«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖӘРМЕҢКЕДЕ ӨНІМ АРЗАН

 

Сенбі күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов қала базарларында болып, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің жұмысымен танысты. Жәрмеңкеге аудандардан келген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысып, өз өнімдерін ұсынды.

“Солтүстік” базарында Қызылжар ауданының тауар өндірушілері өз өнімдерін саудалады. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаровтың айтуынша, жәрмеңке апта сайын сенбі күндері өткізіліп тұрады. Саудаға ірі қара, қой, шошқа еттері, сүт және “Алекри” компаниясы мен “Атай СК” құс фабрикасының жұмыртқалары шығарылады.

– Мен жәрмеңкеден өзіме қажетті тағамдарды сатып алдым. Барлық өнім базардағыдан 15-20 пайызға арзан сатылуда. Осындай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылып тұрса, жақсы болар еді, – дейді қала тұрғыны Айнаш Бекболатова.

Келесі аялдама – “Алтын Адал” базары. Бұл сауда нүктесінде Айыртау, Тайынша, Шал ақын аудандары қала тұрғындары мен қонақтарына өз өнімдерін ұсынды.

Жәрмеңкеде сатылған көкөністер бағасы халық көңілінен шықты. Мәселен, картоп – 55, сәбіз – 65, қырыққабат – 60, қызылша – 75, сарымсақ – 60, алма – 260-320, мандарин – 330, қызанақ пен қияр – 700 теңгеден сатылса, қант 240 теңгеге бағаланды. Ал сиыр етінің құны 830 теңгеден бастап, 1040 теңгеге дейін саудаланды, тауық етінің бір килограмы 800 теңгені құрады.

Шал ақын ауданы Повозочное ауылдық округінің әкімі Айдархан Қабдуллин өздерінің саудаға 150 килограмм ірі қара етін, сонымен қатар, сарымай, ірімшік әкелгендерін айтты. Бір жарым сағаттың ішінде тауарларының дені сатылып кеткен.

– Біз осы жолғы жәрмеңкеге 8 қой, 1 ірі қара мен шошқа және құс етін әкелдік. Үйрек етінің килограмын 900 теңгеден саттық. 30 үйрек әкеп едік, жиырмасы сатылды. Ірімшікті – 450, сарымайды – 950, жұмыртқаны – 215, сүтті 110 теңгеден сатып бітірдік, – дейді Айыртау ауданынан келген Ержан Ақназаров.

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов әр базардағы ет өнімдері мен жеміс-көкөністің бағасына назар аударды. Сонымен қатар, тауар өндірушілермен және қала тұрғындарымен азық-түліктің сапасы мен бағасы жайында әңгімелесті.

Өңір басшысы одан кейін ат басын “Низкоцен” сауда орталығына бұрды. Бұл сауда үйінде тауарлардың 70 пайызын қазақстандық тауарлар құрайды. Онда 8 мыңға жуық өнім түрі қойылған.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp