«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰМЫРТҚА ФЕСТИВАЛІНЕ ДАЙЫНДЫҚ

Аққайыңдар өлкесі Қызылжар өңіріне туристерді тарту мақсатында облыста бірқатар ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Бұл орайда, Қызылжар қаласындағы орталық алаңда үстіміздегі жылы 6 қазан күні өтетін “SKOрлупино” атты жұмыртқа фестивалі ауқымды шараның айқын дәлелі екенін атап өткен жөн.

Айтулы шара қарсаңында орталық комминикациялар қызметінің өңірлік филиалында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Отырыста облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова баяндама жасады.
– Біздің өңір кондитерлік өнім, сүт пен шұжық өндіретін тауар өндірушілермен танымал. Бұл өнімдер біздің облысқа келген шетелдік туристер арасында сұранысқа ие. Бүгінгі таңда облыста тұрғындардың қажеттілігін қамтамасыз ететін бес құс фабрикасы бар. Өткен жылы өңірдің құс фабрикалары 646 миллион дана жұмыртқа өндірді, – дей келе Құрамалай Амангелдіқызы фестивальдің мақсатына тоқталды. Бұл шара облыстағы жұмыртқа өндірісінің танымалдылығын арттырып, табиғи өнімдерді насихаттауға мүмкіндік береді. Облыс әкімдігі мен тауар өндірушілердің қолдауымен өтетін бұл шараны облыстың рестораторлар және қонақ үйлер қауымдастығы, “Қызылжар жастары” агенттігі ұйымдастырып жатқанын айтып өткен жөн.
Ұйымдастырушылардың бірі “Қызылжар жастары” агенттігі директорының орынбасары Алена Третьякова фестивальдің бағдарламасы төрт тақырыпты қамтитынын жеткізді. Алдымен, құс фабрикаларының өнімдерінен жәрмеңке өтеді. Одан кейін қала қонақтары мен тұрғындары үшін жұмыртқа өнімдерінен тағам әзірлеу бойынша шеберлік сағаттары, балалардың ойын-сауық, анимациялық байқаулары ұйымдастырылады. Фестиваль соңы концертке ұласып, лотерея ұтыстарымен қорытындыланады.
Ұйымдастырушылар өңірдің құс фабрикалары мен азық-түлік өндірісімен айналысатын шағын және орта бизнеске қолдау көрсету арқылы мәдени-танымдық туризмді дамытуды жоспарлап отыр. Баяндамашылар жыл сайын Германияның Мюнхен қаласында өтетін бүкіләлемге белгілі «Октоберфест» атты сыра фестивалі, Туриндегі шоколад фестивалі, Испаниядағы зәйтүн майы фестивалі сияқты бұл шараның да өңір тұрғындары үшін маңызы зор болатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар, облыстың туристік әлеуетін арттыруға, қатысушылар арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін фестивальде үздік шеберлерді марапаттау көзделіп отырғанын айтқан жөн.
Баспасөз мәслихаты соңында ұйымдастырушылар тілшілердің сауалдарына жауап беріп, қала тұрғындары мен қонақтарын жұмыртқа фестивалін тамашалауға шақырды.   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp