«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕККЕ ЖОЛ

“Дәрігерге сенім білдірудің өзі – бағалы шипа” деген сөз бар. Облысымызда науқастар сенім білдірген дәрігерлер баршылық. Солардың бірі – облыстық Кардиологиялық орталықтың кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, кардиохирург Игорь Шумаков. 

Жұмыс күні аяқталып, ауруханадағы абыр-сабыр бәсеңсіген. Кардиохирургия бөлімшесінде отадан кейін науқастардың денсаулығына бақылау жасайтын медициналық құрал-жабдықтардың дыбысы ғана естіледі. Бөлімшенің дәрігерлері кезекті жұмыс күнінен кейін үйлеріне қайтпай ординаторлық бөлмеде ертеңгі күні жасалатын отаның бағытын өзара талқылауда. Мүлгіген тыныштықты кардиохирургия бөлімшесінің сол жақ бетінде орналасқан анестезиология және жансақтау бөлімшесінен шыққан дәрігерлердің жүрісі ғана бұзды. Олар кезекті отадан шыққан болатын. Игорь Шумаков бөлімшеден ең соңғы болып шықты. 6 сағатқа созылған отадан кейін бөлімше меңгерушісінің жүрісі әлі де ширақ көрінді. Бұл оның бүгіндікке жасаған екінші отасы. Кезекті еңбек демалысына шықса да, дәрігер жұмыста жүр. Бұл еңбекқорлықтың сыры дәрігердің өз жұмысына жанымен берілгендігінде жатса керек.

…Науқастың жағдайы өте ауыр. Жасы 60-тан енді асқан адам жүрегінің сыр беруінің басты себебі – жүректегі қан жолы тетігі жұмысының бұзылуы. Оны ауыстыру қажет. Бірақ ота барысында науқас жүрегінің сағаттай соғуына қан жолы тетігінің бұзылуы ғана емес, сондай-ақ, қан тамырларының кеңеюі де себеп болғаны анықталды. Ота барысында ойда жоқта анықталған дертті де емдеу керек деген шешім қабылданады. Бұл ота кезінде науқасқа облысымызда алғаш рет “фристайл” деп аталатын биологиялық қақпақша қойылды. Оның бұрынғы қақпақшадан артықшылығы – адам ағзасындай болуында. Онымен науқас кәдімгі дені сау адамдай өмір сүре алады. Егер де бұрынғы қақпақша қойылған науқас қан сұйылту үшін күнделікті дәрі-дәрмек қабылдауға тиіс болса, бұл қақпақша арқасында науқас ешқандай дәрі-дәрмек қабылдамайды. Отаның жоспарланған уақыттан ұзаққа созылуының себебі де осында. Осыған қарамастан, Игорь Витальевич жетекшілік еткен ота сәтті аяқталды. Науқас өз отбасына аман-есен орала алады, дейді дәрігер нық сеніммен. Отадан кейінгі бастапқы уақытта күрделі спорттық жаттығулар жасай алмаса да, науқастың балық аулауына, табиғатта серуендеуіне еш кедергі жоқтығы қуантпай қоймайды.

Мұндай күрделі оталар өңірімізде 2009 жылдан бері жасалып келеді. Орталықта жылына мыңнан астам ота жасалады. Биылғы жылдың 5 айы ішінде ғана 900-ден астам науқас отадан өткен. Бір отаның құны шамамен 2 миллион теңгені құрайды. Жоғары мамандандырылған мұндай оталар облыс тұрғындарына тегін жасалады. Бөлімшеде 4 кардиохирург, 3 анестезиолог, 2 перфузиолог және зертханашы дәрігер қызмет етеді.

– Бастапқыда №2 қалалық аурухананың негізінде күрделі кардиохирургиялық ота жасалатын орталық ашылады дегенде сенімсіздік таныттық. Үш ұйықтасақ түсімізге де кірмейтін, шетелде ғана жасалып келген мұндай оталардың еліміздің астанасында емес, өңірлерде және оны жергілікті дәрігерлер жасайтындығына, шынын айту керек, сенбедік. Ол қол жетпес армандай көрінді. Ал қазір егер де біздің орталықтың негізінде болашақта жүрек ауыстыру отасы жасалатын болады десе, кәміл сенемін. Себебі, елімізде медицина саласы қауырт даму үстінде. Өңірімізде мұндай оталардың да жасалатын кезі алыс емес, – деді Игорь Шумаков.

Дерттің ауыры, не жеңілі болмайды. Сырқаттың қай түрі болсын қауіп пен қатерге толы. Өлім мен өмір арпалысқан сәтте адам ота үстелінде қайтыс болуы әбден мүмкін. Облысымызда аурусырқаудан болған өлім-жітімнің жоғары көрсеткіші осы қан-тамырлары ауруларынан болатындығын ескерсек, бұл дерттің алдын алу мақсатында түрлі медициналық тексерістер жасалуда. Науқастың дертінің алдын алу үшін ауруды ерте кезде анықтау да маңызды. Ондай сырқат адамның дертінен құлан-таза сауығуына мүмкіншілігі зор. Дертіне селқостық танытқан науқастар қатары да жиі кездеседі. Көбінесе ота үстеліне түсетіндер де осы тізімдегі науқастар. Жағдайы тым ауыр адамға жасалған ота дәрігердің есіңде ұзақ сақталады.

– Ауруханаға созылмалы жүрек ауруы әбден асқынған науқас келіп түсті. Онда миокард инфаркті болған. Жүрегінің қан тамырлары кеңейіп кеткен. Жүрек қарыншасының аралық қалқаны жарылған. Науқастың ағзалары ісінген. Ота жүректің сол жақ қарыншасы мен қарынша аралық қалқанға жасалды. Бұл ота асқан жауапкершілікті талап етті. Құдай сәтін салып, науқас ауруханадан сауығып шықты,– деді ол.

Игорь Шумаковқа алғыс айтып келетін науқастар қатары жетерлік. Жасаған оталары жайында көсіліп айта қоймайтын дәрігер жүректеріне күрделі ота жасалған бұрынғы науқастарының жұрт қатарлы өмір сүріп жатқандығына қуанатындығын жасырмады. Ең бастысы, мұндай отадан кейін адамның мүмкіндігі шектелмейтіндігінде. Олар сүйікті жұмыстарына қайта оралып, түрлі спорттық жаттығулар жасап, немерелерімен бірге жүгіріп ойнай да алады. Туған-туысқандарының қуаныштарына ортақтасып, қайғыларын бірге бөліседі. Өмірдің бар қуанышын көруіне болады.

Жұдырықтай жүрексіз адам өмір сүре алмайды. Осындай жауапты қызметті аброймен атқарып жүрген ақ халатты абзал жан бала күнінде дәрігер боламын деп армандамаса керек. Айыртау ауданының Саумалкөл ауылының тумасы мектепте бірге оқыған достарына еріп, Астана қаласындағы мемлекеттік медициналық академияға оқуға түседі. Оқуды аяқтаған соң еңбек жолын өзінің туған ауылынан бастайды. Ауданның орталық ауруханасында хирург дәрігер болып қызмет етеді. Содан кейін облыстық балалар ауруханасында 8 жылдай еңбек етіп, түмендік кардиохирургтердің бала жүрегіне жасаған оталарында хирургтің көмекшісі болып, осы салада алғашқы тәжірибе жинақтайды. 2009 жылы кардиохирургия бөлімшесінде қызметін бастайды. Білімін әр жылдары Польша мен Литваның жетекші клиникаларында жетілдіреді. Адам жанының арашашысы – дәрігер өңіріміздегі кардиохирургия саласының дамуына үлесін қоссам дейді. 2010 жылы еліміздің денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал жуырда өткен Мемлекеттік рәміздер күні “Жыл патриоты” атанып, “Биікке самғаған Қазақстан” аталымына лайық деп танылған солтүстікқазақстандықтардың бірі болды.

Адам жүрегін сан мәрте қолына ұстаған дәрігерден “Адам жүрегі қандай?” деген сұрақты қоймай, кете алмадық. “Жүрек мықты, сонымен қатар әлсіз. Адамның өмірі оның жұмысына тікелей байланысты. Қуануы, шаттануы, қайғыруы осы жүрекке тәуелді. Сондықтан жүрекке барынша қамқор болу керек”, – деуі, әлбетте, шындық. Игорь Витальевичтің зайыбы да дәрігер. Ольга Константиновна – облыстық балалар ауруханасындағы нефрология бөлімшесінің меңгерушісі. Бойжетіп қалған қызының да дәрігер болуын қалайтынын, ол әке жолын жалғастырса деген ниеті барын жасырмады.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp