Президенттің бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Есіл ауданының орталығы – Явленкада Жұмысшы мамандықтарының фестивалі өтті.
Фестивальде өңірдің 20 колледжі өздерінің білім беру бағдарламаларын таныстырып, жастарға жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс пен болашағы, оқу және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпарат берді. Фестивальдің жұмысымен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты.
Бүгінде облыстың 15 колледжі 16 жаңа мамандық ашу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Оның 14-і – жұмысшы мамандықтары. Жақын арада дәнекерлеуші, электрик, токарь, наубайшы және басқа да сұранысқа ие мамандарды даярлау басталады.
Петропавлда жұмыс берушілердің қолдауымен мектептерде «автослесарь» және «электрик» бейінді сыныптар ашылуда», – деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.
Облыста жұмысшы кадрларға тапшылық бар. Сондықтан биыл жұмысшы мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы 105 грантқа ұлғайып, 1742 орынға жетті. Атап өтетін жайт, қазір түлектердің жұмысқа орналасу және жұмыспен қамтылу көрсеткіші 98 пайызды құрайды.
Мектеп оқушыларын ерте кәсіби бағдарлау мақсатында колледждерде «Junior Skills», «Үздік мамандық иесі» сияқты конкурстар ұйымдастырылады, сондай-ақ кәсіби шеберлік чемпионаттарына 7 мың түлек қатысты. 29 мың оқушы зауыттарға барып, өндіріс барысын көрді. WorldSkills өңірлік чемпионаты 3 мыңға жуық жас маманның басын қосты. Республикалық WorldSkills біріншілігінде солтүстікқазақстандық студенттер 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды.
Жыл соңына дейін кәсіби шеберлік конкурстары, жұмысшы мамандықтар бойынша жас көшбасшылар форумы, шеберлік сабақтары, сондай-ақ жаңа мамандықтар атласын әзірлеу жоспарланған. Бұл шаралар жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын оятып, болашақ мамандықты саналы таңдауға ықпал етеді.
Сол күні ауданда облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалығымен құқық қорғау, арнайы және атқарушы органдардың, аудан әкімдерінің қатысуымен терроризмге қарсы комиссияның көшпелі отырысы өтті.
Отырыс барысында экстремизм мен терроризмге қарсы мемлекеттік жүйені дамыту жөніндегі кешенді жоспардың іске асырылу барысы қаралды. Әсіресе алдын алу, ведомствоаралық өзара іс-қимыл және ықтимал қатерлерге әрекет ету тетіктерін жетілдіру мәселелеріне баса назар аударылды.
Отырыс қорытындысы бойынша экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы профилактикалық жұмыстар мен нысандардың қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар берілді.
Комиссия мүшелері Явленка ауылындағы мектеп, аудандық полиция бөлімі, сауда үйі және әкімдік ғимараты сияқты әлеуметтік және мемлекеттік нысандарды аралап, олардың терроризмге қарсы қорғалу деңгейін тексерді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.