Өткен жылы облыс жолдарында қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан жол қозғалысы ережелерін бұзудың төрт мыңға жуық фактісі тіркелген, “Автобус” алдын алу шарасы барысында бір күнде 151 құқық бұзушылық анықталды.
Шара барысында тәртіп сақшылары облыс орталығында жолдың қарсы бетіне шығып кеткен автобус жүргізушісін тоқтатты. Жол ережесін өрескел бұзған жүргізушіге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 596-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Енді ол жарты жыл бойы қоғамдық көлікті тізгіндей алмайды.
“Сарыағаш-Петропавл” бағытындағы қалааралық автобус жүргізушісі жолаушылар отыратын орындықтың арқалығын алып тастап, кереуетке айналдырғаны да жедел-алдын алу шарасы кезінде анықталды. Бұл жүргізушіге де әкімшілік хаттама толтырылды.
Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айдын Байматовтың айтуынша, рейдтік шаралардан бөлек, полиция қызметкерлері қалалық қоғамдық көліктер жүргізушілерінің бағытқа шығу дайындығын тексереді. Күн сайын таңғы сағат алтыда жүргізушілер медициналық тексеруден өтпек.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Soltustik Qazaqstan”.