«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛ САПАСЫ — ЖІТІ БАҚЫЛАУДА

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында салынып жатқан жолдардың сапасын қатаң бақылау, мердігер компаниялардың жауапкершілігін арттыру, шамадан тыс жүк тиелген көліктерге жүруге тосқауыл қою және жазғы сауықтыру лагерьлерін сенімді басқаруға беру жайы қаралды.

“ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ облыстық филиалының директоры Болатбек Айтбаевтың баяндауынша, өңірімізде республикалық маңыздағы жолдың ұзындығы 1468 километрді құрайды. Үстіміздегі жылы бұл жолдарды қайта қалпына келтіруге және күтіп ұстауға республикалық бюджеттен 18,8 млрд. теңге қарастырылған.
Облыстық жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Балахонцевтің айтуынша, жергілікті маңыздағы жолдардың 61 пайызы – жақсы және қанағаттанарлық, 39 пайызы нашар күйде. Облысымыз өзге өңірлермен салыстырғанда қанағаттанарлық жағдайдағы автожолдардың үлесі бойынша 11-ші орында. 1990-2000 жылдары жөндеуге жеткілікті көлемде қаржы бөлінбегендіктен осындай жағдай қалыптасып отыр. Бүгінгі міндет – автомобиль жолдары жағдайының орташа республикалық көрсеткішіне жету. Ол үшін өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қабылданған болатын. Аталған жоспарға сәйкес 2019-2021 жылдары жергілікті маңызға ие автожолдарды жөндеуге 62,8 млрд. теңге қаржы бөлу көзделіп отыр. Жоспар жүзеге асса, жолдардың сапасы жақсаратын болады.
Десек те, шамадан тыс жүк тиелген көліктердің кесірінен жөндеу көрген жолдардың қайта бұзылуы өзекті мәселеге айналып отыр. Көктем айларында жолдардың бұзылуының алдын алу үшін 8 тоннадан артық жүк тасымалдауға шектеу қойылса да, бұған ешкім мән бермейді екен. Ал орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген жолдарда мұндай ауыр жүкті тасымалдауға болмайды.
Осы орайда облыс әкімі Құмар Ақсақалов салынып жатқан жолдардың сапасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Әсіресе, мердігер компаниялардың жауапкершілігін арттыру үшін кепілді мерзімді кем дегенде үш жылға ұзартуды қарастыру керектігін айтты. Алақол мердігерлердің кесірінен өткен жылы ғана жөнделген Петропавл қаласындағы аулалардың қазіргі жағдайы сын көтермейді. Күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты тиісті басшыларға тапсырма берген Құмар Іргебайұлы ауыл шаруашылығы құрылымдары көктемгі егіс және орақ науқаны кезінде ауыр жүк тасымалдау ережесін қатаң сақтауы тиістігін ескертті. Бұл ретте аудандық, ауылдық округ әкімдері, полиция департаменті, көліктік бақылау инспекциясы бірлесе жұмыс атқаратын болады.
Отырыста жаз кезінде балалар мен жасөспірімдердің демалысын тиімді өткізу жайы талқыланды. Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, биыл балаларды демалыс шараларымен 100 пайыз қамту көзделіп отыр. Оқушыларды 14 сауықтыру лагері қабылдаса, оның бесеуі сенімді басқаруға берілген. Мәселен, үш жыл бұрын “Арман” сауықтыру лагері жеке кәсіпкерге сенімді басқаруға берілсе, қазір онда балалардың жайлы демалуына барлық жағдай жасалған.
Ақжар, Уәлиханов аудандарында сауықтыру лагері жоқ. Тимирязев ауданындағы лагерь көктемгі су тасқыны кезінде бұзылып қалыпты. Алайда, оны қалпына келтіру жұмыстары қолға алынбаған.
– Сенімді басқаруға беру – ең тиімді әдіс. Бұл – кәсіпкерліктің бір түрі. Тайынша ауданындағы жеке кәсіпкердің тәжірибесі көпшілікке үлгі болуы тиіс. Бір адамның қолынан келген іс – өзгелер де еңсере алатын жұмыс. Мемлекеттік ұйымдарды сенімді басқаруға беру республика бойынша тәжірибеге енгізіліп жатыр. Жеке кәсіпкер жақсы жағдай жасауға тырысады. Осы орайда аудан әкімдері бұл ұйымдарды сенімді басқаруға беру арқылы дамытуды қолға алуы тиіс, – деген облыс әкімі Құмар Ақсақалов “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында оқушыларды тек басқа облыстарға ғана емес, өзіміздегі тарихи-мәдени орындарға экскурсияға жіберуді ұйымдастыруды тапсырды.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp