«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАЯ КЕТКЕН УАҚЫТ

 

Бірде ауылдан қалаға келген кейуана самсаған дүниені көзімен барлап шығып: “Мынау базарда құмырсқаның көйлегі ғана жоқ екен. Одан басқаның бәрі бар” депті. Шынымен де, бүгінгі күні құстың сүтінен басқасын сатып алуға болады. Бір қызығы молшылықта өмір сүріп жатса да, адамдардың қабақтары қату, жүздері жабырқау. Сонда пенде жүрегі нені аңсайды, нені қорек етеді? Жалпы, баршылық адамзатқа не беруде? Осы сауалға жауап іздеп көрейікші. 

Барша ризықтардың иесі – Алла тағала! Дүние-байлық біреуге аз, біреуге көп беріледі, ал енді біреуге жеңіл не ауыр жолмен келеді. Адам дүниеге өнерімен немесе адал еңбегімен, арам ниетімен де, білектің күшімен де қол жеткізеді. Тоқ етерін айтқанда, не тілімен, не зілімен табады. 

Азаттықтың таңы атқанына міне, отыз жылға жуықтапты. Әрине, әлеуметтік-экономикалық жетістіктерімізді ылайым мақтан тұтып жүреміз. Алайда, халықтың рухани деңгейі туралы сөз қозғағанда, жер шұқып қалмаймыз ба? Рухани әлеміміз ортайып қалғаны ащы да болса, бұл шындық. Ал біздің жолымызды ғаламтор, әлеуметтік желі бөгеп отыр десек, еш қателеспейтін шығармыз. Иә, оның пайдасынан зияны көбірек. Бір қызығы, желіге байланған жылқылардай, қолдары сәл қалт етсе, кез келген отбасы бүкіл тайлы-тұяғымен ұялы телефонға шұқшиып, алтын уақыттарын сарп етеді. Тіпті, бірін-бірі аңдыған мысық пен тышқанның алаңындай. Туыс-туған, көрші-қолаң, жекжат-жұрағат, абысын-ажын, таныс-біліс, құрбы-құрдас, басшы-жұмысшы, тағысын тағылардың жиырма төрт сағаттық ғұмыры зерттелетін жер. Ең сорақысы, ғайбат пен күнәнің ортасы. Ал ондағы пікірлер ақ ит пен көк иттің майданы. Тіптен қынжылтатыны, көпшілік өмірлік бақытын отбасынан емес, сол ғаламтордан іздейді. Қазіргі таңда дастарқан басында бұрынғыдай бір-бірімен шүйіркелесіп отырған анасы мен қызын, әкесі мен ұлын көрмейміз.
Ата-бабаларымыз өз әулетіне ерекше мән берген. Бір-бірінің жүзін көріп, қабағын тану үшін дастарқан басына жиналып, әңгіме-дүкен құрған. Ал бүгінгі күні отбасылық құндылықтардан қол үзіп қалдық. Жас ұрпақты ұялы телефон тәрбиелеп жатыр. Тіпті, балалар ата-анасының бір ауыз сөзін көтере алмайтын күйге жетті. Ұрпақ тәрбиесін уыстан шығарып алдық. Ал ертеңгі күніміз бұдан бетер сорақы болмасына кім кепіл?
Тағы бір айтайын дегенім, адамдар мақтаншылыққа бой алдырған. Төле би кейінгілерге “дүние-малыңмен мақтанба” деп өсиет айтқан екен. Бұл оның сол заманның бір батыры алтын пышағын жұртқа көрсетіп, мақтанғанда айтқаны екен. Әрине, жұрттың бәрі бірдей бай-қуатты болып, жұрттан озып жатқан жоқ. Тіпті, өркениеттен кенже қалған ауылдар қаншама?! Адал асын маңдай термен тауып отырған отбасылар аз емес. Сондықтан әсіре мақтаншылық мәдениетсіздіктің көрінісі дер едім.
Қазір мінген көлігін, сыйға алған гүлін, сатып алған шүберегін елдің алдына шығарып “Менің тапқан дүнием, жеткен шыңым осы” деп, әлеуметтік желіні ұршықша үйіріп отырғандар саны жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап кеткен. Біреудің жиған-терген дүниесіне жамандық тілеуден аулақпын. Алайда, бұл істері өзгелерге үлгі ме, әлде күлкі ме? Ол біреуге қуаныш па, әлде қайғы ма? Бұдан кімнің көңілі тасыды, кімнің жүрегі жасыды? Осы жағын неге ойламайды? Мұндай жақсылықтарға тұрмысы төмен отбасылар да қол жеткізгісі келеді. Оларға Алла бермеді, мүмкін сынағы болар. Біле білсеңіздер, бұдан жүректер кірлеуде, қызғаныш пен көреалмаушылық орын алып, тағдырлар толқуда.
“Менің де қызым қымбат көйлек кисе екен” немесе “Менің де ұлым көлік мінсе екен” деген ойлар шаңырақтарға ойран салуда. Яғни, әйелі күйеуінің, күйеуі болса әйелінің кемістіктерін беттеріне басып, жанжал шығарады. Қадірсіз дүниеге бола шаңырақтың шырқы бұзылып, қаншама отбасы жамандыққа бет алуда. Осындай жағдайларға себепкер болу кімге абырой әкеледі? Ендеше, ешбір жанның көңіліне көлеңке болмаған жөн. Бұған дін шариғаты немесе үлкен даналық қажет емес. Жүректе уыстай иман, Құдай берген сәл сана болса жеткілікті.
Дүниесін мақтан ету, онымен елдің алдында даралану – мейірімсіздік, қадірсіздік, мәдениетсіздік. Шариғат шартында бұған тыйым салынған Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз қызыл сары киім киюді және тәкаппарлықпен елден оқшауланып, өзін көпшіліктен артық санауды шайтан істері екендігін меңзеген. Халқымыздың “Жаман жегенін айтады” дегендей, имам Ғазали (р.ғ) “Адам ішкен-жегенімен мақтанса, ол адамның құны сол тағамнан шығатын нәрсеге тең” дегені бар. Мүмкін осындай еліктеу, адами қасиеттің жоғалуы, шынайы жүректердің қараюы, түкке дарымай қадірсіз болуы, басына қайғы-қасірет алып келуі, құнсыз дүниенің шарықтап кетуі қиямет белгілерінен болар. Десек те, мақтану жаман әдет.

Нұрлан БАЙЖІГІТҰЛЫ,
дінтанушы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp