Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі биылғы жылы атқарылған іс-шаралардың қорытындысын шығарды.
Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі жұмыс істеген уақыттан бері өткізілген 20 отырыста 59 мәселе қаралып, оның 45-і оң шешімін тапқан. Ал үстіміздегі жылы қиындықтарға тап болған он екі бизнес өкіліне қолдау көрсетілді.
Жыл бойы атқарылған жұмыс жайында кеңестің төрайымы Инесса Қуанова баяндады.
– Біздің мемлекетімізде кәсіпкерлер қолдау мен қорғауға алынған. Мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам институты бизнестің өркендеуі мен еліміздің экономикасын дамытуға ерекше күш салуда. Жыл басынан бері кәсіпкерлер палатасына түскен өтініш-тілектің басым бөлігі бизнесті қорғау мәселесіне қатысты болды. Бүгінгі күні 34 өтініш-тілектің 16-сының нақты шешімі табылды. Әкімшілік кедергілерге қатысты 18 мәселе қарастырылып, оның бірқатары шешілді. Ал шешілмегені республикалық мәселелер тізіліміне енгізілді, – деді ол.
Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиевтің айтуынша, биыл кәсіпкерлер палатасына бизнес қауымдастық өкілдерінің құқығын қорғауға қатысты түрлі құқық бұзушылықтар бойынша кәсіпкерлерден 3500 өтініш түскен. Бизнес өкілдерінің құқығын қорғау бойынша түскен 344 өтініштің 293-і кәсіпкерлердің пайдасына шешіліп, 380 млн. теңге шығынға батқан кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының жұмыс топтары бизнес өкілдерін қорғауда стратегиялық серігі болып табылатын прокуратура органдарымен өзара тығыз қарым-қатынас орнатқан. Қазіргі таңда қадағалау органдары тарапынан кәсіпкерлерге қысымды азайту, әкімшілік кедергілерді болдырмау және бизнесті жаппай дамыту бойынша шаралар қолға алынуда. Атап айтқанда, прокурорлық әрекет ету шаралары жүргізіліп, “Прокурор кабинеті” тәжірибесі енгізілген. Сондай-ақ, төрт салалық сараптамалық кеңес жұмысын бастады. Жалпы 312 нормативтік-құқықтық актіге сараптама жүргізілді. Осындай жұмыстар қалалық және аудандық деңгейдегі палата филиалдарында да қолға алынған.
Отырыс барысында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің мүшелері “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.
Динара БЕКТҰРОВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының
баспасөз хатшысы.