“Еңбек – адамның көркі, адам – заманының көркі” дегендей, денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, халықтың ықыласы мен алғысына бөленіп, заманының көркі болып жүрген дәрігерлер аз емес. Солардың бірі – облыстық аурухананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ботагөз Сүлейменова.
Үлкен мен кішіге бірдей көмек қолын созып, жанын қоярға жер таптырмай азаптаған ауруынан айықтырып, жанына дауа, тәніне шипа болардай ем беріп, жылы сөзімен науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттырып, шексіз алғыс сезіміне бөленіп жүрген Ботагөз Мағжанқызын әдеттегідей жұмыс орнында кездестірдік. Оның бала күнгі арманы – теңізші болып, әлемді аралау болатын. Бірақ дегені болмады. Бірде анасы науқастанып жатып, қызына дәрігер болуға кеңес береді. Анасының сөзін қимаған жас қыз, Петропавл медицина училищесіне оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен тамамдап шығады. Кейін емдеу ісі мамандығы бойынша Целиноград мемлекеттік медицина институтын аяқтайды. Бұл саланың кәнігі шебері болуды мақсат тұтқан жас маман бар уақытын сарқа жұмсап, білек сыбана еңбек ету керектігін түсінеді.
“Адамның жүзі – ақыл-ойының айнасы” демекші, Ботагөз Мағжанқызымен әңгіме барысында ұжымында беделді екенін білдік. Қарамағындағылармен емен-жарқын сөйлесіп, әңгіме барысында кеңес сұраған қызметкерлерінің бетін қайтармай, жұмысты бірлесіп шешіп отырады екен. Қарапайымдылық пен мейiрiмдiлiк бойына ұялаған дәрiгер бүгiнде емделушілерге көрсетiлетiн көмектiң жақсарғанын айтты.
Бақытын еңбегiнен тапқан ақ халатты абзал жан көздеген мақсатына жетпей тынбайтын басшы Юрий Белоногтың қарамағында істейтінін мақтан тұтады. “Жақсы басшы – жарты бақытың” деген осы болар.
– Біздің ұжым өте тату. Мен үшін осындай ұжымға тап болғанымның өзі бір бақыт. Дәрігерлерімді біреуі жақсы, біреуі жаман деп айта алмаймын. Бәрі де өз мамандығының білгірлері, әркім өз шама-шарқынша еңбек етуде. Десе де, облысымызға танымал, жаңашылдыққа жаны құмар хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Мереке Нығметжановты, өткен жылы республикалық байқауда үздік бөлімше атағын жеңіп алған, офталь- мология бөлімшесінің меңгерушісі Жанна Лахтинаны, уақытпен санаспай, өз істерінен мін тапқызбайтын дәрігерлер Елена Казиева мен Анатолий Волвенконы ауруханамыздың мақтаныштары десем, артық айтпаймын, – деп әріптестері жайлы өз ойын білдірді.
Ботагөз Сүлейменова ұжымнан тек бір ғана нәрсені талап ететінін тілге тиек етті. Ол – қызметке деген адалдық. “Адал маманның бойы қашан да ізгілікке толы болады”, – дейді ол.
Алладан кейінгі құтқарушы ақ халатты жандар қандай мақтау мен алғысқа да лайық. Олар дәрігер ғана емес, ана екендігін де естен шығармауға тиіспіз. Ботагөз Мағжанқызы жұбайы Сәбит Рақымұлымен бір шаңырақ астында отыз бес жыл бірге ғұмыр кешіп келеді. Бүгінде қыздары Салтанаттан жиен сүйген бақытты отбасы.
– Түсіністік пен сыйластық болған жерде барлық қиындық өз шешімін табады. Менің қоғамдық іске араласып жүргенім жұбайымның арқасы. Мен жұмыста басшы болғаныммен, үйде әйелмін. Халық алдындағы абырой-беделім қандай болса, үйдегі әйелдік, аналық парызыма да сызат түсіргім келмейді, – дейді аяулы ана.
Ботагөз Мағжанқызының емдеу ісіндегі еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол “Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласының үздігі” төсбелгісімен, “Шапағат” медалімен марапатталды. Бұл – осы саладағы жоғары білікті, кәсіби шеберлігін танытқан, жемісті еңбек етіп жүрген дәрігерлерге берілетін марапат. “Ең бастысы, халықтың алғысына ие болсақ, соның өзі мен үшін үлкен марапат”, – дейді ол. Иә, Ботагөз Сүлейменова атаққа да, халықтың батасы мен алғысына да бөленіп жүрген жан.
Айгүл ХАМЗИНА,
“Солтүстік Қазақстан”.