
Үстіміздегі жылы облыстық кардиологиялық орталықта қан тамырлары ауруына шалдыққан 600-ден астам адамға ота жасалып, олардың бітелген қан тамырлары тазартылды. Оның ішінде 230 науқасқа ота ашық жүрекке жасалды.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев әр облыста кардиологиялық қызмет көрсететін орталықтар құруды міндеттегенді. Осы орайда елімізде 2007-2009 жылдарға арналған арнайы бағдарлама қабылданып, жүзеге асырылды. Ол жаңашылдықтан біздің өңіріміз де шет қалған жоқ. Басты құжат назарға алынып, Петропавлдағы 2-ші қалалық ауруханада 20 орынға шақталған кардиохирургиялық бөлім ашылып, онда сонымен қатар 6 орындық анестезиология мен реанимация кабинеттері де жұмыс істей бастаған болатын. Ал 2009 жылы 2-ші қалалық аурухананың аты мен заты түбегейлі өзгеріп, ол кардиологиялық орталыққа айналды. Бүгінде онда 60 дәрігер мен 161 мейірбике жұмыс істесе, дәрігерлердің 68 пайызы, мейірбикелердің 74 пайызы жоғары біліктілік санатына ие. Олардың барлығы еліміз бен Ресейді есептемегенде, Сингапур, Франция, Польша мен Швейцарияда жасалатын ірі оталарға қатысып, шеберліктерін ұштаған. Бүгінде олар біліктіліктерін өзімізде жүзеге асыруда, дейді бас дәрігердің орынбасары Бейбіт Мұқышқызы.
Биыл кардиологиялық орталықтың ашылғанына – бес жыл. Осы аралықта емдеу мекемесі жүрек, қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткішін 20-дан 8 пайызға дейін төмендеткен. Оған заманауи қондырғылар мен білікті дәрігерлердің арқасында қол жеткізіліп отыр. Аталмыш емдеу мекемесі өздерінің материалдық-техникалық базасын жыл сайын жаңарту үстінде. Мұндағы шетелдік заманауи қондырғылардың барлығы лизингке алынады екен. Осылардың арқасында жылына 3 мыңға жуық адам бұл жерде өздерінің денсаулықтарын түзеп шығу мүмкіндігіне ие болған.
Дәрігерлердің біліктілігі сонша – олар бүгінде адам жүрегін 45 минутқа дейін тоқтатып қойып, ота жасауға қол жеткізген. Осы аралықта жүректің қызметін арнайы аппарат атқарады. Сондай-ақ, аталмыш орталықта жүрек қағысын емдеу жұмыстары да жүзеге асырылуда. Онда науқасқа арнайы ота арқылы жүрекке электрокардиостимулятор тігіледі екен. Былтыр ондай қондырғыны 7 адам пайдаланса, осы жылдың сегіз айында бұл көрсеткіш 17-ге жеткен. Сондай-ақ, кардиологиялық орталық бүгінде барлық аудандық ауруханалармен де тығыз қарым-қатынаста. Ондағы кардиолог дәрігерлердің біліктіліктерін арттыру тұрғысында аталмыш орталықта жыл басынан бері 160 семинар-кеңес ұйымдастырылып, елді мекен дәрігерлеріне жүрек-қан тамырлары сырқатына шалдыққан адамдарға шұғыл түрде қандай көмек көрсетілуі керектігі түсіндіріліп, өздеріндегі заманауи қондырғылармен қалай жұмыс істеу жайлы дәрістер берілген.
Біздегі секілді кардиологиялық орталықтар бүгінде Алматы мен Астана қалаларынан бөлек еліміздің әр өңірінде жұмыс істеуде. Олармен тығыз қарым-қатынас орнаған. Дәрігерлер қауымы үнемі бір-бірлерімен телемедицина арқылы байланысып, ақыл-кеңес, тәжірибе алмасып отырады. Портал бойынша емдеу тізіміне қойылған науқастарды емдеуде жергілікті дәрігерлер Қостанай мен Көкшетау қалаларынан келген сырқаттарға да дер кезінде қол ұшын созып, оларды аяқтарынан тік тұрғызған.
Еліміздегі кардиологиялық орталықтар арасында біздің емдеу мекемеміз қазіргі күні үздік бестіктің қатарына еніп отыр. Алайда, дәрігерлер “Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” деген нақылды естен шығармау керектігін ескертеді. Адам инфаркт-миокардқа ұшыраған уақыттан бес сағат өткенге дейін ақ халаттылар оның аяқтан тік тұрып кетуіне 100 пайыз кепілдік береді. Ал одан асып кетсе, оны емдеу ұзаққа созылады әрі өмірін арашалап қалудың өзі қиынға түседі. Сондықтан ақ халаттылар жүрек-қан тамырлары ауруларының алғашқы сипаттары білінген шақта бірден емдеу мекемелеріне келіп, тексерістен өту қажет екендігін айтады. Бұл – өз өміріңізді қорғаудың бірден-бір жолы.
Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.