«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮЗ ЖАСАҒАН АРДАГЕР

 

Батырлардың ерлігі ұмытылмақ емес. Кешегі сұрапыл соғыс даласында Отан қорғаған ардагерлердің қатары жыл өткен сайын сиреп, бүгінде тарихтың тірі куәсіндей болған олардың санаулысы ғана қалды. Ардагер Павел Барильченко – сол аға буынның өкілі. Кеше облыс әкімі Ерік Сұлтанов ақсақалдың үйіне барып, оны 100 жылдық мерейтойымен құттықтады.

– Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында 100 жасқа келіп отырсыз. Осынау мерекемен құттықтау үшін сіздің шаңырағыңызға арнайы келдік. Сізге зор денсаулық тілейміз! Бала-шағаңыздың ортасында бақытты, ұзақ өмір сүріңіз. Сіздің өміріңіз өскелең ұрпаққа үлгі боларлықтай, – деді өңір басшысы.

Ізгі лебіз, сый-сияпаттан кейін ардагер де алғысын білдіріп, ақ батасын жаудырды. Өмір өткелдеріне тоқталып, дастарқан басында тағылымды әңгіме өрбітті.

Павел Барильченко – Қызылжар ауданындағы Тоқшын ауылының тумасы. Қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданындағы Булаево қаласының орта мектебін бітіргеннен кейін Харьковтағы авиация училищесіне оқуға түседі. Дәл осы кезде соғыс басталып, ол кеңес әскерінің қатарына қосылады. “Қызыл Жұлдыз”, “Екінші дәрежелі Отан соғысы” ордендерімен және “Ерлігі үшін”, “Беларуссияны азат еткені үшін”, “Украинаны азат еткені үшін”, “Берлинді алғаны үшін”, “Германияны жеңгені үшін”, “Георгий Жуковтың туғанына 100 жыл” медальдарымен марапатталған. Соғыс аяқталған соң Краснодардағы педагогикалық институтты тамамдап, 1961 жылдан Петропавлдағы №21 орта мектептің директоры қызметін атқарды. 21 жыл бойы Павел Барильченко басшылық еткен мектептің оқушылары түрлі республикалық жарыстарда топ жарды. Зейнетке шықса да ардагер мектеп оқушыларына патриоттық тәлім-тәрбие беруден жалыққан емес.

Павел Барильченконың зайыбы Нинамен қосылғандарына – 70 жыл. Олар немере-шөбере сүйіп, бақытты ғұмыр кешіп отыр.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp