Жуырда атағы әлемге танымал қазақстандық “Astana pro team” велокомандасы тағы бір жас спортшымен толықты. Ол – есімі қызылжарлықтарға жақсы таныс Жандос Бижігітов. Жерлесіміз кәсіби командамен екі жылға келісімшартқа отырды, енді Жандос солтүстікқазақстандық өрендер Бахтияр Қожатаев, Артём Захаров, Арман Қамышев, Алексей Луценко және Руслан Тілеубаевпен бірге өнер көрсетеді.
Үстіміздегі жыл құрамында Жандос Бижігітов өнер көрсеткен “Vino 4-ever” құрлықтық командасы үшін табысты болды. Қытайда өткен “Tour of Qinghai Lake” велокөпкүндігінде петропавлдықтар жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Ең үздік Азия командасы атағын иеленген петропавлдық ұжым сапында Жандос әріптестерімен бірге Катардың Доха қаласында тасжолдағы велоспорттан өткен әлем біріншілігінде де сәтті өнер көрсеткен болатын.
Ол үстіміздегі жылғы “Корея – 2016” велокөпкүндігінің кезең жеңімпазы атанса, “Tour of Thailand – 2016” жарысында екінші болды. Ең үздік көрсеткіштерінің бірі ретінде Болгарияда өткен “Black Sea Cycling Tour” халықаралық додасында қол жеткізген жалпы есептегі үшінші орнын айтуға болады. Бұл сайыста ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады.
Жандос – Петропавлдағы велоспорттан олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі. Ол Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Виктор Потаповтың жетекшілігімен жаттығып жүр.
(Өз тілшіміз).