Қазір екі адамның басы қосыла қалса, мектептердегі “ақша жинау жыры” тақырыбын әңгіме қылады. Бірде дәрігердің қабылдауында кезек күтіп отырып, қасымдағылардың “мектепке борға ақша жинап жатырмыз” дегендерін естідім. Бұл әлеуметтік желілерде, педагогикалық кеңестер мен ата-аналар жиналыстарында да жыл сайын айтылып-айтылып “жауыр” болған мәселе. Бірақ жыл сайын көтерілгенімен, “баяғы жартас, сол жартас” күйінде әлі де шешімін таппай келеді.
Еліміз Тәуелсіздігін алған алғашқы кездерде білім жүйесінің басынан талай қиыншылық өткенін алдыңғы толқын ағаларымыз бен апаларымыз жақсы біледі. Балабақшалар жаппай жабылып, мектептерде жарық пен жылу болмай, ауыл мұғалімдерінің балаларды үйді-үйге бөліп оқытқанының, мектепті жылыту үшін ата-аналар үйлерінен арба-арба отын әкеп жаққанының да куәсі болдық. Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толып отырған бүгінгі күні оның бәрі ұмыт бола бастады. Қазір, Құдайға шүкір, білім жүйесіне мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлініп, жан-жақты жағдай жасалуда. Алайда, бөлінген қаражат мектептің барлық қажеттілігін жаба ала ма? Жапса, мектептерде оқу жылы басталысымен бор, журнал, қағаз, мультифор, балалардың ішетін суы, тағы басқа да ұсақ-түйектерге ата-аналардан ақша жинау неге тыйылмай келеді? Оған кінәлі кім, мектеп басшысы ма, сынып жетекшісі ме, әлде, ата-ананың өзі ме?
Облыстық білім басқармасына хабарласып, мектеп мұғалімдерінің ата-аналардан баланың сыныптағы керек-жарақтарына ақша жинағаны қаншалықты заңды екенін білген едік.
– Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бұл мәселе бойынша оқу жылының басында жиын өткізіп, ата-ананың келісімінсіз ақша жинауға болмайтынын ескертті. Біз де қалалық, аудандық білім бөлімдерін хабардар етіп, министрліктің бұйрығын барлық білім беру мекемелеріне тараттық. Бірақ мектепке көмектесем деген жандар болса, біз ештеңеден бас тартпаймыз. Кейбір білім ошақтарының түлектерінің арасында өздері оқыған мектептің сыныбын толық жабдықтап бергендер, компьютер, автокөлік, спорттық жабдықтар сатып әпергендер бар”, – деді білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпаш Қалғожина.
Мағжан Жұмабаев колледжі жанындағы мектеп-лицейдің директоры Рәзия Ескендірова “Өткен жылы балалардың ішетін суына ақша жинағанбыз. Биыл оған мемлекет тарапынан қаржы бөлінді, сол жеткілікті. Ал басқасын ұстаздар өздері сатып алады. Мектептерді жөндеуге сынып қажеттіліктеріне ақша жинауға да тыйым салынғандығы жөнінде ақпараттық хат келді. Соның негізінде бұйрық шығарып, онымен мұғалімдерді таныстырдық. Бізде ата-анадан ақша жиналмайды” – десе, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Амантайқызы: “Ата-анадан тиын-тебен жинаймыз, сыйлық аламыз деп жұмысымыздан айрылар жайымыз жоқ. Су, стақан, қағаз, тағы басқалардың барлығын мектеп директорының шаруашылық істері жөніндегі орынбасары Светлана Грищанова реттейді”, – дейді.
Аудандардағы мұғалімдердің бірінен жағдайды сұрағанымда, сыныпқа қажеттінің барлығын ұстаздар ай сайын өз жалақыларынан ортақ ақша жинап, соған сатып алатындықтарын айтты. Ұстаздардың сөзіне қарағанда, ата-аналардың арасында мектеп қажеттіліктеріне ақша жинамақ түгіл, балаларының Ұлттық бірыңғай тестілеуге қажетті сынақ кітапшасын алуына ақша бермейтіндері бар. Бұл мардымсыз жалақысын қайда жеткізерін білмей, күйінген мұғалімдердің сөзі.
Алайда, ата-аналар мен білім жүйесіндегілердің сөзінде алшақтық бар. Мәселен, Жұлдыз есімді ата-ананың екі баласы мектепте оқиды. “Екеуіне де жыл сайын мектептегі ата-аналар қорына ақша тапсырамыз. Өткен жылы бала басына 2 мың теңгеден берсек, биыл әрқайсысына 5 мың теңгеден өткіздік”, – дейді ол. Бұл – екі баланың анасының сөзі. Отбасында мектепке дейінгі және мектеп жасындағы 4-5 бүлдіршін тәрбиелеп отырғандардың жағдайын айтпасақ та түсінікті.
Ата-аналардың басым бөлігі ақша жинауға наразы болғанымен, көпшілік алдында өзін де, баласын да жеккөрінішті қылғысы келмейді. Кейбірі мұғалімнің баласына деген көзқарасы өзгереді деп қорқады. “Мен ақша жинаған дұрыс емес екенін білемін, бірақ баланың сыныптастарының алдында беделін түсірмес үшін беруіме тура келеді. Сол тиын-тебен үшін мұғалімдер де балаға қырын қарауы, оның бетіне басуы да мүмкін. Сондықтан “аш құлақ та тыныш құлақ” деп, ата-ана қорына ай сайын 500 теңгеден беруге мәжбүрмін”, – дейді тағы бірі.
Осындай әңгіме таратып, мектептің, мұғалімдердің атына “қара күйе жағуға” дайын тұратындар негізінен ата-аналар жиналысына қатыспай, “ұзын құлақтан” бірдеңені естіп алып, “тасада тұрып тас ататындар”, деген облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпаш Әміржанқызы: “Заңсыз ақша жинауды тыюға болады, ол ата-аналардың өздеріне байланысты. Ата-ана “бере алмаймын” десе, бермесін. Олар ашық түрде шағым айтып бізге келсін. Соның негізінде біз шара қолданамыз. Ақша бермедің деп баланы мектептен шығарып жатса да бізге келсін”, – деді.
“Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды” дегендей, ата-анадан заңсыз ақша жинауға болмайтындығы жөніндегі бұйрықпен барлық мұғалімдер таныс болғанымен, “жең ұшынан жалғасқан алыс-беріс бар сияқты”. Ата-анасы мен мұғалімдердің бұл әрекетін көріп отырған бүгінгі бала, ертеңгі ел тұтқасын ұстар өскелең ұрпақ қандай тәрбие алмақ? Біз болашақ ұрпақты осылайша сыбайлас жемқорлыққа тәрбиелеп жатқан жоқпыз ба? деген ой да қылаң береді.
Осы күдікті сейілту үшін облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Нұрлан Жахинге хабарластық.
– Бізге облыс орталығындағы бір мектептен ғана ата-ана шағымданды, тексеріс нәтижесінде оның шағымы негізсіз болып шықты. Жеке басыма келетін болсам, балаларым оқитын мектепте де, балабақшада да ақша жинаймыз. Біз ақшаны мұғалімге емес, өзіміздің баламыздың қажетіне береміз. Жиналған ақшаға ата-аналар комитетінің мүшелері ие болып, есебін жүргізіп отырады. Ал ақша беру, бермеу – әр ата-ананың өз еркі, – деді Нұрлан Жахин.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.