
– Қытай медицинасына деген қызығушылығыңыз қалай пайда болды?
– Моңғолияда туып, Қазақстанда өсіп, Қытайда білім алдым. Жалпы дәрігер болу – бала кезгі арманым. Мені шығыс медицинасы қатты қызықтырады. Өйткені, бұл медицинада батыстікіндей адам мүшелерін бөле-жара қарамайды. Бұл сала өмір бойы оқуды, ізденуді талап етеді.
– Қандай ауруларды емдейсіздер? Көбіне емделушілер қандай дертпен келеді?
– Бізге көбіне жүйке жүйесі ауруына шалдыққандар келеді. Негізінен, бас, омыртқа, буын аурулары, соққы алған және миы шайқалған, қан қысымы жоғары сырқаттарды емдейміз. Тіпті, инсульт алып, сал болып қалған адамдардың да дертінен айығуына көмектесеміз. Адамның бойында 12 жұп мүше болады, одан 703 емдік нүкте тарайды. Әрқайсысының орны бөлек. Сол нүктелерді дәл тауып, ине салса, адамның бойындағы тепетеңдік қалпына келеді. Осылайша, ағза сауығады. Инемен 300-ге жуық ауру түрлерін емдеуге болады. Бізге келіп қаралған науқастардың 70-80 пайызы дертіне дауа тауып, алғыстарын айтып кетіп жатады.
– Ине қабылдаудың зияны бар ма? Қандай жағдайда инемен емдеу әдісін қолданбаған дұрыс?
– Әрине, кез келген емдеу әдісінің зияны мен пайдасы болады. Инемен емдеудің зиянды тұстары да бар. Бірақ өте аз. Мәселен, қан обыры ауруына шалдыққан адамға, жұқпалы аурумен ауыратындарға, дене қызуы көтерілген және жүкті әйелдерге ине салуға болмайды. Жалпы, адам денесінде ине қоятын арнайы орындар болады. Яғни, қол мен аяқтың терісі қалың болғандықтан, ине қою – қауіпсіз, бірақ терісі жұқа тұстарға анатомияны терең меңгерген адам ғана қоя алады. Бауыр, бүйрек тұсына ине қояр кезде инені қаншалықты салу керектігін өте жақсы меңгеру керек. Сондай-ақ, мойын тұсындағы арнайы нүктелерге де инені терең салуға болмайды. Кейбір ісік ауруларына шалдыққан адамдарға ота қажет болса, инемен емдеудің керегі жоқ. Инемен емдеу – табыс табудың көзі емес, адамды сауықтырудың тәсілі.
– Ақжарқын Дәулетұлы, қазір екінің бірінде остеохондроз дерті бар, осыдан қалай арылуға болады?
– Остеохондроз – жұмсақ тіндердің қатайып, кальцификациялануынан пайда болатын дерт. Қазақта оны мойынға тұз жиналды деп атайды. Көп жағдайда остеохондроздың өзі ауру тудырмайды. Бірақ омыртқаның маңындағы жұмсақ тіндер мен бұлшық еттер қабына бастаған кезде адамда ауырсыну сезімі пайда болады. Негізі ауырсыну осы қабынудан туындайды.
Қазір адамдарда қозғалыс аз, сол себепті мойын остеохондрозы көп. Адамдар көбіне отырып жұмыс атқарады. Сондықтан адамның мойнындағы бұлшық ет созылмалы күйде тұрады. Бірқалыпты ұзақ отыру – қауіпті. Сол себепті сағат сайын арнайы он минут бөліп, мойынды оңға, солға бұру арқылы жаттығу жасап тұрған жөн.
– Сіздер қан алдыру (хиджама) әдісін де қолданады екенсіздер, сол жайында қысқаша айтып кетсеңіз?
– Қан алдырудың пайдалы екенін қазіргі медицина мойындап отыр. Қан алдырып отыру ағза жұмысын жақсартып, денені сергек сезінесің. Сондай-ақ, адамның тері ауруларына, қатерлі ісікке, асқазанға, бүйрекке, көздің көруіне, бастың сақинасына, тілдің күрмелуіне, теміреткіге, іштің кебуіне, қан айналымына, тағы да басқа көптеген ауруларды емдеуде шипасы мол. Қан алынатын 143 нүкте бар. Қанды 20 грамнан 300 грамға дейін аламыз. Қан алдыру арқылы ағзаны токсиндерден, шлактардан тазартамыз. Қан алдырудың еш зияны жоқ.
Әңгімелескен
Айгүл ХАМЗИНА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.