекеттік сот орындаушылардың саны 30 пайызға қысқартылыпты.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp