Облыстық ішкі істер департаменті өңіріміздің үздік мемлекеттік органы деп танылды. Жылдың соңында мұндай жағымды жаңалықты “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы жеткізді. Облыс аумағындағы жолдарда “Қоғамдық қабылдауды” ұйымдастыру, партиялықтармен бірлесіп өткізілген рейдтер, биылғы жылғы көктемдегі су тасқыны кезінде халыққа көрсетілген көмек, баспанасыздарға арналған түнеу орнының ашылуы, көкейкесті мәселелерді уақтылы шешу – жылды қорытындылау кезінде осының бәрі ескерілді.
“Нұр Отан” партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында өткен қорытынды кеңесте филиал төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләловке марапатты табыстады. Грамота мен “Партияның қоғамдық қабылдауының жұмысына қосқан белсенді үлесі үшін” деген ойып жазылған арнайы сыйлық ішкі істер департаменті мұражайының арнайы экспозициясына қойылмақ. Себебі, департамент өз тарихында тұңғыш рет осындай мәртебеге ие болып отыр.
Ішкі істер департаментінің бастығы Берік Біләлов марапатты қабылдау кезінде партиялықтарға өзара іс-қимыл үшін алғысын білдіріп, алдағы уақытта да департамент жұмысында халықтың мүддесі басты назарда болатындығына сендірді.
– Облыстық ішкі істер департаментінде “2017 – жергілікті полиция қызметінің жылы” деп жарияланды. Алда облыс халқының қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар тұр және де тығыз қарым-қатынас жасауды жалғастыра береміз, – деді Берік Біләлов.
Жыл басынан бері ішкі істер департаментінің бастығы партияның облыстық филиалында бес рет азаматтарды қабылдау шарасын өткізді. Биылғы жыл полиция ведомствосында “Аудандық бөліністер жылы” болып жарияланғанды. Әр ауданда көшпелі кеңестер, халық алдындағы есеп беру кездесулері, азаматтарды қабылдау ұйымдастырылды. Полиция ведомствосының басшысы 50-ден астам ауылдық округке барып, оның қабылдауында 258 адам болды. Әр өтініштің және проблемалы мәселелердің оң шешімін табу үшін құқықтық деңгейде қыруар жұмыс атқарылды. Жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі.