Шағын және орта бизнесті қолдау, тасжолдар бойындағы қызмет көрсету сапасын жетілдірудегі өзекті мәселелер облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қаралды. Бизнесті қолдау мақсатында мемлекет жетпістен астам бағдарлама қабылдаған. Демеуқаржылар мен жеңілдетілген несиелер, кепілдік беру сияқты қолдаулар көрсетіліп, жаңадан кәсіп құрып, жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік жасалуда.
Шағын және орта бизнес субъектілері демеуқаржыға ие болу үшін “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасына қатысулары қажет. 2014-2016 жылдар аралығында облысқа 5,7 млрд. теңге бөлініп, 3,7 млрд. теңгесі жобаларды субсидиялауға жұмсалған. Бір айта кететін жайт, солтүстік өңір субсидиялау қарқыны жағынан ел бойынша алдыңғы қатарда келеді. Кепілдендіру жөнінен – үшінші орында.
– Бағдарламаның негізгі мақсаты – бизнесті дамыту. Кәсіпкерлер 2014-2016 жылдар аралығында 16 мың жұмыс орнын сақтап, 1384 адамға жаңа жұмыс берді. Ауылды жерлердің кәсіпкерлері қосымша жеңілдіктерге ие болуда. Ғабит Мүсірепов атындағы, Қызылжар, Тайынша, Мағжан Жұмабаев аудандарының іскер азаматтарынан бағдарламаға қатысу жөнінде өтініштер көп түсті, – деді аппараттық кеңесте баяндама жасаған облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова.
Инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша кәсіпкерлердің 101 өтініші қаралып, оның 17-сі мақұлданып, 53,2 млн. теңгеге қаржыландырылыпты. Бұл айналымдағы қаржыны көбейтуге, құрылғылар мен қажетті техниканы, жаңа желілер сатып алуға жұмсалған.
– Мемлекет кәсіпкерлер үшін инфрақұрылымды дамытуды өз міндетіне алып отыр. Өңір бизнесмендеріне бұл қолдау жайында айту керек. Осы орайда, ақпараттандыруды жетілдірген жөн. Бизнесмендерге бағдарламаның тиімділігін түсіндіруіміз қажет, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Күн тәртібіне шығарылған келесі мәселе – жол бойындағы қызметтің жайы. Облыс аумағында жол бойында қызмет көрсететін 142 нысан бар. Оның 123-і республикалық маңызы бар жолдардың бойында орналасқан. Бұл тізімге жанар-жағармай құю және техникалық қызмет көрсету станциялары, дәмхана, қонақүй және тағы басқа нысандар жатады. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исмановтың айтуынша, облыс аумағында жол бойындағы қызмет көрсету станцияларының ішінде А және Б санатына жататын бірде-бір нысан жоқ екен.
Өңір басшысы жол бойында орналасқан сақтандыру құжатын беретін кәсіпкерлердің жұмысына назар аударуды тапсырды.“Шекаралас аймақ арқылы күн сайын ондаған жүк және жолаушылар көлігі қатынайды. Оларға жолда аялдама жасап, көлігін жөндеп, демалулары үшін жағдай жасау өте маңызды”, – деді кеңес соңында облыс әкімі.
Әсел ОРАЗБАЕВА,
журналист.