“100 нақты қадам” Ұлт жоспарында мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға ерекше мән беріледі. Өйткені, халыққа мемлекеттік қызмет көрсету – елімізді дамытудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Мемлекеттік органдар көрсететін қызметтер сапасының деңгейі еліміздің экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткіштеріне сай болуға тиіс.
Ел Президентінің жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында тұрғындарға қызмет көрсетудің сапасын арттыру арқылы азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметіне деген сенімін көтеру маңыздылығы ерекше атап көрсетіледі. Қызмет көрсетудің сапасы – мемлекеттік қызметшілер жұмысы тиімділігінің басты көрсеткіші болатынын және ол мемлекеттік тұтынушы ретінде халыққа тікелей бағдарлануы тиістілігі айқындалған. Мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру, осы салада қоғамдық қатынастарды реттеу, қызмет көрсетудің ашықтығына, сапасына және жеделдігіне қол жеткізу сыбайлас жемқорлықтың азаюына, азаматтық белсенділіктің артуына жағдай жасайды. Ал бұл Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментінің алдында мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа механизмдерін қалыптастыру міндеті тұр. Электрондық форматта мемлекеттік қызметтер алу мүмкіндігі аясын кеңейту, оның сапасын арттыру, осы қызмет түріне мониторинг жүргізетін кешенді жүйе енгізу, тұрғындардың қызмет алу тәртібін білу деңгейін өсіру бойынша мақсатты жұмыс жүргізілуі тиіс.
Бүгінде облысымыздағы 542 органда 5013 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында облыстық мемлекеттік органдар 1 457 319 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Олардың 845 535-і жергілікті – атқарушы органдар, ал 611 784-ін орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері көрсеткен.
Жыл басынан бері облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментіне көрсетілген мемлекеттік қызметтердің сапасы бойынша 10 өтінім түскен. Департамент мамандары бес өтінімге түсіндірме жұмыстарын, қалған өтінімдер бойынша жоспардан тыс тексеріс жүргізген.
Мемлекеттік қызметтердің заңдылығын бақылау бойынша белгіленген таңдамалы тексеріс жоспары негізінде үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында департамент мамандары алты мемлекеттік органда тексеріс жүргізді. Оның барысында қолданыстағы мемлекеттік қызмет туралы заң талаптарын бұзуға жол берудің бірнеше фактісі тіркелді. Мәселен, органдарда қызмет көрсету мерзімдері сақталмаған. Сонымен қатар, қызмет алушылар пакеттерінде мемлекеттік қызмет стандартында көзделген құжаттар тізімі толық болмағаны, заңмен белгіленген қызмет көрсету уақыты бұзылғаны, ал кейбір органдарда мемлекеттік қызмет бойынша ақпараттық стендтердің болмауы анықталды. Анықталған барлық кемшіліктерді жою туралы ұсыныс енгізіп, оның қаралу нәтижесі бойынша бұзушылықтарға жол бергені үшін екі қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Алдағы уақытта мемлекеттік органдарда бес тексеріс шарасын жүргізу жоспарланған.
Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі, оларды ұсыну мерзімдері мен шарттары, құжаттар тізбесі мен мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту негіздері тиісті стандарттар мен регламенттерде айқындалады. Белгіленген стандарттар бойынша мемлекеттік қызметті уақтылы және сапалы көрсетпеген жағдайда кез келген адам көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша жаңа көзқарастарды қалыптастырып, негізінен қызмет алушы және азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған “Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы” Заңына жүгініп, қызмет беруші лауазымды тұлғалардың жөнсіз әрекеттеріне шағым түсіре алады.
Көрсетілетін қызметтер туралы барлық ақпаратты құқықтық-ақпараттық жүйелерден, сондай-ақ, өздерінің интернет-ресурстарында мемлекеттік қызмет көрсету туралы ақпаратты орналастыруға міндетті мемлекеттік органдар мен ұйымдардан алуға болады. Қызмет көрсететін әрбір органда өзінің стандарттары мен регламенті жайлы ақпараттар көпшіліктің назарына көрнекі жерге ілінуі қажет және тиісті ақпаратқа қызмет алушы кедергісіз қол жеткізуіне мүмкіндік жасалуы керек. Егер осындай талаптар орындалмай жатқан болса, ол жайлы облыстағы уәкілетті орган – мемлекеттік қызмет істері жөніндегі облыстық департаментіне хабарлап, шағым білдірулеріне болады.
Әсел ӘУБӘКІРОВА,
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы.