«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАҢДА САЙЛАУШЫЛАРДЫҢ ТІЛЕГІ ЕСКЕРІЛУІ ТИІС

 

Заң халық үшін жасалады. Сондықтан Парламентке түскен әрбір заң алдымен қазақстандықтардың талқысынан өтіп, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары ескеріліп барып қана қабылдануы керек. Жер туралы заңға енгізілген өзгерістердің, бүгінде қызу талқыланып жатқан уақытша тіркеу туралы талаптардың мәні мен маңызы қарапайым халыққа дұрыс түсіндірілмегендіктен, тұрғындар арасында негізсіз алаңдаушылық орын алды. Бұл жайында облыс активімен кездескен Сенат және Мәжіліс депутаттары мәлімдеді.

Қаңтардың 4-інен бастап қос палата депутаттары ауыл-аймақты аралап, сайлаушыларын атқарған жұмыстары жөнінде хабардар етуде. Біздің облысқа Сенат депутаттары Серік Біләлов пен Ольга Перепечина, Мәжіліс депутаттары Мәулен Әшімбаев, Қуаныш Сұлтанов, Мұрат Теміржанов, Сергей Звольский және Петр Шарапаев ат басын бұрыпты. Халық қалаулыларының облыс активімен кездесуін ашқан өңір басшысы Ерік Сұлтанов жиналғандарды өткен жылы аймақта атқарылған жұмыстармен қысқаша таныстырып, алда тұрған ауқымды міндеттерді атап өтті.

– Еліміз Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде толағай табыстарға жетті. 2017 жылды Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде бастады. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған сарабдал саясаттың жемісі, бейбітшілік ұстанымын ту еткен елімізді әлемнің мойындауы. “100 нақты қадам” Ұлт жоспары – жаһанды шарпыған қаржы дағдарысынан елді аман алып шығар бірден-бір дұрыс жол. Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде өткен жылы мектептер, балабақшалар мен жаңа өндіріс орындарын аштық. Президент тұсауын кескен Тайынша ауданындағы май зауытының облыс экономикасы үшін маңызы зор. Аграрлы аймақ диқандары рекордтық өнім жинап, қамбаға 5,7 миллион тонна астық құйды. Алдымызда өңірге инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту, жаңа өндіріс құру арқылы жұмыс орындарын ашу сияқты міндеттер тұр, – деді облыс әкімі.

“100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асыру бағытында Парламент ондаған жаңа заңдар қабылдап, бұрын қабылданғандарына өзгерістер енгізгендігі жайында жиналғандарды Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев құлағдар етті. Әлем халқын үрейлендіріп отырған лаңкестік Қазақстанды да айналып өтпеді. Ақтөбе мен Алматыда болған қанды оқиғалар қаперсіз отыруға болмайтынын тағы бір дәлелдеді. Сондықтан депутаттар лаңкестік пен экстремизмнің алдын алу үшін заң талаптарын күшейтуге мәжбүр болған.

– Елбасының тапсырмасымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірнеше заңға өзгерістер енгізілді. Өкінішке қарай, Сириядағы соғыста лаңкестер сапында біздің елдің де 450-500 адамы жүргендігі жайлы ақпарат бар. Күні ертең олар елге оралуы мүмкін, жалпы Сириядан қашқан лаңкестер жасырынып, Қазақстан шекарасынан асуы ғажап емес. Сондықтан заң талаптары күшейтілді. Ел ішінде қаруды сату мен сатып алу талаптары қатайтылды. Қару сататын дүкендер тұрғын үйдің төменгі қабаттарынан, сауда үйлерінен аластатылды. Оқтаулы, яғни атуға дайын күйінде сатуға болмайды, – деді Мәулен Сағатханұлы. Мәжілісмен азаматтарды міндетті түрде тіркеу туралы талап та қазақстандықтардың қауіпсіздігі үшін қабылданғанын айтты. Өкінішке қарай, атқарушы органдар, Ішкі істер министрлігі, Халыққа қызмет көрсету орталықтары түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізбеуі себепті халық арасында дүрбелең туындаған.

– Тіркеуді міндеттеудің екі себебі бар. Біріншіден, ол азаматтардың қауіпсіздігіне қатысты. Ал екіншіден, әрбір елді мекенде нақты қанша адам тұрып жатқанын билік білуі керек. Сол бойынша жоспар құрып, қаржы бөлініп, жұмыс жасалады. Бүгінде ауылдан қалаға көшушілер көп. Тіркеуі болмағандықтан, олар балаларын мектеп пен балабақшаға беруде, медициналық көмек алуда қиындықтарға кездесуде. Бұрын тіркелетін үй таппай қиналатын, ал енді оларды жалдап тұрып жатқан пәтерлердің иелері тіркеуге қоюға міндетті, – деді депутат.

Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысының ел экономикасын нығайтудағы маңыздылығына тоқталды. Астық өсірумен қатар, өндіріс саласы да жақсы дамыған. Халық қалаулысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың соңғы рет теріскейге келген сапарында өңірдің даму қарқынына жоғары бағасын беріп, облыс әкімі Ерік Сұлтановқа зор сенім артылып отырғанын айтқаны атқарылған жұмыс пен ұстанған бағыттың дұрыс екенін білдіретінін жеткізді.

Өңірімізден сайланған Мәжіліс депутаты Сергей Звольский ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша алда тұрған міндеттерді тізіп берді. Соның ішінде 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның маңызы зор екенін айтты. Ал бұған дейін қабылданған “Агробизнес – 2020” бағдарламасы, жүзеге асыру барысында кейбір негізгі көрсеткіштерге қол жеткізілмегендіктен, тоқтатылған.

– Жаңа бағдарлама егін шаруашылығында өнімділікті – 40, ал мал шаруашылығында 60 пайызға арттыруды көздейді. Субсидия беру ашық жүргізілуі және қолжетімді болуы керек. Өкінішке қарай, қазір ауылдағы кей шаруалар мемлекеттің қолдау қаржысын қалай алуды да білмейді. Осы тұрғыда жұмысты жандандыруымыз қажет, – деді Сергей Звольский.

Жиында Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Құдайберген Қалиев пен “Солтүстік Қазақстан облысы автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы Галина Семенова сөз алып, өңірде болып жатқан оң өзгерістерге халықтың көңілі толатынын хабарлады. Мысалы, былтыр күзде Тайынша қаласында, Новоишимка мен Бәйтерек ауылдарында қазақ тілінде сабақ беретін үш жаңа мектеп салынып, облыста үш ауысымда оқу мәселесі түбегейлі шешілгендігін жеткізді. Апаттық жағдайда тұрған білім ордалары қазір жоқ.

Кездесу соңында депутаттар жиналғандардың сауалдарына жауап беріп, қойын дәптерлеріне түртіп алған кейбір мәселелерді Үкіметке жеткізетіндіктерін айтты. Соның ішінде, Петропавлдағы кезінде қару-жарақ шығарған зауыттардың әлеуетін қорғаныс өндірісін дамытуда пайдалану қажеттігі сөз болды. Петропавл ауыр машина жасау зауыты сынды кәсіпорындардың мүмкіндігі зор, білікті мамандар да жеткілікті. Сондықтан мемлекет тарапынан қолдау болуы қажет деді депутаттар.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp