«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАУЫТТАҒЫ ТӘЛІМГЕРЛЕР

«С.Киров атындағы зауыт» АҚ-ның бірнеше қызметкері облыстық кәсіпкерлер палатасында арнайы білім алып, сертификатталған тәлімгер атанды. Бұл кәсіпорын өңір колледждерімен дуалды оқыту бойынша бұрыннан тығыз әрі нәтижелі ынтымақтастық орнатып келеді. Кадрлар даярлау сапасын жаңа деңгейге көтеру мақсатында зауыт 11 маманын кәсіпкерлер палатасының тәлімгерлік мектебіне жіберді.

Болашақ тәлімгерлерге палатаның адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы, мультипликатор Ирина Торопова жетекшілік етті. Бағдарлама аясында зауыт қызметкерлері негізгі нормативтік-құқықтық актілерді, тәлімгерліктің мақсаттары мен құралдарын, шәкірттерді ынталандыру әдістерін, жүйелі өндірістік нұсқаулық жүргізу тәсілдерін, тиімді коммуникация жолдарын және басқа да маңызды бағыттарды меңгерді.

– Бұл жай ғана оқыту емес, бұл – стратегиялық қадам. Республикалық «Кәсіби маман» байқауы қарсаңында тәлімгер сертификатын алу – С.Киров атындағы зауыт қызметкерлеріне «Кәсіпорынның үздік тәлімгері» аталымында жеңіске жетуге қосымша мүмкіндік береді. Зауыт бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, «Атамекен» ҰКП жариялаған байқауға белсенді қатысады деп үміттенемін, – дейді Ирина Торопова.

Кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің пікірінше, мұндай бастамалар бизнес пен білім беру арасындағы байланысты нығайтып, өңірімізде жоғары білікті жұмысшы кадрларды сапалы даярлауға ықпал етеді.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp