Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қыс айларындағы ықтимал төтенше оқиғалардың алдын алу және өрт мәселелері бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.
Жиында департамент бастығының орынбасары, подполковник Ерік Сарыбаев сала қызметкерлері үшін де, тұрғындар үшін де аз қиындық тудырмаған былтырғы қытымыр қысты еске алып, сонда құтқарушылардың өз міндеттерін үлкен жауапкершілікпен, абыроймен атқарғанын тілге тиек етті.
– Жолда қалған 4500 адам жылыту пункттеріне жеткізіліп, қардың құрсауында қалған 1939 техникаға көмек көрсетілді, – деді Ерік Темірханұлы.
Ұялы телефонның мүмкіндігі осындай жайттарда өте қолайлы. Департамент ұялы телефон арқылы ауа райы болжамы туралы 27 рет қатты дауыл күтілетіндігі жайында алдын ала хабарлама таратқан. Алайда, ол ескертпелерге құлақ аспаған жүргізушілер мен жолаушылар да аз болмаған. Әркім қауіпсіздік ережелерін сақтаса, өзін де, өзгені де қиын жағдайға душар етпейді.
Департаменттің жедел-құтқару жасағының басшысы Алтай Тезекбаев өңіріміздегі колледждермен, мектептермен қарым-қатынас орнатып, жастарға төтенше жағдайлардан сақтанудың ережелерін түсіндіру, амал-тәсілдерін үйрету оқиғалардың алдын алудың тиімді жолы екенін атап көрсетті. Сондай-ақ, ол өзен-көлдердің үсті мұз болып қататын уақыт жақындап келе жатқандығын тілге тиек етіп, су айдындары маңындағы қауіпсіздік ережелеріне тоқталды. “Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін бекімеген мұздың үстімен жүруге, жарылған мұзға жақындауға, дұрыс қатпаған мұз айдынының үстінде шаңғы-шанамен сырғанауға, коньки тебуге тыйым салынады. Өзен мен көлдердің қауіпті жерлерін кесіп өту қауіпті”, – деді Алтай Тезекбаев.
Биыл құтқарушылар су айдындарында 65 адамды құтқарған. Балықшыларға, жағажайларда демалушыларға жадынамалар таратып, қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырған.
Жиында жыл басынан өрттен келген залал туралы да айтылды. Департамент 527 өрт оқиғасын тіркеген. Төтенше оқиға кезінде 14 адам ажал құшып, 18 адам әртүрлі дене жарақаттарын алған. Материалдық шығын 90 миллион 830 мың теңгені құраған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өрт оқиғасы – 15 пайызға, жарақат алушылар 38 пайызға азайған.
Жылдың жылыту маусымы енді басталып жатса да, түтіннен, газдан улану фактілері орын алуда. Бүгінге дейін 9 адам зардап шегіп, 3 адам қайтыс болған.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.