«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАМАНҒА ЛАЙЫҚ ҚАДАМ

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында ұсынған қазақ тілі әріптерін кириллицадан біртіндеп латын әліпбиіне көшіру туралы тапсырмасы халық талқысына түскен болатын. Қазанның 26-шы жұлдызында Елбасы латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін бекіту туралы Жарлыққа қол қойды.

Тіл тарихына үңілсек, латын әліпбиі – көне және халықаралық алфавит. Онымен ағылшындар, италиялықтар, француздар, немістер жазады. Кеңес одағы кезінде түркі тілінде сөйлейтін халықтардың арасынан шыққан көрнекті ғалым Н.Нариманов араб алфавитінен жалпы түркіге ортақ жаңа алфавитке көшу қажеттігі жайында ұсыныс жасаған болатын. Бұл мәселе жөнінде Қазақстан ғалымдары бас қосып, латын алфавиті 1928-1929 жылдары Қазақстанда, Әзірбайжанда, Өзбекстанда, Татарстанда кеңінен қолданыла бастады. 1929-1939 жылдары Қазақстанда жаңа алфавитке көшу жазба мәдениетіміздің белгілі бір тарихи кезеңі болды.

Әліпби тартысы 1924-1926 жылдары толассыз жүрді. Латын қарпіне көшу мәселесі күн тәртібінің шешуші мәселесі болған съезд де өтті. Тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы, белгілі қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлов және басқалар осы тақырып бойынша пікір алмасты. Нәзір Төреқұлов Қазақстанның латын әліпбиіне көшуін қолдап, бұл жазу қазаққа техникалық жағынан болсын, саяси жағынан болсын өте тиімді, әріп санының аздығы оны үйренетін адамға өте жеңіл болатынын айтты. Ол латын әліппесін үйретуде немістік әріп үйрету тәсілін пайдалануды ұсынып: “Қазақ мәдениетіне де, тіліне де латын әрпінен келетін зиян да, кемшіліктер де жоқ”, – деп батыл болжам жасаған. Оның айтқаны келіп, ғасырға жуық уақыт өткен соң еліміз бұл мәселеге қайта оралды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек деген еді. Елімізде бұл жобаға дайындық жұмыстары жүргізіліп келді. “Келісіп пішілген тон келте болмас” дегендей, көпшілікті қатыстыра отырып, елде осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп, пікірлер айтылды. Латыншаға көшудің терең мағынасы бар. Кириллицаны әлемнің 12 елі қолданса, латын әрпін жүздеген мемлекет қолданып отыр. Компьютер де, телефон да, техника да латынша. Қазіргі қазақ әріптері әлемдік бәсекеге төтеп бере алмай отыр. Жан-жақты білімді, білікті, іскер деген мамандарымыз қазақ алфавитіне келгенде шорқақ екені шындық. Олар үшін латын әрпімен жазу дұрыс болары сөзсіз.

Латын әрпіне көшу жобасы оңай жұмыс емес. Осы жобадан туындап отырған “Қазақ тіліндегі жүз жаңа оқулық” жобасының білім қуған жастарға берері мол, пайдасының зор екені даусыз. Бұл жоба нәтижесі арқылы тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша білім нәрімен сусындап жатқан жастарға жан-жақты, әлемдік деңгейдегі білім беруге болады. Тек осы оқулықтарды дайындау сапалы жүргізілсе болғаны. Әлемдегі ең үздік жүз оқулықты қазақ тіліне аудару арқылы еліміздің білім ордаларында жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы оқулықтар негізінде білім беріледі. Елбасы айтқандай, бұл білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлауға мүмкіндік бермек.

Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алғанына 30 жылға жуық уақыт өтсе де, қанатын кеңге жайып кетпегені баршаға мәлім. Ал тіліміз әлемге танымал алфавитке көшу арқылы қанатын кеңге жаяды, бәсекеге қабілеті артып, ел игілігіне қызмет етеді.

Зейнеп ТӘНІБАЕВА,

ардагер ұстаз.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp