«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жүк көліктері үшін ақылы

Инфрақұрылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі “Нұрлы жол“ мем­лекеттік бағдарламасы­на сәй­кес республикалық ма­ңызда­ғы 11 мың шақырым автомобиль жо­лы ақылы болады. 2021 жыл­дың маусым айында “ҚазАвто­Жол” Ұлттық компаниясы” АҚ рес­публикалық маңызы бар жолдар­дың 18 учаскесі бойынша 5800 ша­қырым жолға ақылы жүйені енгі­зуді жоспарлап отыр.

Өңірде “Нұр-Сұлтан – Петро­павл“ бағытындағы (Ақмола об­лы­сы шекарасынан Бескөл ауы­лына дейін) 132 километр автомо­биль жолы ақылы болады. Бұл ту­ралы облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов қатысқан қоғам­дық тыңдау барысында айтылды.

– “ҚазАвтоЖол” ұлттық компа­ниясының ауқымды жоспары бо­йынша автомобиль жолдарын ақы­лы жүйеге көшіру мақсатында біз­дің өңірде де бірқатар жұмыс­тар қолға алынбақ. Нұр-Сұлтан – Пет­ропавл бағытындағы автомо­биль жолы тек жүк көліктері үшін ғана ақылы болатынын айтып өт­кен жөн. Ақы­лы жүйенің көптеген жақ­сы тұс­та­ры бар. Жолды күтіп-ұс­­тау, қыста тазалау мәселесі көп жағ­дайда қаржыға тіреледі. Қаржы осы мақ­сат­тарға жұмсалады, – деді облыс әкі­мі­нің орынбасары Ғани Нығы­метов.

Отырыста “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Қуаныш Ескендіров бұл жаңашылдыққа егжей-тегжейлі тоқталды. Оның ай­туынша, Нұр-Сұлтан – Петро­павл бағытындағы жолдың бөлігі II техникалық санатқа жатады, сон­дықтан төлем тек жүк көлігі үшін ғана ақылы болады. Учаскеде кө­лік құралдарының транзитін үз­дік­сіз бақылауды қамтамасыз ете­тін бағдарламалық-аппараттық ке­шен Драгомировка, Астраханка, Бескөл ауылдарының жанында орнатылады. Жүйе ашық типте болады. Яғни, қозғалысқа ешқан­дай кедергі келтірілмейді.

– Қазір жүйе сынақтан өтуде. Оны іске қосу үстіміздегі жылдың маусым айына жоспарланған. Бей­небақылау камералары арқылы көліктің мемлекеттік нөмірлері айқындалады. Ақылы учаскелер бойынша төлемақы мөлшерін Ин­дустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігі бекітуде. Бұл ретте тәжірибедегі ақылы учаске­лердің (Нұр-Сұлтан – Щучинск, Алматы – Қорғас және т.б. жол­дар) төлемақысы негізге алынды. Төлем жасаудың 20-дан астам тә­сілі қарастырылған. Екінші дең­гей­дегі банктер (Каспий, Хоум­банк пен т.б. интернет-бан­кинг­терді қоса алғанда), төлем тер­ми­налдары (Qiwi, woopay), сондай-ақ Кселл, Актив, Билайн сынды ұя­лы байланыс операторларына ха­барлама жіберу арқылы төлеуге болады, – дей келе, Қуаныш Ес­кен­діров жол пайдаланушылар тарифтер мен ресми расталған берешектер туралы ақпарат алу үшін тұтынушылармен жұмыс іс­тей­тін орталық ашу жоспарлан­ға­нын айтты.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp