«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰМЫСШЫ ЖАСТАРҒА – МАРАПАТ

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының ғимаратында “Ең үздік жас жұмысшы” облыстық байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасы мен жастар мәслихаты ұйымының мамандары бірлесіп ұйымдастырған аталмыш шараға өңіріміздің жұмысшы жастары мен студенттері, мектеп оқушылары қатысты.

Он үш аудан мен қаладан жиырмадан астам үміткер бақ сынаған байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқысы – аудандарда, екінші бөлімі Петропавл қаласында өтті. Жұмысшы жастардың әлеуетін арттырып, жасөспірімдердің кәсіптік білім алып, жұмысшы мамандықтарды игеруін көздеген байқау облыс жастары арасындағы еңбек адамдарын кеңінен насихаттады.  

Байқау қорытындысын облыстық жастар мәслихаты ұйымының төрағасы Абылайхан Қайролаев жария етті. “Үздік механизатор” аталымы бойынша бас жүлдені Валерий Пачганов иемденсе, “Үздік дәнекерлеуші” аталымы бойынша бас бәйгені Эдуард Зеленков алды. Ал Виктор Звягинцев “Үздік қырнаушы” аталымы бойынша бас жүлдені қанжығаға байлап, “Үздік электрші” аталымы бойынша сынға Қызылжар ауданының атынан түскен “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің электршісі Артем Багинский жеңімпаз деп танылды. “Үздік сылақшы” аталымында бақ сынаған Юлия Федотова жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бес аталым бойынша бақтарын сынап, жүлде алғандарға дипломдар, бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp