«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАМАН ТАЛАБЫМЕН ҮНДЕС

“Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” Жолдауында Президентіміз елдің ертеңі бүгінгі ұрпақтың қолында екендігін айтты. Бүгінде білімге құштар, талапты жастарға еліміздің іргелі жоғары оқу орындарында немесе шетелдің тәжірибелі білім ошақтарында оқуға мүмкіндік зор. Еліміздің түкпір-түкпірінде 20 Назарбаев Зияткерлік мектебінің ашылуы білім саласын нығайтуға деген ұлт жоспары болды.

Сондай-ақ, биылғы Жолдау білім саласының қызметкерлерінің көңілін көтеріп тастады. Алдағы жылдан бастап ұстаздардың еңбекақысы 29 пайызға дейін өспек. Әрине, бұл шәкірт тәрбиесімен айналысып жүрген ұстаздардың ауыр еңбегін бағалаудың бір көрінісі.

Еңбекақыны өсіре отырып, Үкімет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындауда. 2017 жылдан бастап жаңа жоба – “Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім” бағдарламасы қолға алынбақ. Елбасы бүгінгі жастарға білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді бол деп өсиет айтады. Жастарды еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын меңгеруге шақырады. Шындығында, бүгінде мамандық таңдауда қателесіп, ертеңгі күні жұмыс таба алмай, сергелдеңге түсіп жүрген жастар көп. Осы олқылықтардың жолын кесу үшін жастарға дұрыс бағыт беруіміз керек. Бұл мәселе ұстаздарға да байланысты. Жақсы ұстаз алдында отырған әр оқушының неге қабілетті, неге шамасы жететінін жақсы біледі. Сондықтан шәкірттеріне дұрыс бағыт-бағдар беру ұстазға міндет.

Ақсу орта мектебі – тарихы терең білім ошағы. Бұл шаңырақтан түлеп ұшқан жастардың ішінен қаншама айтулы азаматтар шықты. Мектебіміз жылдан-жылға жақсы жетістіктерге ие болуда. Оқушыларымыз аудандық, облыстық сайыстарға қатысып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде. Соңғы жетістігіміз – жас жеткіншектердің шығармашылығы мен зерттеу жұмыстарының 3 облыстық байқауында “Менің Отаным” және “Ақ қайыңдар алқасында” аталымдары бойынша екі шәкіртіміз 1-ші орынға ие болды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында еліміздің ертеңін ойлап, экономикамызды, мемлекетімізді және қоғамымызды нығайту үшін атқарылуға тиісті негізгі шараларды алға тартты. Бұл құжатта айтылған әр бағыт әр қазақстандықтан зор жауапкершілікті талап етеді.

Ләйла СМАИЛОВА,

Ақсу негізгі мектебінің мұғалімі.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp