Біздің өңірімізде құтырма ауруының табиғи ошағы бар. Оның эпизоотиялық белсенділігі қыс-көктем мезгілдерінде байқалады. Жабайы жануарлар қауіпті вирусты ит пен мысыққа жұқтырады. Соның салдарынан адамдардың ауруға шалдығу қаупі артады.
Өткен жылы өңірімізде жануарлардан зардап шеккен 1388 адам медициналық көмекке жүгінді.
Биыл облыс аумағында аталмыш ауру тіркелген жоқ. Алайда, бұрын Тимирязев, Шал ақын, Аққайың, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда құтырма ауруы жиі орын алғандықтан қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Облыс аумағында құтырма ауруының негізгі табиғи көзі түлкі мен қарсақ болып отыр.
Ит пен мысық құтырма жұқтырған кезде адамдарға шабуыл жасап, тамақтан бас тартады. Ауру түлкілер елді мекендерді аралап, адамдарға шабуы мүмкін.
Елді мекендерде жабайы аңдар кездессе, олардың адамдарға, үй жануарларына жақындамауын қадағалау қажет. Ветеринарлық мамандарға хабарласқан абзал. Ал құтырманың таралуына жол бермеу үшін қаңғыбас иттер мен мысықтарды жоюдың маңызы зор. Ережеге сәйкес итті байлап ұстап, серуендеуге қарғыбаумен және тұмылдырықпен шығару қажет. Құтырмаға қарсы екпе қойылатынын да айтып өту артық болмас.
Біздің өңірде аурудың алдын алу үшін жергілікті атқарушы органдар мен ветеринариялық ұйымдар тарапынан шаралар қабылданады. Алайда, қаңғыбас иттер санының азаймауынан аудандарда жануарлардан зардап шеккен тұрғындардың медициналық көмекке жүгінуі жиі кездеседі. Ауру жұқтырған адамның ағзасына сілекей арқылы вирус еніп, жүйке жүйесі зақымданады. Тыныс алу жолдары жабылып, жүрек қызметі бұзылады.
Жануарлар адамды тістеп алған жағдайда жараны сабынмен жуып, йод тұнбасымен немесе спиртпен сүрту қажет. Бірден медициналық мамандардың көмегіне жүгіну де маңызды. Иммундау кезінде ақуыздар мен дәрумендерге бай тағамдарды тұтыну артық болмайды.
Нұргүл МОЛДАҒАЛИЕВА,
облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің
сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің
жетекші маманы.