«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕККЕ ЖЫЛЫЛЫҚ ҰЯЛАТАДЫ

 

“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” акционерлік қоғамының “Даму-көмек” қайырымдылық жобасы 2009 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жобаға арқа сүйеп, кәсіп етуге көмек сұраған 90 адамның 74-іне демеушілер қолдау көрсеткен. Мүмкіндігі шектеулі жандардың діттеген ой-мақсаттарының орындалуы үшін қайырымдылық жасауға ниетті кәсіпкерлердің саны да жыл сайын көбейіп келеді. Биыл жоба бойынша 15 адам қолдау тапты.

Әдетте денсаулығында кінәраты бар жан сырт көздің аяушылықпен қарап, мүсіркегенін ұната қоймайды. Оларға қоғамның бір мүшесі ретінде қарап, үміт пен сенім артсаңыз оны жылы қабылдайды. Ондайда мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген құштарлығы артып, өз беттерінше тіршілік етуге тырысатындықтары байқалады. Сондықтан осы мақсатты көздеген қайырымдылық шараларының мән-мағынасы зор. Осындай құптарлық істі “Даму-көмек” жобасы атқарып келеді.

Ортамызда өзінің бизнесін құрып, аяғынан нық тұрған кәсіпкерлер аз емес. Сондай-ақ, жұртқа қарап, өзі де табыс тапқысы келетін, бірақ қолы қысқа мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Осындай көздеген мақсаттары ұқсас жандардың жолын қиыстыруды “Даму” қоры өзіне міндет етіп алған. “Даму-көмек” жобасының жүзеге асырылуына тікелей жауапты менеджер Гүлмира Жақыпова бір сөзінде бұл бағытты жүзеге асыру жолында қиындықтардың көп екендігін айтқан болатын. Сөз жоқ, бір-бірін танымайтын адамдарға “көмектесіп жіберші” деп қолқа салу қисынсыз көрінуі мүмкін. Дегенмен, қол ұшын созуға дайын кәсіпкерлер табылып жатады. Қайырымды жандар мүмкіндігі шектеулі адамдардың да қоғамнан өз орнын тапқанын қалайды. Жоба бойынша осы күнге дейін қалталы кәсіпкерлер қоғамның әлжуаз тобына жататын 74 адамға көмек қолын созды.

“Даму-көмек” қайырымдылық жобасынан қолдау сұраған соңғы сегіз адамның барлығына көмек көрсетілді. Мәселе қолдаушылардың бөлген қаржысының аз-көптігінде емес. Ең бастысы, олар игі ниеттерімен өздері танымайтын адамдардың жүрегіне қуаныш, сенім, жігер ұялатады. Олар басқаның тағдырына немқұрайдылық білдірмей, адамгершілік танытты. Мәселен, жобаға қатысушы, петропавлдық Бижамал Кәрімованың сұрағаны көп емес. Ол үй жағдайында түрлі бұйымдар жасау үшін түрлі түсті жіптер мен қолөнер материалдарын сатып әперуді өтінген. Ал Аққайың ауданындағы Трудовое ауылының тұрғыны, тірек-қимыл аппараты зақымданған Леонид Яковченко компьютер мен тұрмыстық техникаларды жөндеп, табыс табады екен. Қызметін кеңейту үшін жаңа құрал-жабдықтар керек болған. Немесе тігіншілікпен айналысатын Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны Сәния Карасева жаңа тігін машинкасын армандап жүріпті. Байқап отырғанымыздай, жобаға қатысушылардың қай-қайсысы болсын өз қолынан келетін іспен айналысып, жұрт қатарлы табыс табуды мақсат етеді.

Осындай сегіз адамнан түскен өтінішті қанағаттандыру үшін демеушілер табу, қажетті құрал-жабдықтар мен материалдарын сатып әперу, оны табыс ету “Даму” қорының қызметкерлері үшін аса маңызды. Олар барлық қатысушыны кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығына шақырып, сыйлықтарын салтанатты түрде табыс етті. Бұл жолы демеушілік көрсетіп, қайырымдылық танытқан “КөкшеТехСтрой”, “Фирма Алекри”, “Вторсырье” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері Алғыс хатпен марапатталды.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp