Жылдағы дәстүрлерінен таймай, алғашқылардың бірі болып өңіріміздегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтаған облыстық ішкі істер департаментінің ауласына кірген әр журналист ерекше сезімге бөленгені анық. Себебі, қызыл кілемнің бойымен сап түзеп тұрған тәртіп сақшылары зор ілтипатпен қарсы алғанда абдырап қалғанымыз да рас. Бірақ құрмет көңілді көтереді емес пе?!
Көкейіндегісі қаламының ұшында тұратұғын журналистер қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтаған облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов игі тілегін жеткізді.
– Төл мерекелері қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін құттықтауды игі дәстүрге айналдырдық. Қазақстан полициясы мен журналистер қауымының кәсіби мерекелері бір айдың ішінде аталып өтетіндігі қос сала мамандарының бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтіндігін айғақтап тұрғандай, – деген Берік Біләлов биыл құрылғанына 25 жыл толған Қазақстан полициясының осы күнге дейін жеткен жетістіктеріне де тоқталды.
Өңірімізде қылмыс деңгейі төмендеп, криминогендік жағдайдың тұрақтылығы жағынан республика бойынша алғашқы орындардамыз. Осыны тілге тиек еткен департамент бастығы тәртіп сақшыларының қиын да қызықты жұмысын ескеріп, насихаттап жүрген журналистерді марапаттады. Бірқатар азаматтарға “Қазақстан полициясына – 25 жыл” мерейтойлық төсбелгісі табыс етілді. Сондай-ақ, жуырда қос кәсіптік мереке қарсаңында ішкі істер департаменті қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз турының белсенді қатысушылары да естелік сыйлықтарға ие болды. Ал күні-түні тыныштық көрмейтін полиция қызметкерлерінің қажырлы еңбегі жайлы қалам тербеп, мақала жазған, сюжет әзірлеп, көрерменге ұсынып жүрген журналистер арасында ұйымдастырылған шығармашылық байқаудың қорытындысы шығарылды. Үш аталым бойынша қаламы жүйріктер анықталды. Әріптесіміз – облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің жауапты хатшысы Айгүл Ысқақова “Үздік материал” аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
Салтанатты шара барысында осындай сый-сияпатқа ие болған журналистер қауымы да ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді. Қоғамдық тәртіпті сақтайтындар мен қоғамдық пікірді қалыптастыратындар арасындағы тығыз байланыстың көрсеткіші болған шара ішкі істер департаментінің өнер ұжымдары әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.