Камила КАСЕИНОВА,
М. Жұмабаев атындағы ПГК жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейдің 10 “А”сынып оқушысы, “Жас дәурен” оқушылар комитетінің мүшесі.
Осыдан бір жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария етті. Оның ең басты мақсаты – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Әрине, бұл өте зор жұмысты, шыдамдылықты және алға ұмтылушылықты талап етеді.
Осыған орай Елбасы 2014 жылғы 17 қаңтарда өзінің жыл сайынғы кезекті Жолдауын Қазақстан халқына арнады. Бұл тарихи құжатты мені оқушы ретінде қызықтыратын жайттар көп.
Ең алдымен, Жолдаудың үшінші пунктіне назар аудардым. Ондағы қарастырылатын мәселе – тіл мәселесі. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Олардан мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты, әлі де үйренуде.
Кеңінен ашылып, талданып жатқан мәселе – мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға назар аудару. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймақ болуы тиіс. Оларға көмек көрсету – біздің парызымыз. Осыған орай Елбасы болашақта жәрдемақылардың 25%-ға өсетінін айтты.
Алдымызға қойылған биік мақсаттарды іске асыруда басты рөл атқаратын біз, жастар боламыз! Еліміздің өркендеп дамуына үлес қосудың жолдары шексіз. Жүрегі елім деп соғатын әрбір адам осы мүмкіндікті барынша пайдалануы керек. Өз басым алдымда тұрған міндеттерді орындауға дайынмын.
Петропавл қаласы.