«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗЕЙНЕТКЕРЛІК ЖАРНА ТЕТІКТЕРІ

Зейнетақы және оның жинақталу барысы туралы оқырмандардың көкейінде жиі туындайтын сауалдарға “Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ облыстық филиалының директоры Рамазан Мұқанов жауап береді.

– Бұрын зейнетақы қорындағы жинағымнан үзінді көшірмені пошта арқылы алып тұратын едім. Басқа үйге көшіп кеткелі ол үдерістен қол үзіп қалдым. Енді жинақтарым туралы ақпаратты қалай аламын? “Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ-ның кеңсесіне қайта-қайта бара бермес үшін не істеуім керек?

– Сіз БЖЗҚ-ға жаңа мекенжайыңыз туралы хабарламағансыз, сондықтан өзіңіздің жеке зейнетақы шотыңыздың жай-күйі туралы жыл сайын берілетін үзінді көшірмені ала алмадыңыз. Енді Сізге БЖЗҚ кеңсесіне бір рет келіп, өз деректемелеріңізді түзетуге не хабарлау тәсілін өзгертуге кеңес береміз. Бүгінде зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы хабарлама алудың бірнеше жолы бар. Сіз өзіңіз үшін ыңғайлы тәсілді таңдап ала аласыз. Салымшының жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініште немесе жеке келісімде көрсетілген электронды мекенжайға хабарлама келеді. Ақпарат алудың ең жылдам тәсілі – www.enpf.kz сайтындағы “Интернет-үзінді көшірме” бөлімі арқылы ақпарат алу. Электрондық цифрлық қолтаңбаңыз болса немесе логин мен пароліңізді тіркей отырып, үйден шықпай-ақ шотыңызды тексеріп, жұмыс берушіден түсетін түсімдерді бақылай аласыз. Сондай-ақ, мамандарымыздың смартфондар мен планшеттерге арнап әзірлеген ENPF ұялы қосымшасын да пайдалана аласыз. Жинақтарыңыз туралы ақпаратты egov.kz “Электрондық үкімет” порталы арқылы да алуға мүмкіндігіңіз бар. Қызмет “Азаматтар” санатындағы “Әлеуметтік қамтамасыз ету” айдарының “Зейнетақымен қамсыздандыру” бөлімінде қолжетімді. Оны алу үшін электрондық цифрлық қолтаңба керек және “Электрондық үкімет” порталына тіркелесіз. БЖЗҚ мамандарынан өздері келіп ақпарат алғысы келетін адамдар үшін республикамыздың барлық жерлерінде 232 қызмет көрсету орталығы ашылды. Бұрынғыдай зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта немесе жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініште көрсетілген мекенжайға пошта арқылы хабарлама жіберу тәсілі әлі күнге қолданылып келеді.

– Мен мүгедекпін, БЖЗҚ-да жинақтарым бар, зейнетақыны қалай ресімдеуге болады? Бөлімшеге баруға мүмкіндігім жоқ.

– БЖЗҚ-да қызметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында былтырғы жылдан бері салымшылардың өздеріне барып, қызмет көрсететін жоба қолданысқа енді. Ондағы мақсат – халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету, мүгедектерге ақпараттық кеңес беру арқылы көмек беру, сондай-ақ, салымшыларға БЖЗҚ кеңселерінен тыс жерлерде зейнетақы қызметтерін тиімді көрсету. Басқа сөзбен айтқанда, қандай да бір себептермен, мысалы, денсаулығына байланысты БЖЗҚ-ға келе алмайтын адамдарға қордың қызметкерлері өздері барып қызмет көрсетеді. БЖЗҚ-ның мүмкіндігі шектеулі салымшылар жөніндегі мәліметтерді “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕАҚ-ның филиалы “Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы” дирекциясының деректері негізінде олармен жасалған ақпарат алмасу туралы шарты бар. Сондай-ақ, БЖЗҚ 2015 жылғы шілдедегі жағдай бойынша әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы деректерінің негізінде төлемдер алуға құқылы, бірақ қорға келіп өтініш білдірмегендердің әлеуметтік осал топтарының тізімін алды. Бұған қоса, таяуда 1418 байланыс орталығы немесе www.enpf.kz сайты арқылы мүмкіндігі шектеулі салымшыларға, режімдік және ерекше күзетілетін нысандардағы адамдарға барып, қызмет көрсету үшін өтініштер қабылдау қызметін енгізуді жоспарлап отыр.

– Зейнеткер зайыбымның қайтыс болуына байланысты оның жинақтарын алуыма бола ма? Оның рәсімі және мерзімі қандай?

– Міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтарын заңнамада белгіленген тәртіппен мұраға алуға болады әрі олар өсиет бойынша да, заң бойынша да мұраға қалдырылады. Оны алу үшін мұрагер өзі не пошта байланысы арқылы не сенім білдірілген тұлғасы арқылы БЖЗҚ-ның кез келген кеңсесіне барып, өтініш білдіреді. Өтінішпен бірге құжаттардың түпнұсқаларын немесе олардың нотариалды түрде куәландырылған көшірмелерін береді. Құжаттардың тізімін қордың www. enpf.kz сайтының “Қызметтер” – “Алушыларға” – “Зейнетақы төлемдерін ресімдеу тәртібі” – “Алушының қайтыс болуына байланысты төлемдер” бөлімдеріне өте отырып, қарайсыз. Мұраны алу үшін қалдырушы қайтыс болған күннен бастап алты ай уақыт белгіленетінін ескерген жөн. Мерзімін өткізіп алсаңыз, оны сот арқылы қалпына келтіруге болады. Мұрагерлерге зейнетақы жинақтары зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініште көрсеткен банк шотына аударылады. Құжаттар қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде мұрагерлерге зейнетақы төлемдері беріледі.

Сондай-ақ, зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған тұлғаға БЖЗҚ-дан сол жылға белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшерінде біржолғы төлем жасалады. Бірақ ол төлем жеке зейнетақы шотындағы қаражаттан асырылмайды. Біржолғы төлем жасалғаннан кейін алушының жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен зейнетақы мөлшерінен аспайтын соманы құраған жағдайда осы қалдық жерлеуге арналған біржолғы төлем сомасына қосылады.

– Зейнетақы қаражаты қайда инвестицияланады?

– “Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы” Заңға сәйкес “БЖЗҚ” АҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі жүзеге асырады. Ұлттық банк пен БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқару туралы шартын 2013 жылдың 26 тамызында жасаған болатын. Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясына (ҚРҰБ Басқармасының 2016 жылғы 18 наурыздағы №86 қаулысымен бекітілген) сәйкес зейнетақы активтеріне қатысты инвестициялық шешімдер шығарады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Бүгінгі таңда зейнетақы активтері мемлекеттік бағалы қағаздарға, квазимемлекеттік сектордың “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ, “Бәйтерек” ҰБХ” АҚ, “ҚазАгро” ҰБХ” АҚ және олардың еншілес компаниялары: “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ, “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ секілді және т.б. компаниялардың бағалы қағаздарына инвестицияланады, екінші деңгейдегі банктердің конкурстық негізде ашылған депозиттеріне, сондай-ақ, сенімді шетелдік эмитенттердің құралдарына орналастырылады. Инвестициялық қызмет туралы ақпарат БЖЗҚ-ның www.enpf.kz сайтында (Қор туралы – Инвестициялық қызмет – Зейнетақы активтерінің және инвестициялық порфелінің құрылымы) үздіксіз жарияланып тұрады.

– Зейнетақы аннуитеті дегеніміз не?

– Зейнетақы аннуитеті (лат. тілінен алғанда annuus – жыл сайынғы) – БЖЗҚ-дан төленетін төлемдердің баламасы болып келетін жинақтарды алу тәсілі. “Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы” Заңы БЖЗҚ салымшыларына әйелдер – 50 жасқа, ерлер 55 жасқа толғанда жинақтары жеткілікті болған жағдайда зейнетақы жинақтарын пайдалана отырып, өмір бойғы сақтандыру төлемдері туралы сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасауға мүмкіндік береді. 2018 жылдың қаңтарынан бастап әйелдердің зейнетақы аннуитеті шартын жасауға құқылы болатын жасы 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 55 жасқа толғанша жыл сайын жарты жылға біртіндеп көтерілетін болады. Зейнетақы аннуитеті шартын жасау үшін жинақтардың жеткілікті мөлшерін сақтандыру ұйымы есептейді. Бұл ретте заң ережелеріне сәйкес сақтандыру ұйымынан төленетін айлық төлем мөлшері зейнетақы аннуитеті шарты жасалған күні қолданылған ең төмен зейнетақы көлемінен аз болуы мүмкін.

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының “2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заңына сәйкес 25 824 теңге көлемінде ең төмен зейнетақы мөлшері белгіленді. 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен зейнетақы мөлшері 28 148 теңге болады. 2016 жылы зейнетақы аннуитетінің болжамды ең төменгі құны 50 жастағы әйелдер үшін – 8,6 млн. теңге, ерлер үшін 6,1 млн. теңге болды.

Дайындаған Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp