Журналистік кәсіптің бір қызығы – қызмет бабымен көптеген адамдармен танысасың. Мақалаңның әрбір кейіпкері ішіне мол қазына жасырылған сыр сандық іспетті. Сол сандықтың кілтін таба алсаң ғана сұхбат беруші ағынан жарылады. Өңірімізге танымал азамат, белгілі кәсіпкер Жомарт Омаровпен кездесуге барарда істің адамы ғой, әңгімеміз жараса қояр ма екен деп күмәнданғаным рас. Алайда, амандасқаннан-ақ бұл азаматтың сөз құдіретін терең түсінетінін, оқығаны көп, ой-өрісі кең адам екені бірден аңғарылды. Әңгімесін мақал-мәтелмен, ақындардың өлең-жырларымен астарлап айтқанда алдыңда кәсіпкер емес, әдебиетті терең зерттеген ғалым отырғандай күй кешеді екенсің. Сұхбатымыз Тұңғыш Президент күні мерекесін тойлауымызға себеп болған сонау 1991 жылдың 1 желтоқсаны күні орын алған оқиғадан басталды.
– Адамның бүгінгі өмірі – ертең тарих деп жатамыз ғой. Бұл сөз – шындық. 1989 жылы мен әскер қатарына алынып, азаматтық борышымды өтеп, 1991 жылы қарашаның 30-ынан желтоқсанның 1-іне қараған түні елге келдім. Петропавлдан шыққан соңғы автобус әупірімдеп жүріп, кешкі сегіз жарымдар кезінде Благовещенкаға жетті. Нағашымның үйіне барып, бір шай ішіп алған соң Амангелдіге қарай тарттық. Туған жерге деген сағыныш тыным таптырар емес. Ауылдың түбіне келіп тұрмыз ғой, бар-жоғы 12 шақырым ғана. Бірақ дәл сол жылы ауа райы да қазіргідей боран еді, тура апаратын жолды қар алып қалыпты. Сондықтан “Жамбыл” ұжымшары арқылы айналып бару керек болды. Түн ортасында жеттік. Ата-анам ет асып қойыпты, ағайын-туыс тегіс жиналып, күтіп отыр екен. Және дәл сол күні бірге оқыған құрдасым да әскерден оралыпты, екі тойдың қонақтары араласып кетті. Естеріңізде болса, сол кезде әскерге шығарып салу, қарсы алу деген ұлан-асыр той сияқты өтуші еді ғой. Таң атқанша тойлап, енді көзім ілініп кеткен екен әкем түртіп оятады: “Балам, бүгін сайлау. Қазақстанның Президентін сайлаймыз”, – дейді. Ұйқымды қимасам да, әкенің айтқаны заң. Ауылдықтардың біреуі де қалмастан дауыс берді. Сол күннен бері, міне, бақандай 25 жыл өте шығыпты. Бұл тарихи күн еді ғой, бірақ Елбасымыздың тұңғыш сайлауының еліміз үшін маңыздылығын сол сәтте топшылай алған жоқпыз. Оны кейін түсіндік. Бұл күн менің есімнен ешқашан кетпейді.
– Бұл сайлау сіздің үлкен өмірге жасаған алғашқы қадамыңыз, әскерден келген, ой тоқтатқан азамат ретіндегі тұңғыш таңдауыңыз болғаны анық. Әрі қарайғы өміріңізге осы күн қалай әсер етті?
– Қоғамды теңіз деп қарастыратын болсақ, адам соның ішіндегі бір тамшысы ғой. Кез келген жағдай әрбір адамға өзінің әсерін тигізбей қоймайды. 20-ға енді ғана толған, тепсе темір үзер жігітпіз, бойда күш-қуат тасып тұр. Әскерге кетпес бұрын Целиноград қаржы-экономикалық техникумын бітіргенмін. Алған мамандығым бойынша аудандық салық қызметіне жұмысқа тұрдым, отбасын құрдым. Бұл кезде Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған болатын. Тәуелсіздік – біздің басты құндылығымыз. Оны ештеңемен салыстыру немесе баға беру мүмкін емес. Себебі, бабаларымыз аңсап кетті, бірақ қолдары жетпей, осы мақсат жолында құрбан болды. Егемен ел атанған кезде бөркімізді аспанға атып қуанғанымызбен, алғашында болашағымыз бұлыңғыр болғанын да ұмытпайық. Жастар түгіл, ел басындағы ағалар да не істерін білмей абдырап қалып еді ғой. “Қанағатымыз бен шүкіршілігіміз азайып, күнәміз бен күпіршілігіміз көбейген заман туды” деп ақын жырлаған ғой. Кім артына әлсін-әлсін қарай берсе, ол алға жүрген сайын сүріне береді, дейді. Бірақ өткенді білмей, болашағыңды болжай алмайтының тағы белгілі. Ел экономикасы үшін өте қиын күндер өтіп жатты. Барлық қарым-қатынас үзілді. Мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеп тұрған Қызылжар қаласындағы ең ірі алты зауыт та тұралап қалды. Кейбір адамдар төзімділік таныта алмай, тәуелсіздік алғанымыз бекер болды дегенді де айтты. Олар байыбына бара алмады, бүгін сол сөздері үшін өкінетін шығар дей ойлаймын.
– Тәуелсіздіктің 25 жылдығында еліміз толағай табыстарға жетті. Әлем таныған елге айналды. Бұл – ширек ғасырда жүріп өткен жолымызды бір шолып шығып, алға қарай қадам жасайтын кезең. Сіз басқарып отырған шаруашылық мерейлі межеге қандай жетістіктермен келді?
– Менің кіндік қаным тамған жер Жамбыл ауданына қарасты Амангелді ауылы екенін жоғарыда айттым. Шеткері жатқан осы бір шағын елді мекен маған ерекше ыстық, себебі бұл жер – менің әке-шешемнің ата-қонысы. Осында олар маңдай терлерін төгіп еңбек етті, артынан ерген ұрпағын өрбітті. Әкем Жақсылық диқан болған адам. Қызыл ту орденін иеленген, қазіргідей байлықпен емес, еңбек етіп жарысқан заманның өкілі. Кеңес құрамындағы он бес республика диқандары арасында үздік атанып жүрген азаматтардың бірі.
“Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” деген нақыл бар. Ес білгелі естіген әңгімем, үйде дастарқан басында отырғанда айтылатын басты тақырып егіншілік болатын. Бала кезімнен кезекпен қой бағып, қолымызға шалғы алып, шөп шауып өскен ұрпақ өкілі болғандықтан, осыдан үш жыл бұрын ауыл шаруашылығында бағымды сынап көруге бел будым. Бугровое, Астраханка, Бескөл ауылдарында 28 мың гектар жеріміз бар. Биыл Қарттар күні мерекесінде Астанаға баратын сапарымды кейінге қалдырып, ауыл ақсақалдарымен арнайы кездесіп, емен-жарқын әңгімелестім. Үш жыл бұрын біз егін егуге келгенде көңілдерінде кірбің бар еді. Себебі, бұған дейін жұмыс істеген шаруашылықтардың басшылары түгіл, қызметкерлерінің өзі еккенін жинап алған соң ауылға қараларын да көрсетпеген көрінеді.
Мен жұмысты қырманды қалпына келтіруден бастадым. Себебі, тазалайтын, кептіретін құрылғылар, сақтайтын қоймалар дұрыс болмаса, жаз бойғы есіл еңбек зая кетер еді. Бұл жұмыстарға 100 миллион теңгедей қаржы жұмсалды. Екі қойма салынды, бидай төгетін алаңқай тегіс асфальтталды. Таразыдан бастап, кептіргіштер мен астықты тазалайтын жабдықтар тегіс жаңаланды. Ауылға жаңа техникалар әкеле бастадық. Өз-өзіме: “Қайыр сұрап көшеге шығып кетсем де, жұмысшылардың еңбегін, жерді жалға берген халықтың үлесін жемеймін”, – деп сөз бердім. Бүгінде сол серттен аттамауға тырысып жүрмін.
– Жомарт Жақсылықұлы, өзіңіз басқаратын “Шағала Агро” серіктестігі үздік шаруашылықтардың қатарында. Осы күзде бітік шыққан егін басына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі барып көріп, бағасын берді. Танап басындағы әңгіме қай бағытта өрбіді?
– Иә, егін басындағы кездесу өте керемет өтті. Еліміз қысқа мерзім ішінде қарыштап дамыды. Өкінішке қарай, соны көре алмайтындар, іші тарлар мен керітартпалар арамызда әлі бар. “Соқыр көрмейді, саңырау естімейді. Естігісі келмеген естімейді, көргісі келмеген көрмейді, бірақ торқалы тон киіп, семіз дөнен мініп жүрсек те арамызда көңілі толмайтындар бар” деп өз ішімде жүрген ойымды айттым. Сонда Елбасы: “Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ. Қайтесің оларды, жұмысыңды істей бер”, – деді. Осы керемет сөз көңілімде сайрап тұр. Ешкім “мына сөзді айт” деп дайындаған жоқ. Аға мен іні арасындағы емен-жарқын әңгіме болды. Жаңа комбайндарға назар аударды. Сегіз комбайн егін орып жүр, әрқайсысының құны – 420 мың доллар. Сонда деймін, бір жылқының құны қазір мың доллар деп есептесек, мынау алқапта 8 табын жүргенмен тең ғой. Ертеректе бұдан өткен байлар болған шығар, бірақ мен ес білгелі қазіргідей бақуатты өмір көпке арман болып келді ғой. Қазір диқандардың көбі осындай жаңа техникаға ие. Мұның бәрін өз қаржымызға алу қиын. Тек мемлекеттің қолдауының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Техника сатып алған ақшаңыздың 25 пайызын мемлекет қайтарып береді. Мұндай жағдай қай елде бар? Бізде ғана.
– Жомарт Жақсылықұлы, сіз кәсіпкерлікті жанар-жағармай саудасынан бастап, сол салада жемісті жұмыс жасап жатқаныңызды жұрт біледі. Енді ауыл шаруашылығына бағыт бұрдыңыз, алғашқы нәтижелер жаман емес. Сіздің табысыңыздың формуласы неде?
– Абай атамыз айтпақшы, әр жұмысты махаббатпен істеу керек. Кәсібіңе деген сүйіспеншілік, ынтызарлық болмаса ол ешқашан өнбейді. Басты ұстанымым осы. Егіншілікке 4 миллиард теңге инвестиция құйдық. Қазіргі таңда үлкен элеватор салуды жоспарлап отырмыз. Өйткені, жинаған өнімді бөгде біреулердің қоймасына апарып сақтаудың машақатын биыл көрдім. 10 пайыз ылғалдылықпен апарсаң, олар 15 пайыз дейді. Бидайдың шөп-шалаңмен ластану көрсеткіші 3,6 пайыз болса, оны 9,2 қылып қойды. Екеуін қоссаң 10 пайыз шығады. Енді есептеп көрейік, 10 мың тонна рапс жинасақ, соның 10 пайызы мың тоннаға тең. Бір тонна рапстың құны – 400 еуро, сонда мен біреуге 400 мың еуроны жайдан-жай беріп тұрмын ғой. Осыны есептей отырып, өзіміз элеватор салуды ұйғардық. Бұл іске де мемлекет қаржылай қолдау көрсетпек.
Кеңес заманында шаруашылық басшылары көп ойланып, бас қатырмайтын. Қай дақылды қанша егу керектігі жоғарыдан айтылады. Жанар-жағармай мен тұқым тегін келіп жатады. Ал қазір нарықтық қатынас, айырмашылық жер мен көктей. “Заманың түлкі болса, тазы боп шал” дейді. Әрбір өнімді себудің өз әдістері, технологиясы бар. Одан қалды, биыл рапс өскен жерге келер жылы бидай ексең жақсы шығады. Ал бұршақ немесе зығыр ексең, керісінше, түк өнбейді. Осындай тәжірибеден алынған амал-айлаларды да қолдануымыз қажет.
– Биыл нарықта астықтың бағасы қалай? Жинаған өнімді тиімді бағаға сата алып жатырсыздар ма?
– Әлем халқының саны жеті миллиард адамнан әлдеқашан асып кетті, ол өсе береді. Демек, жейтін тамақ керек болған соң азық-түлікке, оның ішінде астыққа деген сұраныс артпаса, кемімейді. Біз нарық заңына бағынғандықтан, баға да құбылмалы. Өнімді көбіне экспортқа шығаратындықтан, құнын шетел валютасымен есептейміз. Қазір бидайдың құны сәл төмендеу болып тұрған жайы бар. Шамамен 150 АҚШ доллары, ал бір кездері 250 долларға дейін барған. Рапстың құны – 400 еуро, зығыр – 250, бірер жыл бұрын, керісінше, зығыр 500 еуроға дейін көтерілді. Бүгінгі таңда бұршақ тұқымдасқа жататын жасымықтың бағасы шарықтап тұр. 580-600 долларға бағаланады. Оның қызылы және жасылы бар. Жасылының тоннасына қазір 700 долларға дейін беріп жатыр. Демек, диқан көктемде бидайды сеуіп тастап, күзде жинап алып, соған мәз болып отырмауы керек. Ізденіп, нарықты зерттеп барып жұмыс істесе пайдаға кенеледі.
– Сіздің руханиятқа жақын екеніңізді, өнер саласында жүрген адамдарға үнемі қолдау көрсететініңізді білеміз. Республикалық қарилар байқауын өткізуге де мұрындық болдыңыз. Кейбіреулер мұны ақшаны далаға шашу деп түсінуі мүмкін. Кәсіпкерлерге меценат болудан келетін пайда не?
– Мектеп жасынан бастап кітапты көп оқыдым. “Абай жолы”, “Қан мен тер” сияқты романдарды жастанып жатып оқып шықтым. Сондықтан өзім ұзақ жыл салық органында, қазір кәсіпкерлікте жүрсем де руханиятқа жаным жақын. Жаратушы иеміз пенделерін жаратқанда бәрінің несібесін бірдей қылып бөледі екен, тек әркім сол несібесін іздеп таба білуі керек. Егер маған байлық бітсе, ол тек менікі дегенді білдірмейді. Басқа біреудің несібесін мен арқылы беріп отырған шығар. Ақшаны табу керек, бірақ оған жүректе орын жоқ. Құнығу деген ең жаман қасиет деп есептеймін. Қазақта “би болмасаң да, би түсетін үй бол” деген жақсы сөз бар. Сондықтан Ринат Зайытов, Ерлан Рысқали, Тұрсынбек Қабатов және тағы басқа өнер адамдары Қызылжарға келген сайын дастарқанымды жайып, құрмет көрсетіп жіберемін. Одан мен кедей болып қалмаймын, ал олар ел аралайды, жүрген жерлерінде Қызылжар туралы жақсы сөздер айтып жүрсе, соған разымын.
– Жомарт Жақсылықұлы, мәнді де мағыналы сұхбатыңызға рахмет! Ісіңізге сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.