«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗЕРТТЕУ ЖАЛҒАСУДА

Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің мұғалімдері әр оқушыны дара тұлға деп танып, олардың бойына оқып үйренсем деген ізденімпаздық қасиетті дарытуда.

Мектепте оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай бастауыш және орта буын арасында “Зерде” зерттеу жұмыстары, жоғары сыныптарда “Ғылыми жобалар” сайыстары өткізіледі.

Болашақ жастарды ғылымның түрлі ғажайыптарын ашуға үйрету мақсатында 2010 жылдан бері оқушылармен түрлі тақырыптарда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келемін. Жалпы, жұмыс теориялық және тәжірибелік бөлімнен тұрады. Теориялық бөлімде негізгі мәліметтер берілсе, ал тәжірибелік бөлімде зерттеу жұмыстарының қорытындылары келтіріледі. Жұмыс өте тиянақты жазылып, әр бөлімде нақты мәліметтер мен мысалдар келтірілуі және оның жоғары деңгейде дұрыс зерттелуі қажет.

Ғылыми жобалар сайысына қатысқан “Жанар-жағармайдың сапасын диэлектрометрик әдісі арқылы анықтау”, “Никель (ІІ) катионын фотометрик әдіспен зерттеу”, “Аминоқосылыстардың негізінде суда еритін ингибиторларды синтездеу” тақырыптарындағы жұмыстар қала, облыс, республика көлемінде сынға түсіп, жүлделі орындарға ие болды. “Алоэ өсімдігінің емдік қасиеттері мен ерекшеліктері” атты “Зерде” зерттеу жұмысы республикада жеңімпаз атанды.

Осы бағыттағы жұмыстар мектебімізде биыл да жалғасуда. Қазір оқушылар он жобаны зерттеу үстінде. Солардың ішінде ең жас ізденуші 2-сынып оқушысы Есболат Ерболатұлын “Асқабақ өсімдігінің емдік қасиеттері” тақырыбы қызықтырып отыр. Жас ғалым асқабақтан түрлі қоспалар жасап шығармақшы. Оның әртүрлі ауруларға қарсы қоспа дайындап, тексерген сынағы сәтті өтті. Мектеп оқушыларының зерттеу әдісіне аса қызығушылық танытуы, жұмыстың тәжірибелік маңызының зор екендігін айғақтайды. Есболат бүгінде пайдалы қоспаларын насихаттаумен қатар, оқушылар арасында сауалнама жүргізіп, пікір жинап жүр. Жұмыс авторы асқабақ өсімдігінің емдік ерекшеліктеріне жан-жақты сипаттама беріп, оны тиімді пайдалану жолдарын көрсетпек.

Айнагүл СӘРСЕМБАЕВА,

Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебі химия пәнінің мұғалімі,

 

жаратылыстану магистрі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp