«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛЫ ҰЯ

Елімізде түрлі себептермен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мейірімге зәру балаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Әр өңірде балалар үйлері мен интернаттары ашылып, жүректері жаралы жандарды білім нәрімен, тәрбиемен сусындатып отыр. Қазіргі таңда республикамызда 122 балалар үйі жұмыс істейді. Солардың бірі – қырық шақты баланы қанатының астына алып отырған облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылы.

Мемлекет қамқорлығына алынған балалардың тыныс-тіршілігін білу мақсатында аталмыш мекемеге ат басын тіреген едік. Бізді балалар ауылының қазіргі жағдайымен директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Гүлсипат Найманова таныстырды. Оның айтуынша, қамқорлыққа алынғандардың алтауының әке-шешесі өмірден озып кеткен, қалғандарынікі ішімдікке салынғандар, әлеуметтік жағдайы нашар, не болмаса темір тордың арғы жағына тап болып, ата-ана құқығынан айырылғандар екен. Маман облысымызда жетім көрсе жебей жүретіндер қатарының да аз еместігін айтты. Жанашыр жандар 2018 жылы облыстық балалар ауылындағы 12 баланы асырап алса, биыл бір бала өз отбасын тапқан. Алайда, арада біраз уақыт өткеннен кейін тіл табыса алмағандығын алға тартып, асыранды баласын қайта әкеліп тастайтын отбасылар да жоқ емес.
– Балалар ауылында алты үй бар. Онда ата-ана қарауынсыз қалғандар жалғызсырамай, бір-бірімен жақын қарым-қатынас орнатып, бауырмал болып өсулері үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Әр үйге 6-7 баладан орналастырдық. Олар бір-біріне қол ұшын созып, сабақ оқығанда да үлкені кішісіне көмектесіп, тату-тәтті күн кешіп келеді. Балалар бос уақыттарында қолөнермен, спортпен, би және вокалмен айналысып, өз қабілеттерін шыңдайды. Өрендердің бірқатары футбол, баскетбол, сурет салу бойынша жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр, – дейді Гүлсипат Найманова.
Балалардың түрлі концерттерге, ойын-сауық орталықтарына барып, қала ішінде бой жазып қыдыруларына жағдай жасалған. Оларға жыл сайын “Солнечный”, “Бурабай” секілді сауықтыру лагерьлеріне жолдама беріледі. Тәрбиешілер оларға бас-көз болып, тамағын дайындайды, киімін жуады, бір сөзбен айтқанда, туған аналарындай болуға тырысып бағады. Балалар да бірге ас әзірлеп, үй жинап, түрлі әңгімелер айтып, берекелі отбасындай күн кешуде. Ана орнына ана болып, әрқайсысын өз баласындай бауырына басып жүрген нөмірі төртінші үйдің тәрбиешісі, балалар ауылында алты жылдан астам қызмет етіп келе жатқан Раушан Әбдішқызымен тілдескен едік. Ол әр баланың мінез-құлқы әртүрлі екендігін алға тартты. Сондықтан олардың ішіне бүккен сырларын білу қиынға соғатынын жеткізді.
– Балалардың кейбіреуі ашық-жарқын, әңгімешіл болса, енді біреуі тұйық. Әрқайсысының тілін табуға тырысып, пікірлерін тыңдап, қолдау көрсетіп жүреміз. Алайда, біз қанша уақыт бойы жандарында жүрсек те, олардың көздерінен “анам мені қашан алып кетер екен” деген мұң сезіледі. Өзім де ана болғаннан кейін тағдырдың тәлкегіне түскен қаршадай балалардың мұңлы жанарларын көргенде, кейде көңілім босап қоя береді, – дейді ол.
Мұндағы жеткіншектердің қарындары тоқ, көйлектері көк болғанымен, олардың ана махаббатын аңсайтындары сөзсіз. Әкесінің мойнына асыла еркелеп, шынайы ойнап-күлмеген балалардың көңілінде бір қайғы жасырынары анық. Ата-ана мейіріміне, махаббатына бөленіп өспеген олар сан түрлі күйзеліске ұшырайтыны белгілі. Бұл жайында бізге психолог Гүлдана Қалиева айтып берді. “Жетім балалардың бойында көптеген комплекстер болады. Әрдайым өзгелерді өзінен артық санайды. Олардың рухани иммунитеттері толыққанды отбасынан шыққан балаларға қарағанда анағұрлым әлсіз. “Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер” демекші, оларға үлгі болар тұлғаның жоқтығынан, кімге қарап бой түзейтіндерін білмей, ұлдар нәзік жанды болып, қыздар ермінезділікке жақын келетін кездер де көп кездеседі, – дейді маман.
Жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан сәбилердің болашағы қандай болатыны өздеріне байланысты. Бір анығы, олардың әкелеріне, аналарына деген сағынышы өмір бойы жүрек түкпірінде жатары сөзсіз.

 

Алина НҰРТАЗИНА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp